Түркістанда кандидаттар бекітілді
Түркістанда кандидаттар бекітілді

Түркістан қаласында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев төрағалық етті.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 97-1-бабының 5-тармағына сәйкес «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық Саяси кеңес бюросының 13 қаңтардағы шешімімен 37 кандидаттан тұратын тізім бекітіліп, Түркістан облысы мәслихатының VII шақырылымының депутаттары ретінде тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданды. Елбасы, Партия Төрағасы Н.Назарбаев атап өткендей, «Nur Otan» партиясын қайта жаңғырту «Мықты көшбасшылар – мықты партия» қағидатын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік берді. Енді жаңа фракция алдында «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалуын жүйелі түрде бақылау және жаңа реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету міндеттері тұр. Жалпы, Түркістан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының құрамы 60%-ға жаңарды. Орташа жасы – 47, яғни 4 жылға жасарды. Қорытынды партиялық тізім теңдестірілген. Яғни, тізімдегі 24 кандидат – праймериз жеңімпазы, 13 кандидат Саяси кеңес бюросының квотасы бойынша бекітілген. Бұл аймақтық өкілдікті сайлаушылар санына сәйкес пропорционалды түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Партия Төрағасының мәслихаттардағы жастар мен әйелдердің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы нақты іске асырылды. Яғни, «Nur Otan» фракциясының жаңа құрамының 27%-ы әйелдер, 13,5%-ы 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады. Негізінен, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» депутаттық корпусына кәсіпкерлер, білім, денсаулық сақтау, өнеркәсіп саласы, үкіметтік емес ұйым, БАҚ өкілдері және ауыл шаруашылығы саласыныңөкілдері енді. Сонымен бірге 1 көпбалалы ана да ұсынылды.

Абылайхан ЖҰМАШ