Несие қарызы 7 трлн теңгеден асты ал банктер пайдаға кенеліп жатыр
Несие қарызы 7 трлн теңгеден асты ал банктер пайдаға кенеліп жатыр
182
оқылды

Осыдан үш ай бұрын ха­лықтың банк алдында­ғы несие қарызы 6,9 трлн тең­ге болса, жыл соңында 7,36 трлн теңгеге жетті. Осы­лайша, жыл басынан бері не­сие қа­рызы 10,5 пайызға өсіп кетті. Бұл туралы Ұлттық банк төра­ғасы Ерболат Досаев мәлім­деді. Бір қызығы, екінші дең­гейлі банктер пандемияға қарамастан пайдаға кенелді.

Несие қарызы тағы да көбейеді

Халықтың несие қарызы кө­бейсе алаңдауға да, алаңдамауға да болады. Себебі бұл қарыздың өзі екіге бөлінеді. Оның бір бө­лігі – тұтынушылық қарыз, екін­ші бөлігі – ипотекалық қарыз. Ұлт­тық банктің дерегінше, 7,36 трлн теңгенің 4,3 трлн-ы тұтыну­шы­лық қарызды құрайды. Не­сиенің бұл түрі 3,2 пайызға кө­бейіпті. Ал мемлекеттік бағ­дарламаларды іске асыру есе­бінен жасақталған ипо­текалық қарыз 2,3 трлн теңгені құрап, 27,8 пайызға өсті. Біздің болжам бойынша, ха­лықтың несие қарызы тағы да өсуі мүмкін. Себебі алдағы уақыт­та халықтың Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы қаржы­сының бір бөлігін баспана алуға пайдалана бастайды. Бұл бас­па­наға қол жеткізе алмай жүр­гендер үшін үлкен мүмкіндік. Ипотекаға баспана рәсімдеу үшін бастапқы жарна жинай алмай жүргендер осы мүмкіндікті пай­далануға тыры­сады. Сөйтіп, ипотека несиесінің үлесі артады. Жалпы, ипотека қа­рызы белгілі бір мөлшерде эко­номикаға табыс әкеледі. Тұтыну­шылық қарыз да табыс табу үшін беріледі. Алайда тұ­тынушылық несие ал­ғандардың бәрі бірдей несиесін төлеуге қауқарлы емес. Сондықтан ол проблемалық несие көлемін арттырып жібереді. Экономист Айман Тұр­сын­ханның пікірінше, халық тұты­ну­шылық несиені көп жағдайда қай­­­тармаймын деген ниетпен алады. Тұтынушылық несиені екінші дең­гейлі банктер ғана емес, микро­қаржы ұйымдары, лом­­­бардтар мен қаржы пирамидалары да береді. Бұл құрылымдар берген несиесін ал­­ғашқы бірнеше айда-ақ төлетіп, қайтарып алады. Одан кейінгі мерзімде несие алған адам пайыздық ставканы ғана төлеп отырады. Де­­­мек, адам несиесін тө­лей ал­­майтын күйге түскенше, банк берген ақша­сын толық қай­тарып алып, әрі қарай тек пайызын өн­діреді екен. Осы­­лайша, жасырын комиссия мен анниутет төлем­­дерінің есебінен банк қарызды еселетіп қайтарады. Оған заң ба­­рынша мүмкіндік берген: банктер өзіне қарыз адамдардың кез келген есепшотын бұғаттап, ақша өндіре алады.

Банктер пайдаға кенеліп жүр

Елімізде дағдарыстың қай түрі болса да, екінші деңгейлі банктер аман шығады. Пандемия кезінде де қазақстандық банктер табыссыз қалған жоқ. Ranking.kz агенттігінің дерегіне сүйенсек, еліміздегі екінші деңгейлі банктер 669 миллиардтан ­ астам таза пайда тапқан. Бұл ал­дыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда, 33,6% жоғары екен. Соның ішінде Халық банкі ең табысты банк аталып отыр. Бұл банк 2020 жылғы қаңтар-қазанда 254,1 млрд теңге пайда көрген. Екінші орында Kaspi Bank – 187,2 млрд теңге. Егер Kaspi Bank-тің жыл соңындағы Лондон қор биржасындағы табысын ес­керсек, табысты банктердің кө­шін бастауы әбден мүмкін. Ranking.kz-тің зерттеуі қаңтар мен қазан айы­ның арасын қамтығандықтан, екінші орынды місе тұтып тұр. Одан кейінгі орында тұрған Сбербанк былтыр он айда 50,9 млрд теңге пайда көрген. Еліміздегі 26 банктің 23-і 2020 жылды таза пайдамен жауып отыр. Үш банк – Капитал Банкі, АзияКредит Банкі және Нұрбанк шығынға ұшыраған. несие Былтыр бірқатар банктің басын проблемалық несие жұтқаны белгілі. Уақытында қайтарылмаған несие банктің айналым қара­­жа­тының азаюына алып келеді. Сал­­­­дарынан кіріс азайып, банктің қар­­­жылық жағдайы нашарлайды. Сондықтан биыл жоғарыда аталған үш банк бірігу арқылы жағдайын жақсартуға күш салмаса, банк сек­торы нарығынан біржола кетуіне мәжбүр болады. Айтқандай, былтыр басқа банкпен бірігуге келіспеген Тенгри банктің тағдыры қалай болғанын ешкім ұмытқан жоқ.

