Қос байқаудың жеңімпаздары марапатталды
Қос байқаудың жеңімпаздары марапатталды
147
оқылды
Тәуелсіздің күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Солардың қатарында Түркістанды қайта түлету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аясында ұйымдастырылған «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой...» республикалық әдеби байқауы мен «Түркістанды бірге түлетейік» шығармашылық байқауы қорытындыланып, марапаттау рәсімі өтті. Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығында Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой...» республикалық әдеби байқауы мен «Түркістанды бірге түлетейік» шығармашылық байқауының марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш байқауларға республикамыздың барлық өңірінен 100-ден аса қаламгер мен әлеуметтік желі қолданушылары қатысып, бағын сынады. Естеріңізге сала кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқаулар ерте көктемнен бастау алған болатын. Марапаттау рәсімін Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов ашып берді.  
WhatsApp Image 2019-12-16 at 12.30.17.jpeg
Дамир Жүнісов
  «Мұндай байқаулардың өтуі – руханият саласына үлкен серпіліс алып келеді. Байқауға түскен тың туындылар, маңызды мәліметтер арқылы Түркістанның тарихын өскелең ұрпаққа жаңаша бағытта насихаттай аламыз», деген Дамир Дәулетұлы қатысушыларға алғысын білдірді. Түркі елдерінің рухани астанасы, жас облыс орталығы Түркістан қаласының терең тарихын жырлау, шығармашыл жандардың туындысына серпін беріп, олардың тың дүниелерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой...» республикалық әдеби байқауы поэзия және проза жанрлары бойынша өткен болатын. Қазылар алқасының шешімімен тақырыпты тереңінен толғап, отты шығармаларымен ерекшеленген Қызылорда облысының тумасы Толыбай Абылаев Бас жүлдеге ие болды. Жүлделі 1 орын Қарағанды қаласынан қатысқан Жанат Жаңқашұлына берілсе, Түркістандық Батырхан Сәрсенхан 2 орын, Қостанай облысынан Ақылбек Шаяхмет 3 орынды қанжығасына байлады. Маңғыстау облысынан Асылбек Жаңбырбай, Көкшетаулық Қуаныш Оспан, Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Олжас Қасым және Түркістан облысынан Айдар Сейдәзім мен Дәурен Тілеуханға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Байқауға ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегман, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай, белгілі жазушы Есқара Тоқтасын қазылық жасады.  
WhatsApp Image 2019-12-16 at 12.32.27.jpeg
  «Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой...» республикалық әдеби байқауына қазылық жасағандардың бірі арқалы ақын Қасымхан Бегманов поэзия және проза жанрлары додасының қорытындысын баяндап, әрбір жазбагерлердің жазбаларын жіті оқып, ерекше еңбектеріне қарай бағаланғанын жеткізді. Түркістан қаласын дамытудың кешенді жоспарлары мен оңтайлы өзгерістерін кең көлемде насихаттау мақсатында жарияланған «Түркістанды бірге түлетейік» шығармашылық байқауына 20-дан аса әлеуметтік желі белсенділері қатысуға ниет білдірген болатын. Естеріңізге сала кетейік, жаңа облыс орталығы – Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани мекеніне айналдырып, туристерді тарту мақсатында барлық салада түбегейлі бетбұрыс жасалып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Көне шаһарды дамытудың кешенді жоспарлары мен оңтайлы өзгерістерін кең көлемде насихаттау тұрғысында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркістанды бірге түлетейік» республикалық байқауы 2019 жылдың 1 ақпанында бастау алған болатын. Байқаудың ережесіне сәйкес, 