«Шаңырақ» елді шаттыққа бөлей ме?

«Шаңырақ» елді шаттыққа бөлей ме?

«Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында үй кезегінде тұрғандар үшін 25 мыңдай пәтер салынып жатыр. Мұны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті хабарлады. Сонымен бірге жаңа бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірқатар мәселе туындапты.

Баспаналы болғандар күрт көбейді

Ресми мәліметке жүгінсек, 2020 жылы Қазақстанда 15,3 мил­лион шаршы метр тұрғын үй са­лын­ды. Бұл ел тарихындағы ре­корд! Және 2019 жылғы көлемнен 16,8% көп. Әрине, әр баспананың шаршы метрі әртүрлі екені анық. Мысалы, бір отбасы 1 мың шаршы метрлік кең сарайдай коттеджді жалғыз өзі иеленуі мүмкін. Бұдан елдегі бас­панасыздық мәселесі шешілмесі анық. Сондықтан өткен бір жыл ішінде нақты қанша отбасы қо­ныстойын тойлағанын білу маңызды. 2020 жылы барлығы 140 мың 336 тұрғын үй пайдалану­ға берілген екен, соның ішінде 41 мың 193-і – жеке үй. Сөйтіп, нақты сандық көрсеткіші де 2019 жылғыдан 21,8%-ға өсті. 2020 жылы тұрғын үй құрылы­сы­на шамамен 2 триллион теңге­дей инвестиция құйылды. Бұл 2019 жылғы деңгейден 33,6%-ға жоғары. Бұл қарқын биыл да ға­ламат өсуі ғажап емес: 1 мил­лион­дай аза­мат БЖЗҚ-дағы жинағын ба­с­па­на сатып алуға жұмсау мүм­кіндігін иеленбек.

Бастамаға қанша млрд құйылды?

Өткен жылдан бастап Пре­зи­­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда «5-10-20» бағдарламасы өмірге жолдама алды. Оған «Шаңырақ» деген атау берілді. Оны жүзеге асыратын оператор – «Отбасы банкі» (Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі). Тұтастай алғанда, мембағ­дарла­­маны қаржыландыруға 390 мил­­­лиард теңге жұмсалмақ. Негізгі бөлігі биыл игеріледі деп күтілуде. – 2020 жылы «Шаңырақ» пилоттық жобасын жүзеге асыруға бюджеттен 210 миллиард теңге бөлінді. Оның алғашқы бөлігі – 90 миллиард теңгесі Тұрғын үй құ­­рылыс жинақ банкіне түсті. Бағ­дарлама аясында жылдық став­касы 5% (тиімді мөлшерлемесі 5,2%) болатын арзан ипотеканы алу үшін азамат әкімдіктегі үй кезегінде тұруы шарт. Сондай-ақ ол несие мөлшерінің 10 пайы­зынан асатын соманы бастапқы жарна ретінде жинауы қажет, – деді «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова. Бұл бағдарламаның қатысу­­шылары екі топқа бөлінді. Бірін­шісіне –әкімдіктердегі үй кезе­гінде 1986 жылдан 2015 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда, ұзақ уақыт бойы тұрғандар кірді. Бұл аза­маттардан өтініш қабылдау аяқ­талған соң, егер банктің «Шаңы­­­рақ» жобасын одан әрі несие­лендіруге қажетті қаражаты болса, бағдарламаның ІІ кезеңіне 2016 жылдан бастап кезекке тұр­ған аза­маттар шақырылуы мүмкін. Мұның сыртында «Шаңырақ» бағдарламасына қатысу үшін соңғы 6 ай ішіндегі отбасының әр мү­шесіне шаққандағы 1 айлық та­­­­­бысы 3,1 күнкөріс шегінен ас­­пауы тиіс. Күнкөріс шегі 2021 жылы 34 302 теңгеге тең. Яғни, үй ке­зегінде тұрған отбасының әр мүшесінің табыс көлемі биыл 106 337 теңгеден аспаса, онда ол «5-10-20» ипоте­касына іліге алады.

Бағдарламаның «керегесі» кең болса...

Мемлекеттік бағдарлама іске қосылған бір жыл ішінде оның кемшіліктері де байқалуда. Осы бағдарлама бойынша тек жаңа салынған үйлерден ғана алуға бо­лады екен. Бұл ретте, кез келген құ­рылыс компаниясын таңдай алмайсыз: бағдарламаға арнап, жергілікті әкімдіктер тұрғызып жатқан кредиттік тұрғын үйден алуыңыз керек, оның сапасы ұна­маса, «Тұрғын үй құрылысына ке­пілдік беру қоры» АҚ кепілдігін алған құрылыс компанияларына ғана жүгіне аласыз. Мұндай компаниялар тізімі «Отбасы банк» сайтында тұр. Алайда 2020 жылғы қарашада аталған қор жойылды: қаптаған квазимемлекеттік ұйымды қыс­қартып, тұрғын үй құры­лысының бірыңғай операторын құру бас­­тамасы аясында бұл қордың үлестік құрылыстың аяқта­латы­нына кепілдік беру жөніндегі фун­к­циялары «Қазақстандық ипо­текалық компанияға» көшті. Азаматтар «Шаңырақ» бойын­­ша пәтер алуға болатын құ­­­­рылыс компанияларының тізі­­мін тек ке­пілдігі барлармен шек­­темей, кеңей­­­туді сұрайды. Мысалы, қай­­­­­­талама нарықтан баспана сатып алуға рұқсат етуді өтінеді. Әйтпесе, осы бағдарлама қолға алынғалы қолында әлгі қордың кепілдігі бол­ған құрылыс компаниялары шар­­шы метр құнын қымбаттатқан. «Біріншіден, бағдарлама іске қосылғалы қор кепілдігіне ие құры­лыс салу­шылар пәтерлерінің ба­ғасын кө­теріп жіберді. Өз қала­сында қол­жетімді баспана таба алмаған «Шаңырақ» қатысу­шы­лары өзге облыстарға, мысалы Петропавл, Көкшетау, Қостанайға көшуге дайын отыр. Тек арзандау пәтер табылса дейді. Екіншіден, бұл бағдарламаға сәйкес, ипо­теканы ала сала оны өтеуге кірісіп, төлем жасай бастауы керек. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында осы несиеге алынған үйлер тек жыл соңында не келесі жылы қол­­­­да­нысқа беріледі. Осы орайда, бағ­дар­­­ламаға қатысушылар – та­­бысы төмен, әлеуметтік аз қам­­тылған отбасылар екенін естен шығармаған жөн. Олар төл үйі болмағандықтан, жалдамалы бас­­панада тұрады. Ендеше олар ипо­­тека төлеміне, сон­дай-ақ бо­­лашақ пәтерінде жөн­­деу жүр­гізуге қо­­сымша ақша тап­­пауы мүм­­­­кін. Өйт­­­­­­кені бар табысы үй жалдауға, отбасын асы­рауға ке­теді», – дейді құзырлы органдарға жазған ха­­­­­тында бағдарлама қаты­сушысы Сәния Ибраева. Тұйықтан шығарар жол ре­­тінде бастамашыл топ ипо­­­теканы тұрғын үй іске қосылып, бо­­­рыш­­кер соған қоныстанғаннан кейін ғана төлей бастауға мүм­­кіндік беруді ұсынады. Қорыта айтқанда, ел Пре­­­­­зи­дентіне, Үкімет мүшелеріне ұжым­дық хат жолдаған баста­­­­­­машыл топ бағдарлама шарттарын қайта қа­рап, біріншіден, құрылыс компа­­ниясына «Тұрғын үй құры­лысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігін алу талабын жоюды, екіншіден, ипотекалық заем төле­мін тұрғын үйді іске қосу актісіне қол қойыл­­ғаннан кейін төлеуге рұқсат етуді ұсынады.

Ұсыныстың ұтымдысы қайсы?

Сарапшылар мен мамандар бұл ұсыныстарды біраздан бері тал­қылауда. Әйтсе де, орындалуы қиын дейді. Мысалы, баспананы кепіл­дігі жоқ құрылыс компа­­нияла­рынан алу мүмкіндігі берілсе, онда бағдар­лама алданған үлес­керлер проб­лемасын өршітуі ық­тимал. ИИДМ Құрылыс және тұр­­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық істері комитетінің төрағасы М.Жайым­­­­­бетовтың мәліметінше, ведомство бастамашыл топтың ұжымдық өтінішін қараған екен. «Несиені тұрғын үй нысаны пай­­далануға берілген соң төлей бастау туралы ұсынысқа қатысты байлам жасамас бұрын тәуе­келдерді қо­сымша талдауымыз қажет», – деді ол. Себебі мұны әкімшілендіру күрделі. Мәселен, «Отбасы банкі» мен бағдарлама қатысушысы ке­­­­­лісімшартқа отырған дата бел­гілі. Ал әр қаладағы әртүрлі құрылыс са­­лушының тұрғын үй кешендері қашан іске қосылатыны беймәлім. Соның сал­дарынан мақұлданған және қаты­­­сушы баспана алуға шы­ғындап қой­ған ипотека бойын­­­­­­­­­­ша төлем төлеу белгісіз мер­­­­­­зімге доға­рылса, бұл мембанкті қиын­дыққа ұшы­­­ра­туы кәдік. Қаржы министр­лігінің ауди­­тор­­­лары мұны заң­бұзушы­лық­қа жат­қызуы ық­тимал. Бағдарламаға қатысушыларды баспана тапшылығынан арылту бағытында белсенді жұмыс жүр­гізілуде. – Жалпы алғанда, «Шаңырақ» жобасын жүзеге асыруға 390 мил­­­лиард теңге жол тартқалы тұр. Со­ның ішінде 180 миллиард тең­­­геге әкімдіктер 15 мыңдай пәтерді салып шығады. Ол тұрғын үйлер­дің құрылысы барлық өңірде жү­руде. Пәтерлердің ең көбі ме­­га­полистер еншісінде: Нұр-Сұл­тан­­­да – 3 828, Алматыда – 3 472, Шым­­­­­­кентте 1 700 пәтерден астам. Басқа өңір­лерде 200-700 пәтер ара­­лы­ғында. Бұған қоса, әкім­­діктер облига­циялық заем аясын­да қар­­жы­ландырылатын 10 мың кре­диттік пәтердің құры­лысын аяқ­­­­тауды жоспарлап отыр. Осы жо­­­­­балардың жүзеге асырылуы үй ке­­­зегіндегі көптеген отбасының қа­­­­­­жеттілігін өтеуге мүмкіндік бе­­ре­­­ді, – деді Мархабат Жайым­­бетов. Сондай-ақ бағдарламаға ар­налған баспана санын арттыру мақсатында оффтейк-контракт ен­гізу ұсынысы қарастырылуда. Оған сай құрылыс компаниялары үй кезегіндегі отбасылар үшін тап­­сырыспен үй салады. Жалпы ал­­ғанда, 2022 жылға дейін бұл ба­­­ғытта барлық әкімдіктің үйге мұқ­таждар тізімінде тұрғандар үшін 17 мыңдай баспана берілуі мүмкін.

Айхан ШӘРІП