Бауырының үйіне шыққан жігіт сол күйі қайтып оралмаған. Мүмкіндігі шектеулі жігіт төрт күннен бері табылмай жатыр.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, Бұланды аудандық ішкі істер бөліміне кеше күндізгі 12.00 шамасында Макинск қаласының 45 жастағы тұрғынынан бауыры Нұрлан Есмағамбетовтың жоғалып кеткені туралы арыз түскен. Ол 8 қаңтар күні кешкі 17.00 шамасында бауырының үйіне барамын деп шыққан күйі оралмаған. арық, бойы 155-160 сантиметр жігіт аяғын ақсап басады. Қысқалау шашы ағара бастаған. Шыққан кезінде қара түсті күрте, қара қысқы бас киім, қара түсті етік пен қара шалбар киген. «Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары жоғалған адамның Макинск қаласында әпкесімен бірге тұрғанын анықтады. Ол үйінен бірнеше рет кетіп қалып, кейін біраз уақыттан кейін қайтып оралған. Жоғалған адамның 2 топтағы мүгедек екені анықталды. Соңғы рет облыстық психоневрологиялық диспансерде 2018 жылғы 10 ақпаннан 17 наурызға дейін «Емдеуді қажет ететін ақыл-ой кемістігі» диагнозы бойынша емделген», – дейді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Емделіп шыққаннан кейін ол бірден Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал –Ниет» жеке қайырымдылық қорына рәсімделіп, онда өткен жылдың 30 желтоқсанына дейін болған. Кейін шығып, әпкесінің үйіне барған. Полиция із-түзсіз жоғалған Нұрлан Есмағамбетов жайлы қандай да бір ақпарат белгілі болса, құқық қорғау органдарына хабарлауды сұрайды.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы