Бурабайда жас жігітті өлтіріп, көміп тастаған қылмыскер ақталып шыққан
Бурабайда жас жігітті өлтіріп, көміп тастаған қылмыскер ақталып шыққан
122
оқылды
Бурабай ауданында айдың-күннің аманында бауырынан айырылып қалған Қарлығаш Қапарова «Айқын» тілшісінен араша сұрады. Адам өлімімен аяқталған сол оқиғадан бері арада үш жыл өткен. Алайда бір әке-шешеден өмірге келіп, бірге өскен Қарлығаш Қапарованың көз жасы әлі құрғамапты. Өйткені сотта күдікті болған жігіт осы іс бойынша жазаға тартылмаған. Сот болғанымен, түрлі себептермен қылмыстық іс арада екі апта өтпестен жабылып тынған. Осылай деп зар илеген Қарлығаш болған оқиғаны бастан-аяқ әңгімелеп берді. Бауырынан айырылған қыз құқық қорғау органдарының істі еш нәтижесіз жауып тастағанына наразы. Эксгумациялық тексеріс жасалса да, соттың қалайша өз өлімімен өлген деген үкім шығарғанына таңданысын жасырмады.
«Бұл оқиға туралы айту маған өте ауыр. Жүрегім қан жылайды. Інім қайтыс болғалы «бармаған жер, баспаған тауым» қалмады. Інім әскерден жақында ғана оралған кезі. Полицияға жұмысқа орналаспақ болған. Бірақ қызметке тұру үшін 100 мың теңге пара сұрапты. Ондай ақша табу мүмкін болмаған. Одан еш нәтиже шықпаған соң анда-мында күзетші, құрылысшы болып ауыр жұмыстар істеп жүрді. Ешқашан арақ ішіп көрмеген. Сол оқиға болар тұста Щучинск қаласындағы IT мектепте күзетші болған. Қаңтардың іші. Ауа райы қатты суық болатын. Жұмысқа кеткен бауырым із-түзсіз жоғалып кетті. Екі күн іздеп еш жерден таппадық. Үшінші күн болғанда бір ойық шұңқырға көміп тастаған денесін таптық. Денесін бірден сараптама жасаймыз деп алып кетті. Оның қорытындысы бойынша қаннан 0,31 промиль алкоголь шығыпты. Сараптама мамандары суықта отырып, қатып қалған деп қорытынды шығарды, - дейді Қарлығаш.
Жәбірленуші болып бекітілген Қарлығаш Қапарова сарапшылардың мұнысымен келіспепті. Өйткені, көміп тастаған жерінен тауып алған бауыры аяусыз соққыға жығылып, ұрған іздер анық байқалған. «Бауырымның денесінің сау-тамтығы қалмаған. Денесінің бәрі көгерген. Мойнында қылқындырған іздерді анық көрдік. Адвокат та азғантай ғана алкогольдің әсерінен адамның далада отырып, қатып қалмайтынын айтты. Оқиға мектептің от жағатын жерінде болған. Оның іші түгел қан-жоса болып жатқан. Бірақ кейін олардың бәрін сүртіп, қан жұққан жерлердің бәрін сырлап тастапты. Біз адвокат жалдап істі қайта қозғауға әрекет жасадық. Ол марқұм інімнің денесіне эксгумация жасау қажеттігін айтты. Әкем қанша келіспегенімен, кінәлі адамның жазалануы үшін зорға көндірдік. Сөйтіп қабірді қайта қазып, інімнің денесін алып қайта тексерттік", - дейді Қарлығаш Қапарова. Қайсар қыздың талмас қарекетінің арқасында арада екі жыл өткенде іс қайта қозғалыпты. Бұл жолы іске кіріскен прокурор адам өлімінің суықтан емес, кісі қолынан болғанын растап шыққан.
«Сол кездегі аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы зейнетке шығып кетті. Ал прокурор да басқа жаққа ауысып кетті ме, ол да жоқ болып кетті. 2018 жылдың наурызында жаңа прокурор келіп, соған кіріп болған жағдайды айттым. Ол эксгумация жасатты. Сөйтіп оның нәтижесін күттік. Аудандық ішкі істер бөлімі істі созып жіберді. Одан 2019 жылдың қаңтарында аудандық ішкі істер бөліміне жаңа бастық келіп, қылмыстық іс қайта қозғалды. Бостандықта жүрген күдікті жігіт табылып, уақытша тергеу изоляторына отырғызылды. Сот тек 2019 жылдың маусымында басталды. Тамыз айына дейін сот болды. Сот кезінде сол оқиғаға куә болған жігітті күдікті қорқытып тастапты. Сотта ол абыржып, жөндеп ештеңе айта алмады. Осылай болғандықтан, сот отырысында судья бауырымды өлтірген күдіктіні ақтап босатып қоя берді. Ол осыған дейін де ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған екен. Естуімше қазіргі уақытта да басқа қылмыстары бойынша түрмеде отыр. Осылайша соттың бірінші инстанциясында бауырымды өлтірген күдікті жігіт оп-оңай босап шықты. Біз Ақмола облыстық сотына қайта шағымданып, апелляциялық сотқа бердік. Бірақ онда да алғашқы инстанциядан шыққан сот үкімі еш өзгеріссіз қалды, - дейді Қарлығаш Қапарова.
Бұдан кейін Қарлығаш Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, араша сұраған. Президент кеңсесінен келген хатта жәбірленушіге Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы мен Жоғарғы сотқа шағым беру қажеттігі айтылған. Бірақ жәбірленуші арыз бермеген. Біз оқиғаның сот барысында неліктен қайта қозғалмай жабылғанын облыстық соттан білмек болдық.
«Бұл аппеляцияда 2019 жылы тамызда қаралған. Сотта айыпталушының кінәсі толық дәлелденбеді. Куәгерлер де сот алдында оның Бауыржан Кабдикаримовты өлтірмегенін айтты. Сот сотталушы Мажитовтың кінәсі дәлелденбегендіктен, оны сот залында босатты. Бұл аппелляциялық сот алқасында да өзгеріссіз қалды. Өйткені айыпталушының бұл іске қатысы бары дәлелденбеді», - дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз хатшысы Күләш Домалақова.
Жәбірленуші істің тоқтап қалғанына наразы. Ол алдағы уақытта іс қайта қозғалмаса, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына және Жоғары сотқа арыз бермек.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы