Жалған арыз жарға жықты
Жалған арыз жарға жықты

Қазақстанда полицияны жайдан-жай, еш салмақты себепсіз шақырғаны үшін жаза қарастырылған. Мұны қазақстандықтардың көбі білмейді. Соның салдарынан айыппұл арқалап жатады. Мысалы, Павлодарда көлігін қайда тұраққа қойғанын ұмытып қалған жүргізуші оны тауып алу үшін полицияға өтірік өтінішпен жүгінген. Нәтижесінде, жалған арыз беруші ретінде жазаланды.

Мәселенің мән-жайы былай болған: Павлодар облысында полицияға жергілікті тұрғын қоңырау шалып, көлігін белгісіз біреудің айдап әкеткеніне шағымданады. «Содан дереу қалада «Тосқауыл» жоспары жарияланады. Қаланы аралап жүрген автопатрульдердің бірі әлдебір аулада «ұрланды» делінген машинаға ұқсас көлікті байқайды. Автомобильге жақындаған полицейлер көліктің оталып тұрғанын, салонында музыка ойнап жатқанын, ал салонда ешкімнің жоқтығын анықтайды. Кейін белгілі болғанындай, арызданушы мас күйінде автокөлігін қайда қойғанын ұмытып қалған екен», – деді Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонының командирі Ренат Шарипов. Полиция қызметкерлері жалған арыз берушіге қатысты әкімшілік кодекстің «полиция органдарын көрінеу жалған шақыру» фактісі бойынша 438-бапқа сәйкес, әкімшілік іс қозғады. Құқық бұзушыға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде полиция органдарын көрінеу жалған шақырудың 5 фактісі, 2020 жылы 43 фактісі тіркелді.

Елдос СЕНБАЙ