Жымқырған ақшасын қайтарды. Алайда жазасыз қалды...

Жымқырған ақшасын қайтарды. Алайда жазасыз қалды...

Былтыр мамырда отандық киноиндустрияда үлкен дау туды. Ұлттық киноның өрісін кеңейтіп, әлемдік деңгейге шығаруды мақсат ететін орталықтың басшысы «ірі көлемде пара алды» деген күдікпен ұсталған болатын. Бір қызығы, сол күдікке ілінерден бірнеше күн бұрын ғана Гүлнәр Сәрсенова мемлекет қолдаған фильмге кеткен қаржыны, оған қоса өз қалтасынан тағы қосып, отандық киноның дамуына үлес қосатынын мәлімдеген. Сөйтсек, бірінші секірген сезіктінің сөзі болып шығыпты. Даулы мәселенің мән-жайы қалай болған еді?

Алдымен, Сәрсенованың кім еке­нін таныстырып өтсек. Гүлнәр Болат­қызы – кинопродюсер, режиссер, сце­­нарист, Қазақстан кинемато­гра­фис­тер одағының мүшесі. Кино сала­сында ондаған беделді жүлдеге ие бол­ған. Eurasia Film Production ком­пания­сының негізін қалаған. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталы­ғының» бас­­­­қарма төрайымы қызметіне 2019 жыл­­­­дың шілде айынан бастап кі­ріскен. Сөйтіп, 2020 жылдың мамырында басы дауға қалды. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет мемлекет бюджетінен қаржы бөлуге, орындалған жұмыстардың актілеріне қол қоюға көмектескені үшін аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша, сонымен бірге жалпы қамқорлығы мен салғырт­тығы үшін «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» (бұдан әрі – ҰКҚМО) басқарма төрағасына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр» делінген еді. Ең қызығы енді басталады. Осын­дай күдік туғаны жайлы ақпарат тара­мастан бұрын, Сәрсенова жаһанға жар салып, мемлекеттің қаржысын қайта­рып, ол аз болғандай, өз есебінен де қолдайтынын білдіріп пікір берген еді. Ол ақша жымқырудың тізбесін қалай құрғанын тәптіштеп айтып берейік. Айтқандай, отандық, соның ішінде ұлттық киноны дамыту мақсатында құрылған орталыққа Сәрсенова 2019 жылы басшы болып сайланған. Сол кезде Гүлнәр Болатқызы Eurasia Film Production ЖШС директоры еді. Ал аталған фирма дәл осы сәтте «Нартай» фильмін түсіріп жатқан. Түсірілім жұ­мыстары әлдеқашан басталып кет­кен, қаражат та жеке есебінен бөлініп қой­ған. Бірақ ақыры білдей бір орта­лық­тың басқарма төрайымы болып орна­ласқандықтан, өзі продюсер, өзі ре­жиссер болып жатқан туындыға «не­ге мемлекет есебінен қолдау алмасқа?» десе керек. Сөйтіп, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына» 441 млн теңгеге сұраныс жібереді. Ол жерде Eurasia Film Production қызметкерлері бұл қаражатқа түсірілімді аяқтап, туын­дыны монтаждап, прокатын жолға қоя­тынын көрсетеді. Десе де, 2019 жылдың тамызында түсірілім жұмыстары толық аяқталып, монтажы басталады. Яғни, әу бастағы «түсірілім үшін керек» деген қаражат қажет емес деген сөз. Сәйкесінше, ен­дігі қалған жұмыс — монтаж бен прокат үшін 441 млн теңге керек емесі анық. Со­ған қарамастан сұраныс жіберіледі, «Нартай» келісімнің барлық кезеңінен өткізіліп, ҰКҚМО тарапынан 380 млн теңге бөлінеді. Қарап тұрсаңыз, мұнша қаражаттың қажеті шамалы. Соған қарамастан барлық құжат толтырылып, рәсімделеді. Ақша Eurasia Film Production шотына түседі. Содан соң демде әлгі қаражат Сәрсенованың жеке есеп­шотына аударылады. Ал құжатта ақша­ның Германиядағы түсірілімге, актер­лер­­дің гонорарына кеткені көрсетілген. Ал шын мәнінде Гүлнәр Болатқызы бәрін қалтасына салып алған. Мемлекеттен ақша жымқырудың Гүлнәр Сәрсенова көрсеткен тағы бір үлгісі бар. Оны да назардан тыс қал­дырмайық. ҰКҚМО Нұр-Сұлтан қа­ласы, Қонаев көшесі, 12/1 мекен­жайын­да орналасқан. Сайтындағы ақ­парат сондай. Десе де, «Алматыдан да бір ғимарат керек» деген желеумен сол жақтан орын жалға алады. Time.kz журналисі бұл істің ақ-қарасын тексеру барысында қызық деректерді көптеп тапқан. Атап айтқанда, бақуатты адам­дар тұратын ауданда орналасқан Royal тұрғын үй кешенінен кеңсе жалға алып, Сәрсенованың жүргізушісі өзінің аты­на тіркелген «Баяхметов» ЖК атына рәсімдепті. Одан кейін Eurasia Film Production кеңсеге арналған техника мен жиһаз сатып алып, әлгі «Баяхметов» ЖК-ға жалға береді. Айына – 3,5 млн теңге. Кейін ҰКҚМО Сәрсенованың жүргізушісімен 16,5 млн теңгеге ғима­ратты жалға алу туралы келісімшарт жасасады. Демек, техника мен жиһазды жалға беруден түсетін қаражат тағы да Гүлнәр Болатқызының қалтасына түсе­ді дегенді білдіреді. Мұны «екінші әдіс» деңіз. 