Ақша-несие саясатын өзгерту керек

Халықтың тұтынушылық несие қарызына қайта оралсақ, оның көлемі 4 трлн теңгеден артып отыр. Бұл қарызды кешіру туралы ұсыныс айтылып жатыр. Алайда сарап­­шылар «несие амнистиясы тығы­­­рықтан шығар жол емес» дейді. Бұл мәселені шешуге екінші деңгейлі банктер пайыздық ставканы тө­­­мендету арқылы көмектесуіне бо­­лады екен. Ол үшін, әрине Ұлттық банк базалық ставканы азайтуы керек. Сонда ғана екінші деңгейлі банктер пайыздық ставканы тө­мендетер еді. Онсыз банктер халық үшін де, басқа үшін де пайыздық ставканы төмендетпейді. Пандемия басталғанда басқа мемлекеттердің орталық банктері халықты жұмыспен қамту және өндіріс орындарын ашу үшін ба­залық ставканы азайтты. Алысқа бармай, Ресейді айтсақ, орталық банктің базалық ставкасы – 4,25 пайыз. Ал бізде 9 пайыздан түскен емес. Демек, екінші деңгейлі банк­тер беретін несие 9 пайыздан тө­мендемейді. Шындап келгенде, банктер ха­­­­­лыққа жоғары пайызбен бе­ретін ақшаны сол халықтың са­лығынан жасақталған бюд­жет­тен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алады ғой. Оған халықаралық ұйым­­­­­­­дардан өте аз пайызбен бе­рілетін несиені қосыңыз. Депозит база­сынан тар­татын қаржы тағы бар. Депозит демекші, соңғы де­рекке сүйенсек, Қазақстан банк­терінде халықтың 21,9 трлн теңгесі депо­зитте жатыр. Оның жылдық пайыз­дық ставкасы – 9 пайыз. Банктер осы қаржыдан халыққа өте жоғары пайыздық ставкамен несие беріп отыр. Қа­рапайым сөзбен айтқанда, ха­­­­лықтың өз ақшасын өзіне жоғары пайызбен ұсынып отыр. Бұдан бөлек, Ұлттық банктің 20 жылға 5 пайызбен берген 20 мил­­­­­­лиард доллары да екінші дең­­­гейлі банк­терде жатыр. Зей­нетақы жүйесінің 5 трил­­лион тең­гесі де біздің банк­терге 3 пайыз­дық став­­­­камен са­лынғанын ұмыт­пайық. Айман Тұрсынханның есе­бінше, банктер бұл ақшаны әрі кетсе 4,5-5 пайызбен алып, халыққа несие түрінде 25 пайызбен береді. Заң бойынша несие ставкасы 56 пайыз­дан аспауы тиіс екен. Бірақ банк комиссиясы мен өсімақыны қос­­қанда халық төлейтін пайыз 56 пайыздан да асып кетеді. Ең қы­зығы, Халықаралық валюта қоры­ның талабы бойынша, банктер халықаралық ұйымдардан алатын ақшаны халыққа несие етіп бер­генде, айырма 2-4 пайыздан аспауы керек. Мысалы, банктің өзі ақшаны сырттан 5 пайызбен алса, халыққа оны 9 пайызбен беруі керек. Ал экономиканы дамытатын бизнеске берілетін несиенің ставкасы 7 пайыз­­­дан аспауы керек. Алайда қазіргі ставка басқаша. Сондықтан халық арзан несиеге қол жеткізу үшін Ұлттық банк базалық ставканы 9 пайыздан төмендетуі керек. Яғни, Ұлттық банк ақша-несие саясатын өзгертуі қажет. Әйтпесе, бұрынғы межеге сүйенген екінші деңгейлі банктер несие пайызын жоғарылата береді. Ал несиеге мұқтаж халық бастапқы кезеңде несиесін қай­­­тарғанымен, уақыт өте қалған қа­рызын өтей алмауы мүмкін.

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