10 маусымға дейінгі аралықта шараға қатысушы кәсіби журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері авторлық мақалалар мен бейнетүсірілімдерін жолдауы керек болатын. Алайда, маусым айының аяғында байқау қатысушыларының жазып, жариялаған еңбегін бағалап, жүлдегерлерді анықтап, марапаттайтын тұста Арыстағы оқыс төтенше жағдай орын алып, марапаттау рәсімі кейінге шегерілген болатын. Енді міне, сол байқаудың қорытындысын жариялап, жеңімпаздарлы марапаттау шарасы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында сәті түсіп отыр. Қорытынды сөз алған «Түркістанды бірге түлетейік» шығармашылық байқауы қазылар алқасының төрағасы, «Айқын» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Тельман Бейсенов өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістанды түлету үшін арнайы жасаған тарихи Жарлығынан соң көп ұзамай қасиетті шаһарда алып құрылыстардың басталғанын тілге тиек ете келе: «Түркістан алып құрылыстар алаңына айналып жатқан сәтте идеологиялық тұрғыда санаға күш-жігер, серпіліс беретін және атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды қалың бұқараға жеткізіп отыратын ақпараттық және насихаттық қолдау қажет болды. Осыған орай, әкімдіктің арнайы ұйымдастырып, жариялаған байқауы бүгінде өз нәтижесін берді. Атап айтқанда, Түркістанда атқарылып жатқан қаншама ауқымды істерді түрлі БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілердегі көптеген жарияланымдар арқылы бұқара халық дер кезінде оқып, көріп-біліп, хабардар болып отырды», - деді. Тельман Бейсенов, белгілі журналист Бауыржан Бердімұратов, қалалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Мәлік Әлмахан қазылық жасаған «Түркістанды бірге түлетейік» байқауының «Әлеуметтік желідегі жарияланымдар» аталымы бойынша 1 орынға белгілі журналист, «Южный Казахстан» газетінің бас редакторының орынбасары қызметін атқарған, марқұм Кеңесбай Исмайловтың жұмыстары лайық деп танылып, жүлдесі ұлы Сейдулла Кеңесбекұлына табысталды. Ал 2 орын Иманқұлова Несібелі Ғайбуллақызына, 3 орын Шорабекова Жансая Әбдіәліқызына бұйырды. Ал, ынталандыру сыйлықтарымен Дәурен Болыс, Привалов Владимир марапатталды. «You Tube каналындағы имидждік бейне түсірілім» аталымы бойынша 1 орын Бейбіт Қазыбековке берілді. Естеріңізге сала кетейік, аталған байқауға қатысқан оңтүстік өңірдің белгілі журналисті Кеңесбай Исмайлов сәуір айының соңына таман кенеттен көз жұмған болатын. ОЛ аз уақыт ішінде «Әлеуметтік желідегі жарияланымдар» аталымы бойынша 80 астам жазба жазып, тұщымды ойларын айтып, жақсы жазбалар қалдырған еді. Қазылар алқасы осы еңбектерді саралай келе, байқаудың 1 орын жүлдесіне Кеңесбай Исмайловты лайықты деп ұйғарды. 1 орын жеңімпазының марапатын марқұмның ұлына табыстау сәтінде сөз алған Тельман Бейсенов марқұмның байқауға қатысушылардың ішінде ең көп жарияланым жасаған әрі сапалы жазба қалдырғанын жеткізді. «Мұны Кеңес Исмайлов ағамыздың соңғы жазбалары деуге де болады. Сондықтан осы аманатты ұлына табыс етсек деген ойдамыз. Өздеріңіз білесіздер, қаламы қарымды журналист, өлкетанушы, педагог, қоғам белсендісі Кеңес Исмайлов ағамыз 54 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамай, өңіріміздің дамуына өлшеусіз еңбек етіп кетті. Көп өнерді игерген Кеңес Исмайлов табиғат жанашыры бола білді, жаны әділдікті сүйетін журналист еді. Көптеген әннің авторы атанған ол оңтүстіктің шұрайлы, тарихи жерлері жайлы кітап жазып қалдырды. Сұм ажал осындай аптал азаматты арамыздан ерте алып кетті», - деп, еңбектері мен әріптес жайында еске түсіру айтып өтті Т. Бейсенов.  
екинши.jpg