Ауылдарды дамыту жалғасады

Ауылдарды дамыту жалғасады

Қарағанды облысының ауылдарын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша дамыту жалғасады. Биыл Осакаров, Абай, Ақтоай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Шет аудандарындағы 11 ауылдық елді мекенге көңіл бөлінеді. Олар әлеуметтік,құрылыс және ТКШ салаларында 19 жобаны іске асыруды көздеп отыр.

Мысалы, Нұра ауданының Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Егінді бұлақта – денешынықтыру және спорт кешенін салу қажет. Шет ауданының Ақадыр кентінде 3,8 шақырым кәріз желілерінің құрылысына және қызмет көрсетуге, сондай-ақ 5 шақырым су құбырының резервтік желісінің құрылысына ақша жұмсалады. Осакаров ауданының Молодежный кенті мен Ақбұлақ ауылында 7 жоба жүзеге асырылмақ. Қаржыландыру бірнеше мектеп пен ауыл жолдарын жөндеуге де бөлінеді. Жалпы, жолдарға келетін болсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыстың үш ауданында 35 шақырым ауылішілік жолдар жөнделеді. Мемлекеттік бағдарлама 2027 жылға дейін есептелген. Облыстың барлық тірек және серіктес ауылдарын қамту міндеті тұр. – Биыл барлық ауданды қамту қажет. Біз жобаның арқасында ауылдардың инфрақұрылымы жақсарып, тірек және серіктес ауылдарда тұратын ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігі артып, тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететінін көріп отырмыз, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 47 жоба бойынша жұмыс жүргізілді. 2020 жылы бұл бағдарламаны қаржыландыру 4 еседен астам ұлғайды. Тоғыз жалпы білім беретін мектеп пен бір спорт мектебі жөнделді, екі аудандық аурухана мен дәрігерлік амбулатория ғимараттары жөнделді. 25 шақырым су құбыры желілері қайта жаңартылды. 70 шақырым кентішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Елдос СЕНБАЙ