Әкімдік «Ордабасыға» 4 млрд теңгені неге бөлген?

Әкімдік «Ордабасыға» 4 млрд теңгені неге бөлген?

Шымкент қаласының әкімдігі жергілікті бюджеттен өңірдегі денешынықтыру және спорт бөліміне Премьер-лига командалары арасында Қазақстан футбол чемпионатында 2021 жылғы маусымда еліміздің кубогында ойнау үшін 4 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Сондай-ақ бұл қаржы  жастар мен жасөс­пірім­дер және әйелдер футболын да дамытуға бағытталмақ. Бүгін­де мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жария­ланған, мердігер конкурс нәтижесінде белгілі болмақ.

Ел чемпионатында өнер көр­сете алатын Шымкентте жалғыз «Орда­басы» футбол клубы еке­нін ескерсек, осынау  қаржы да ор­да­басылықтарға бұйырып тұр­ғаны бесенеден белгілі. Ал Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев өт­кен жылғы халыққа арнаған Жол­дауында спорт клубтарын бюджет есебінен қаржы­ландыруды доғару керек екенін айтқан болатын. «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне назар аудару қажет. Еліміздегі қаржы тап­шылығының жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мем­ле­кет есебінен қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекет пен квази­мемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалып жатыр» деген-ді Тоқаев. Одан гөрі бұқаралық спорт­қа, дене шынықтыру мен балаларға басымдық берілуі тиіс екенін атап өткен. Ал Асқар Мамин отандық футбол клубтарының көпшілігі жергілікті бюджет есебінен күн көретінін, корона­вирус пандемиясы бастал­ғанға дейін 2020 жылы жергілікті атқарушы органдардың спортқа тиесілі бюджетінің 22 пайызын футболға жұмсау жоспар­ланғанын атап өткен болатын. Айтарлықтай нәтиже көрсет­песе де, елдегі дағдарыс кезеңінде қалт-құлт етіп тұрған жергілікті бюд­жеттен әкімдіктер футбол клубтарына басқа спорт түрлеріне қара­ғанда  қаржыны көптеп құя­тыны рас.  Иә, қала әкімі М.Әйте­нов өткен жылдың соңғы айларын­да орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте «Орда­басы» футбол клубының бюд­жеті 30 па­йыз­ға қысқаратынын мәлімдеген бола­тын. Қысқар­тыл­ған қаражат пандемиямен күресуге жұмсалатынын жеткізген. Дұрыс-ақ делік, демек қысқартылған қар­жы 4 млрд теңге болып тұр. Аз ба, көп пе? Осынша қаржы бөліне­тіндей олар Шым­кенттің намысын қаншалықты қорғап жүр? Жылда легионерлерді топырлатып әкеліп жатқанымен, одан қазақ футболы­ның көсегесі көгергені шамалы. «Ордабасы» футбол  клубына жыл сайын 6-7 млрд теңге көле­мін­де қаржы бөлінеді. 2011-2012  жыл­да­ры Қазақстан кубогын, супер­кубо­гын иеленсе, 2017 жылы Қазақ­стан суперлигасының қола жүл­дегері атанды.  Бюджеттен был­тыр 6,25 млрд теңге алған клубтың ел чем­пионаттарынан бөлек бар болғаны Еу­ропа лигасында бақ сынағанына мәзбіз. Оған дейін бірнеше рет шетелде оқу-жаттығу жиынын өткізіп келді. Орда­басы­­лықтардың былтырғы жетістігі ко­ман­даның жартылай қорғау­шысы Жоао Пауло «футболдан Қазақстан чем­пион­аты­ның ең үздік ойыншысы» номи­нациясын алды. Басқа нәтиже көрінбейді. Сондай-ақ соңғы 5 жылда еуро­кубоктан жеңіліп келе жатқан орда­басылықтардың бюджеті өзін жеңген шетелдік командалардан әлдеқайда жоғары екен. Қала әкімі­нің өзі клубқа былтыр бюд­жеттің көп бөлінуін іссапар шығын­дарының өскенімен түсін­діреді. «Біз еуропалық жарыстарды белгілі бір деңгейге жеткізгіміз келді.  Сүйікті «Орда­басы» командамыз­дан үлкен жетістік күттік, бірақ өкінішке қарай олар бесінші орынды иеленді. Енді еуропалық кубок­тардан ұшып келе салысымен бюджетті бірден екі жарым мил­лиард теңгеге қысқарттық» деген еді брифингте  Мұрат Әйтенов. Демек, қала әкімінің өзі коман­даның үмітті ақтамағанын мойын­дады. Соған қарамастан әлі күнге дейін айтарлықтай деңгейге жете алмай келе жатқан орда­басы­лықтарға биылдың өзінде 4 млрд теңге бөліп отыр. Неге? Премьер-министр А.Мамин айтқандай, неге жергілікті әкімдіктердің жоғары спорт түрлеріне қарағанда футболға бүйрегі бұрады да тұрады? Қазақстандық сарапшылардың ай­туынша, футбол клубтарында маркетинг бөлімі жоқ. Мемле­кеттен бөлінетін есепсіз қаржы тек легионерлердің жалақысы мен ұшақпен ары-бері сапарлайтын іссапар шығындарына кетеді. Оны бақылап жатқан адам да жоқ. Ал шетелде футбол бизнес деңгейінде көте­рілген. Шынтуайтына келгенде, легион­ерлерге қыруар қаржы төлегенімен, нәтиже көрінбейді. Биыл жергілікті бюджеттен 4 млрд теңге бөлініп жатқанын ескерсек, ел  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жол­дауындағы сөздері әсер етпегені ғой...

Назгүл НАЗАРБЕК