Ең төменгі жалақы кем дегенде 70 мыңның үстінде болуы керек еді...

Ең төменгі жалақы кем дегенде 70 мыңның үстінде болуы керек еді...

Биыл айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 139 теңгеге артып, 2 917 теңге болды. Зей­нетақы мен жәрдемақы да өсті. Ал ең маңызды саналатын ең төменгі жалақы сол баяғы 42 500 теңге қалпында қалды. Бірақ девальвация кесірінен оның құны 111 доллардан 100 долларға дейін төмендеп кетіпті. Неге? Көбінің тапқаны тамақтан артылмайтын аза­маттар қымбатшылық қысқан заманда қалай күн көреді? Үкіметтің не ойлағаны бар?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында мұғалімдердің еңбекақысы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 25 пайызға көтерілетінін мәлімдеген. Сондай-ақ дәрігерлердің жала­қысын кезең-кезеңімен арт­тыруды тапсырған. Биыл респуб­­ликалық бюджеттен 247 мың медицина қызметкерінің табысын ұлғайтуға 222,3 миллиард теңге бөлінді. 38 мыңнан астам әлеу­­меттік қызметкердің кірісі бір жа­рым есе көбейеді. Алайда ең төменгі жалақы мөл­­шері мұрты бұзылмастан мыз­­­­­­­­­­­­­­­­­ғымай тұр. Жалпы, эко­номикада «индекстеу» деген ұғым белгілі. Халықтың табысын ин­декстеу – тұрғындардың қым­­батшылық ту­­­дырған шығынын өтейтін әдіс. Зейнетақы, сти­­­пендия, жәрдем­ақы және тұр­­­ғындардың басқа тіркелген та­­­­быстарын, соның ішін­де ке­­­сім­­ді жалақы мен та­рифтік став­­­ка, бөл­­­­­­шек баға ин­декс­­­­­терін қайта есептеу – әлеу­меттік қол­даудың бір түрі. Амал қанша, Қа­зақ­станда ең төменгі жалақы 2019 жылдың 1 қаңта­­­рынан бері индекстелген жоқ. Былтыр Мә­жіліс депутаты Аман­жан Жа­малов үкіметбасы Асқар Ма­минге депутаттық сауал жол­дап, осы мәселені қозғаған. Де­путат карантин кезінде 42 500 тең­­генің әлеуметтік төлемі елдегі ең тө­менгі күнкөріс деңгейіне ай­­­­­­налғанын ашынып айтты. «Жақында адамдар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінен «42 500 теңгеге бір ай өмір сүре аласың ба?» деп сұрады. Ешқандай нақты жауап алынған жоқ» деген халық қа­­­лаулысы 2020 жылдың 11 айын­да азық-түлік тауарлары – 9,6 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауар­лар – 5,1 пайыз, ақылы қыз­меттер 3,8 пайыз қымбаттағанын жет­кізді. Ұлттық статистика бюросы­ның дерегіне жүгінсек, өткен жылдың бірінші тоқсанында әрбір қазақстандық азық-түлік тауар­ларына айына орта есеппен 31 000 теңге жұмсаған. Азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер үшін тағы 24 000 теңге жаратқан. Жиыны – 54 500 теңге, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінен асып түседі. «Бұл межені өмірі дүкенге не­­месе базарға бармайтын адам­дар қарағандай әсер қалдырады. Мы­­­­салы, ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша бір адам айына 2 425 теңгеге сиыр еті, 147 теңгеге мака­­­­рон өнімдері, 65 теңгеге қара­құ­­­­мық жармасы, 270 теңгеге кү­­ріш, 180 теңгеге шай және т.б. са­­­­­тып алуы қажет» деген-ді Аман­жан Жа­­­­­малов. Рас, азық-түлік тұтынудың ғы­­­­­­­­­­­­­­­­­­лыми негізделген физио­ло­гиялық нормаларына сүйенсек те, 42 500 деген сома ақылға сый­май­ды. Мы­­салы, маман­дардың есеп­­­­­­теуінше, ет және еттен жаса­латын өнімдерді жан басына пайда­­­­ланудың ұтымды коэф­фи­циенті – жылына 78,4 келі. Ең төменгі жалақының тұтыну се­бетіне 43 өнім кіреді. Ал жаңағы физио­логиялық норма бойынша 64 тауар тұты­­нуымыз керек. Де­мек, Үкімет осы норманы негіз­ге алып, ең төменгі жалақыны қайта қа­­­рауы тиіс. 2013 жылдан кейін теңге еркін айналымға кеткені мәлім. Қа­зынамыз ортайды. Жалпы ішкі өнім 7 мың долларға дейін екі есе құлдырады. Халықтың қолындағы ақша құнсызданды. Азық-түлік бағасы аспандап, инфляция қы­сып барады. БҰҰ ережесіне сәй­кес, күніне 5,5 доллардан табысы аз адам кедейлер санатына жата­ды. Сол 5,5 долларды ұлттық ва­лютамызға шағып, бір айға кө­бейтсек, 60 мың теңге шығады. Яғни, ең төменгі жалақы кем дегенде 70 мыңның үстінде болуы керек еді. Халықтың орташа табысы 207 мың деп ауыз тол­тырып айтсақ та, Еуропада көп қолданылатын медианалық жа­­­лақы әдісімен санасақ, тұрғын­дардың басым көпшілігі 100 мың теңге жалақыны місе тұтатынын анық аңғарамыз. – Мемлекет ақшаны қайдан төлейді? Бюджеттен түскен қара­жаттан төлейді. Негізі, пандемия келмей-ақ біздің экономика әлсіз еді. Біз экономиканы дербес­тендіріп үлгермедік, әртүрлі сырт­қы құбылыстың толқынына өте тәуелдіміз. Оның сыртында 2020 жыл бюджеттің 45 пайызын тол­тырып отырған мұнай-газ өн­­дірісіне ауыр тиді. Мұнай ар­зан­дады, індет те әсер етті. Сон­дық­тан бюджетте үлкен тапшылық бар. Мемлекет шынайы индек­сация жасаса, өзіне салмақ түсе­тінін біледі. Сол себепті Үкімет ең төменгі жалақыны көтере алмай отыр. Бұдан шығар жол – эко­­­номиканы дербестендіріп, өндіріс ошақтарын молынан ашуымыз керек, – дейді экономист Рашид Жақсылықов. Экономика заңдары бойынша жұмысшылардың жалақысын индекстеу халықтың сатып алу қабілетін арттырып, эконо­ми­­­каның дамуын ынталандырады. Бұл – инфляцияға қарсы тұру деген сөз. Дегенмен кей сарап­шылар индексацияның өзі ин­фляцияға түрткі болуы мүмкін деп топшылайды. Өйткені жалақы өскен сайын міндетті түрде тауар бағасы қатар өседі. Салдарынан инфляция шарықтайды. Олардың пікірінше, бағаны да, табысты да тұрақты ұстаған абзал. Қысқасы, ел азаматтары үшін жалақы негізгі табыс көзі екенін ескеру керек. Тауар қымбаттап, ақша көбеймесе, бұл әлеуметтік наразылықтың басты факторына айналуы ықтимал. Күнкөрістің деңгейін көтеру мемлекеттің әлеу­меттік саясатына деген халық сенімін қалпына келтіруге сеп­­теспек.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