Кәмелет жасқа толмаған ақтөбелік бозбала 15 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түсіп, сотталды. Бүгін оның жаза мерзімі жеңілдеп, бостандыққа шықты. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған Т-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, сотталушы Т. 15 жастағы А-мен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен. Сотталушы Т-ның кінәсі өзінің және жәбірленуші А-ның сотқа дейін тергеп-тексеру кезіндегі жауабымен, жәбірленушінің заңды өкілінің, куәлар мен сарапшылардың жауабымен, сараптама қорытындысымен толық дәлелденді. Прокурор соттан Т-ны 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот 3 жылға бас бостандығанан айыру жазасын тағайындады . Ал бүгін соттың аппеляциялық шешімі шықты.
«Ақтөбе облыстық соты Қылмыстық кодекстің 122-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен сотталған Т- ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қарады. Сот алқасы Т-ның кәмелетке толмағанын, оның өкінетінін, жеке-басын, жәбірленуші мен оның заңды өкілінің пікірлерін ескерді. Сол себепті сот Т-ға 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады және оны қамаудан босатты», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.Бостандыққа шыққан ақтөбелік бозбаланы анасы күтіп алды. Бозбала өз ризашылығын білдірді.