Мемлекет басшысы қашықтан оқыту туралы заңға қол қойды. Заңның мақсаты – білім беру процесін одан әрі жетілдіру. Негізіне келсек, қашықтан оқыту мәселелерін реттеуге, қосымша білім беруге және оқулық пен оқу-әдістемелік кешендердің сапасын арттыруға күш салады. Демек, қашықтан оқыту түсінігі заңмен бекиді. Мұнымен не ұтамыз, не өзгереді?
Жаңа жылдағы басты жаңалық – қашықтан оқыту ұғымы бекіп, оқу процесі жүргізу тәртібі нақтыланды. Бұл «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына негізделді. Қашықтан оқыту ұғымын заңмен бекіту жайын депутаттар 2020 жылдың күзінде талқыға салды. Парламент Мәжілісі осы мәселені екінші оқылымда мақұлдап, басым бағыттарын анықтаған-ды. Кейіннен Сенат депутаттары да сенім білдіріп, Президент құзырына өткізген. Сонымен, заң нені құнттайды? «Оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды белгілеу, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарына, үлгілік оқу бағдарламаларына сараптама жүргізу және оларды сынақтан өткізу ұсынылады. Шетелдік білімді және біліктілік шетелдік дипломның баламалығын анықтамай-ақ тануға мүмкіндік беретін «білім туралы құжаттарды нострификациялау» рәсімін «білім туралы құжаттарды тануға» ауыстыру көзделіп жатыр» деген еді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Әбдіманап БектұрғановҚашықтан оқытудың пайдасы зор
Заң жайында сөз қозғағанда «не өзгереді?» дейтін сұрақ туады. Алдымен білім беру ұйымдары қашықтан оқуға уақытша құбылыс ретінде емес, маңызы бар дүние ретінде қарайды. Бұл – оқушылар мен студенттердің шетелде білім алуына, ел ішіндегі қосымша білім беретін ұйымдарға бармай-ақ оқуына жол ашады. Төтенше жағдай тұсында Білім министрлігінің Duolingo сияқты қосымшалардың сертификатын қабылдағаны есімізде. Демек, қай жерде, қандай жағдайда білім алғаның маңызды емес, бастысы – нәтиже. Ал бұл еліміздегі білім жүйесін түбегейлі өзгертері анық.«Білім мазмұнына өзгеріс әкеледі»
Білікті мұғалім Ақмарал Шатемірқызына қашықтан оқытуды заңмен бекіту жайын айтқанымызда, биліктің осы тармақ жайында нақты міндеттерді жариялауын сұрады. «Мектептің бәрін жекеменшікке айналдырып, тегін білім беру ордаларынан айырылып қалмайық. Енді қашықтан оқыту пандемия кезіндегі білім беру құралы ретінде қала ма, әлде түпкілікті қолданысқа ене ме? Әлде, тек инклюзив білім берудің көзі бола ма?», – дейді ол. Педагогтің сөзіне мән берсек, мұғалімдердің ойы екіұшты. Олар министрліктің бағыт сілтеп, түсіндіруін сұрап отыр. Ал қоғам белсендісі Дана Рау қашықтан оқыту түсінігін заңмен бекітудің мектепке берері барын айтады. Қашықтан оқыту өзара қарым-қатынасқа, интеллектуалды-танымдық қасиеттердің дамуына, оқыту мен оқу ресурстарына қойылатын талаптарға, белсенді іс-қимыл әрекеттеріне әсер ететінін түсіндірді. «Президенттің айтуынша, оқулықтың сапасына қойылатын талаптар өзгереді. Менің ойымша, сапасы өз алдына, жалпы оқулықтың мазмұнына талап өзгереді. Қазіргі балалар ақпаратты аудио-визуалды қабылдайды. Яғни, теориялық мазмұнынан гөрі визуалды мазмұнына мән береді. Сол себепті мультимедиалы, цифрлы құрылғыларға сұраныс артады. Оқулық тек навигаторлық (сілтемелі) рөл атқаратын құралға айналады. Қашықтан оқытудың өзі о бастан сондай талап қойып отыр. Заң тек құжат қана. Әдеттегі өмірдің өзі ешқандай қағаз заңына бағынбай, «өз заңдылықтарын» орнатады. Тіпті, жалпы білім мазмұны да әбден өзгеруі ғажап емес », – дейді Дана Рау. Ұстаздардың пікіріне зер салсақ, қашықтан оқытудың маңызын түйсінген бір бөлек, оны заң тұрғысынан қарап, білім мазмұнымен ұштастыру бір бөлек. Алда орасан зор жұмыс күтіп тұр. Жоғарыда айтқандай, сапа талап етуден бұрын заң жүйесінің заманмен қабысқаны керек.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