Сапарбаев «Тараз» футбол клубына сырттан легионер тасымауды тапсырды
Сапарбаев «Тараз» футбол клубына сырттан легионер тасымауды тапсырды
140
оқылды
Жамбыл облысының  әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» футбол клубының басшысын қабылдап, өткен жылғы көрсеткішке көңілі толмайтындығын ашып айтты. Сондай-ақ аймақ басшысы легионерлерге иек арта бермей, жергілікті жастарға мүмкіндік беруді тапсырды.    – Біздің жергілікті ойыншылар негізінде жақсы ойнайды. Сондықтан өзіміздің аяқдопшыларды көптеп тартуымыз керек. Біздің мақсат сол. Ауылдарда талантты футболшылар көп, шығару қажет. Жастар үшін спорттық-сауықтыру кешендері мен футбол алаңшаларын салып жатырмыз. Түрлі жарыстарды өткізіп, ішінен болашағы бар балаларды іріктеуді мықтап қолға алу керек, – деді Бердібек Машбекұлы. «Тараз» футбол клубының басшысы Талғат Тұрлыбайұлы қазіргі уақытта карантиндік шектеулерге байланысты оқу-жаттығу жиынын шетелде емес, Шымкент қаласында өткізіліп  жатқанын жеткізді. Өткен жылғы көрсеткішке көз салсақ,  «Тараз»  футболшылары  22 ойынның тек 6-да  жеңіске жеткен.  Осылайша турнирлік кестесінде 8-орынға жайғасып,  жоғарғы лигада әрең  қалған болатын. Бұл көрсеткішке аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев көңілі толмайтындығын бірден айтты. Одан бөлек  команданың бас бапкері Владимир Никитенкомен жасалған келісімшарттың мерзімі биыл аяқталып отыр.  Сондықтан клуб қазір  жаңа маман іздестіру үстінде. Осы ретте өңір басшысы  бас бапкер таңдауға үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Құрамаға келсек,  бүгінде «Тараз» сапында 10 легионер доп тебуде. Бұл жағдай да облыс әкіміне ұнамай  Бердібек Машбекұлы олардың санын 5-ге дейін қысқартуды міндеттеді.  Оның өзінде легионерлерді қажетті позияциялар бойынша таңдау маңызды екенін баса айтты. Әрине облыс әкімінің айтып отырған сөзі орынды. Себебі «Тараз» футбол клубы жылда легионерлерді лек-легімен алғанымен олардан келіп жатқан пайда шамалы. Бір ғана бразилиялық легионер Еливелто Дантесті мысалға алсақ та жеткілікті.Трансферлік құны төбе шашымызды тік тұрғызған футболшы «Таразды» топ жарғызады деп күтілген. Алайда ел мақтаған Еливелтоның доп тепкеннен гөрі алаңнан қуылған сәті көбейіп, ең соңында клуб басшылығының өзі бұл ең сәтсіз трансфер болғанын мойындаған болатын. Сондықтан бізге қалтаның қамын емес, жеңісті ойлайтын футболшылар керек. Оларға миллиондап айлық төлеудің де қажеті шамалы. Тек, мүмкіндік берсе болғаны, өңір мен клуб намысы үшін барын салатындары анық.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы