Бүгін түнде Көкшетауда қалың қар түсті. Табиғаттың тосын «сыйы» облыс орталығындағы коммуналдық сала қызметкерлерін әбігерге түсірген. Қазіргі уақытта қар тазалаумен «Тазалық» және «Зерен плюс 2016» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысып жатыр.
Тазарту жұмыстары таң қылаң бере басталып кеткен. «Тазалық» серіктестігіне тиесілі 38 бірлік техника мен 55 жұмысшы, «Зерен плюс 2016» серіктестігінің 45 жұмысшысы қар тазалау жұмыстарына кіріскен. «Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы қала көшелерін қардан тазартады. Жолдарды тегістеу, сыпыру және тазалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қардың қалың түсуіне байланысты барлық жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда барынша сақ болуға шақырамыз», – делінген облыстық әкімдіктің ресми хабарламасында.Ал «Қазавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәліметі бойынша Ақмола облысында ауа райының нашарлауына байланысты (қатты қар, боран, нашар көріну, қатты жел) «Көкшетау-Рузаевка» а/ж 0-61 км (Көкшетау қ.СКО ш.), «Көкшетау-Омбы» а/ж 0-51 км (Көкшетау қ. СҚО ш.), Макинск-Ақсу-Торғай» а/ж 0-240 км (Макинск қ-Торғай қ.), «Нұр-Сұлтан-Петропавл» а/ж 304-341 км (Көкшетау қ. СҚО ш.) республикалық маңызы бар автожолы жабылды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы