Ел аумағында «Біз біргеміз – «Nur Otan!» челлендж эстафетасын жетісулық белсенділер, партияластар қолдап, пікірлерін білдірді.
Олар өз кезегінде әлеуметтік желіде орналасқан өз суреттеріне «Nur Otan»-ның жеңісі – елдің жеңісі» тақырыбында мәтінді салып, еxit poll нәтижесіне орай 70 пайыздан астам дауыс жинағаны, партияның айқын басымдықпен жеңіске жеткені жайлы жазып, көпшілікпен бөлісті. Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Жөргенбаев әлеуметтік желідегі парақшасына да аталған мәтіндегі суретті салып, қолдау білдірді. – Exit poll-дың алғашқы нәтижесіне сай, «Nur Otan» партиясы басым дауыспен 71,97 % дауыс алып отыр. Бұл қазақстандықтардың көшбасшы партияға үлкен сенім артып отырғанының белгісі деп білемін. Жетісу өңірінде де бұл сайлау жоғары деңгейде өтіп, қатысу деңгейі елімізде алдыңғы қатарда болды. Көшбасшы партия алдағы 5 жылда өз сайлауалды бағдарламасында сан саланы қамтыған бағыттар бойынша жұмыстарды қолға алмақ, нақты іс-шараларды қамтып, нәтижеге жетуді көздейді. Біз біргеміз! – деп атап өтті Ж.Жөргенбаев.Заңбұзушылықтар сайлау процесіне кері әсер еткен жоқ
– Күні кеше өткен сайлауға Кәсіподақтар федерациясы тарапынан да 7 мыңнан астам байқаушы қатысты. Осы бейпартиялық байқау орталығындағы байқаушылардың жұмысына үлес қосып, сараптамалық жұмысты бастап кеттік. Біз де өзіміздің есебімізді дайындаймыз. Осы орайда, Кәсіподақтар федерациясы тарапынан шыққан байқаушыларға, сайлау процесіне үлес қосқан азаматтарға шынайы алғысымызды білдіргіміз келеді. Біздің ойымызша, сайлау заң шеңберінде өтті. Кеше сайлау кезінде азаматтарымыз құқықтық мәдениеті жоғары екенін көрсетті. Сайлау комиссиясы да, байқаушылар да, сайлаушылар да өз жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарады. Бұзушылықтың көбі әлеуметтік желілерде жалған ақпараттардың таралуына қатысты болды. Әлеуметтік желілерде жүздеген жалған ақпарат тарады. Олардың қайдан, қалай, не үшін шыққаны туралы талдау жасап жатырмыз. Жалған ақпараттар азаматтардың өз құқын білмегеннен жасалып жатқан болуы мүмін. Мысалы, бұрын болған немесе біздің елде болмаған әртүрлі оқиғаны кеше ғана және біздің елде болып жатқандай етіп шығарған. Сонымен қатар буллинг те болды. Яғни, сайлау учаскесіндегі кейбір байқаушыға кедергі жасап, орынсыз сұрақ қойып, бейнежазбаға түсіріп, олардың рұқсатынсыз әлеуметтік желіге салған жағдайлар кездесті. Бұл сондай әрекет жасаған азаматтардың құқықтық мәдениеті төмен екенін дәлелдейді. Біздің тарапымыздан бұзушылық аса қатты байқалған жоқ. Бұзушылықтардың 99%-ы сайлау процесіне кері әсерін тигізбейтін, тез арада шешімін табуға болатын қателіктер болды. Мысалы, бір отбасы дауыс беретін кабинкаға бірге кіріп кеткен. Бұл да бұзушылыққа жатады, бірақ ол дауыс беру нәтижесіне айтарлықтай әсер етпейді.Халықтың саяси сауаты артып келеді
– Биылғы сайлаушылардың белсенділігі жоғары, дауыс берушілердің партиялар жөнінде хабардар болып, бағдарламаларымен танысқаны көрініп тұр. Халықтың саяси сауаттылығы артқан. Карантинге байланысты қабылданған санитарлық норма талаптарына да түсіністік танытып жатыр. Бақылаушылар да өз кезегінде сайлаушылармен жылы қарым-қатынас орнатты. Дауыс беру уақытында бақылаушылар мен тұрғындар тарапынан ешқандай шағымдар болмады. Сайлауға түсіп жатқан 5 партияның атынан да бақылаушылар қатысты. Сайлаушыларға барлық жағдай жасалды. №211 cайлау учаскесінде тізімнен белгілі бір себептермен табылмаған жағдайда eGov.kz порталы арқылы мекенжайы бойынша қай сайлау учаскесінен дауыс беретіні нақтыланып, сілтеме жасалды. Біздің учаскеден 11 адам үйден дауыс берді. Сайлаушылардың көңіл күйін көтеру мақсатында мектеп ғимаратында әжелер концерті, ыстық бауырсақ пати ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, сайлауға қатысқан халықтың белсенділігі маған да, өзге байқаушыларға да анық байқалды.Абылайхан ЖҰМАШ