Бұл туралы КТК хабарлады. Апелляциялық алқа 17 жастағы Нұрасхан Тынымжановтың жазасын жеңілдетті.
Бірнеше ай қамауда болған Нұрасханның қуанышында шек жоқ. Анасы мен әжесі де баласының үйіне оралғанына сене алар емес. Сот бозбаланы абақтыдан босату туралы үкім шығарған. Апелляциялық шағымды қараған судьялар оның кәмелетке толмағанын, жәбірленушінің кешірім бергенін ескеріпті. Енді бозбала сүйіктісімен жақында отау құрмақшы. Лицейде оқитын Нұрасхан Тынымжановты қалалық сот 16 жасқа толмаған қызбен жақындасқаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырған.Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрасхан Тынымжанов: «Алдымнан ата-анам, адвокатым қарсы алды. Соларға көп рақмет. Халқыма көп рақмет! Алдағы жоспарым – сол қызға үйлену, жұмыс істеп, отбасын асырау», – дейді.
Бірақ шешімге қоғам қарсы шығып, бозбаланы босату үшін Президенттен араша сұрады. Енді облыстағылар абақтыдан шығаруды жөн санаған.