Шахматшылардың отбасында дүниеге келген шахматшы қыз Альфия Насыбуллина Instagram және Facebook желілеріндегі парақшасында Қазақстан шахмат федерациясын сынға алды. Жазбада ол өзіне елдің басты чемпионатына қатысуға рұқсат бермегенін, шахмат әлеміндегі сыбайлас жемқорлықтың ушығып тұрғанын жазды.
Насыбуллинаның шахмат федерациясының жұмысына қатысты басқа да айтар шағымы көп болып шықты. – Қаңтар айының басында федерацияның басшылығы ауысты. Біртүрлі тағайындау болды. Оның ішінде қазіргі шахматшы Гүлмира Дәулетова да бар. Оның федерацияда не үшін жұмыс істеп жүргені маған да түсініксіз. Биыл турнирлердің бірі онлайн форматта өтті, оған 5 миллион теңге қаржы бөлінді. Ақшаның бір бөлігі жүлде қорына түсті, ал қалған 3 миллион теңгенің қайда жұмсалғаны бізге белгісіз, – деп ашық жазды ол. Сондай-ақ постта Насыбуллина ұлттық құрамадағы Дәулетова мықты шахматшы Мадина Давлетбаеваның орнына келгенін және оның «гроссмейстер атағын лайықты түрде алмағанын» да сөз еткен. Шахматшы федерацияға бағыттап айтқан сынын көптеген шахматшының қолдағанын айтады, бірақ олар ашық түрде жар салуға дайын болмай шыққан. Мұның бәрі жазбада жарияланған. Жалпы, бұған дейін де еліміздегі шахматшылар мен федерация арасындағы түсініспеушіліктер мен қақтығыстар бір емес, бірнеше рет болған. Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәліктің де басы дауға қалып, спортшылар мен қауымдастық арасындағы қарым-қатынас нашарлады. Енді мұндай келеңсіз жағдайға Альфия да тап болып отыр. Мәселенің анық-қанығын білу үшін біз шахматшының өзімен байланысқа шықтық. Қазір бұл мәселе бойынша нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрадық. – Федерацияға қатысты мәселе әлі шешілген жоқ. Федерация мені қолдаған шахматшыларды «қара тізімге» енгізетінін айтып қорқытты. Мен енді олардың басты жауына айналдым десе де болады. Ұзақ уақыт Қазақстандағы барлық нәрсе таныс-тамырдың, ақшаның арқасында шешілетініне сенбедім. ҚШФ-ның атқарушы директоры жоғары қызметтегі адамдармен жақсы байланыс орнатқан, сондықтан сот төрелігінің әділ шешім шығарарына күмәнмен қараймын. Олардың әрекетінің заңсыздығына қарсы сот ісін қозғадым. Ресми құжаттарды ауыстыруға қатысты процедуралар болды. Бірақ ештеңе өзгермей ме деп қорқамын. Олар өздерін ақтауға тырысып, ашықтан-ашық өтірік айтады, – дейді ол. Алты айдан астам уақыттан бері Қазақстанның шахмат федерациясынан әділеттілік талап етіп келе жатқан Альфия сөз арасында өзін елімізде өткізілетін чемпионаттан да шеттеткенін айтып қалды. – Бірінші қаңтарда веб-сайттан әйелдер арасында классикалық, рапид және блиц бойынша турнир өткізу туралы ережені көрдім. Мен тек рапид пен блиц ойнағым келді. Өтінішті жібергеннен кейін поштаға жарысқа қатыса алмайтыным туралы жауап келді. Себебі негізгі турнирден тек 10 адам қатыса алатыны айтылған. Турнир туралы ережені мұқият оқып шыққаннан кейін ондай шектеулерді таппадым. Сосын кері өтініш жібердім. Осыдан кейін барып өтінішім қабылданды. 7 қаңтар күні ата-анама пошта арқылы 4.3-тармаққа сілтеме жасаған хат келді. Онда менің 4.3 тармақ бойынша жарысқа қатыса алмайтыным жазылған. Мен оларға, бастапқы кезде 4.3 тармақтың болмағанын, кейін өзгерту енгізілгенін айттым, – деп жауап берді Альфия. Ол сонымен қатар әлеуметтік желідегі жариялаған постында барлық аудиожазбаларын және басқа да дәлелдемелерді қоса тіркегенін жеткізді.