2020 жылдың қазанында ки­но­герлер Сәрсенованың басшылық қызметте отыруына қарсылығын білдіріп, Прези­­дентке хат та жолдаған. Асанәлі Әші­мов, Сатыбалды На­рым­бетов, Нұржұ­ман Ықтымбаев бастаған киногерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазып, «құрдымға кетейін» деп тұрған қара­шаңырақ — «Қазақ­фильмді» құт­қаруды сұраған. Ішіндегі талап­тардың бірі бүгінгі тақы­рыпқа тікелей қатысты Сәрсенованың лауа­зымнан алас­татылуы болған еді. Орталық жұмысына наразылық білдірген режиссер Данияр Саламат басты төрт қателікті тарқатып берді. «Біріншіден, орталық асығыс-үсігіс, ша­ла-шарпы қабылданған «Кино туралы заңның» негізінде құрылған. Сол заңға сәйкес, Орталықта үміткер фильмдер «Ұлттық кино» мәртебесіне таласады. Ал бұлардың түсінігінше «кино тобы құрамындағы шығар­ма­­шылық топтың белгілі бір бөлігі қазақ­­стандық» болса, «продюсерлер қазақ­­стандық» болса, «көркемдік деңгейі жоғары» («көркемдік деңгейі» деп нені ұғатыны да белгісіз) болса, ұлт­тық мәртебеге ие болады екен. Кө­ріп тұр­ғандарыңыздай, мұнда ұлттық түр, тү­сінік, таным, ұлттық философия, ұлттық пайым, ұлттың тілі туралы бір ауыз сөз жоқ. Бұл тізбеленген қасиет­терсіз фильмге ұлттық мәртебе берудің өзі – абсурд! Екіншіден, питчинг нәтижесі тізімінде «Ауыл» деген атау­мен жалғыз «авторлық» фильм жүр. Оның өзін фильм үшін емес, Серік Апыры­мовтың жеке беделі үшін қосқан сияқты. Арам шөптің ортасында бұққан адал өскін іспетті негізі қауқарсыз, та­мыр­сыз «коммерциялық» бағыттағы фильм­нің ортасында авторлық жоба­ның жалғыз­­­сырап тұруы – үлкен қате­лік. Үшіншіден, жобаларды іріктеу-пит­чингін Орталық басшылары қанша «онлайн өткіздік» деп күпінгендерімен, өте жұмбақ, ашық емес. Мысалы, биыл Эксперттік кеңес құптаған 58 жоба ВАК іріктеуінен соң 42 жоба болып, қыс­қарып оралды. Не үшін қысқартты? Не кінәсі бар? Не себепті? Жауап жоқ! Төртіншіден, Эксперттік кеңес мүше­лерінің екі-үшеуі ғана қазақ тіліндегі киножобаларды оқып, пікір айта алады. Мұндай жағ­­дайда объективтілік жөнінде, ұлттық мәртебе жөнінде, ұлттың кинотуындысы жөнінде, жалпы ұлттық өнер жөнінде ой қозғаудың өзі артық», – дейді режиссер. Ал енді мемлекет қаржысын қалта­сына салғанның соңы не болды дейсіз ғой? Жоғарыда айтқан ақша жеудің екі әдісінен бөлек тағы да фактілер бар. Сөйтіп, жалпы алғанда 400 млн теңге­­ден асатын сома шығын келтірілген. Сәр­­сеноваға «жеуге» көмектескендер қатарында орталықтың басқарма төрайы­мының орынбасары Олжабай Мұсабеков, орталық қызметкерлері Лау­ра Тілеужанова мен Қалқаман Салықов, Eurasia Film Production ЖШС қаржы директоры Татьяна Гребен­никова және режиссер Сергей Азимов­тың бар екені тергеу барысында нұсқа ретінде айтылған. Бір қызығы, бұл айтылған адамдардың ешбірі қамауға алынбаған. Тіпті, қаражатты қайтар­­­ғанын ерлік санағандай, түсіністік танытыпты. Былайша айтқанда, қамау­ға алынбауын «мойындағаны үшін, жасы мен кішкентай балалары барын есепке алып, мемлекеттік наградалары болғаны үшін, операциялардан кейін созылмалы ауруы бар болғаны үшін» деген себептер келтірілген. Ақша қайт­қан екен деп, адамгершіліктен аттап, ел қаражатына қол салғандарға көз жұ­ма қараған жөн бе? Күні ертең «кеші­рімді екен» деп әр салада жемқорлар саны қазіргіден бетер көбейсе не болады? Белгісіз…

Жадыра АҚҚАЙЫР