Қазақстанның 14 өңірінде коронавирустың 140 түрлі жаңа штамы анықталды. Олар Германия, Испания, Украина, АҚШ және Қытайдан елге жетіп, әбден мутацияланған. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі. ДСМ-ның Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев COVID-19 індетінің аса қауіпті британдық штамының елге жетуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Жаңа вирус таяп қалды
Әзірге 14 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда британдық штамм жұқтырған сырқат тіркелген жоқ. Комитеттің сендіруінше, елде әшкереленген және зерттелген өзге вирус түрлері бір-бірінен көп ерекшеленбейтін болып шықты. «Нәтижесінде, қандай штамм айналымда жүргеніне қарамастан, тиімді бір вакцинаның өзі оның кез келгенінен қорғай алады. Алайда Ұлыбританияда табылған және мутацияланған коронавирустың елімізге келуін мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Себебі шетелден вирустың өзге түрлері енуі ықтимал», – деді Е.Байтанаев. Жаһандық пандемияның жаңа толқынын тудыруға қауқарлы жаңа вирус ел іргесіне таяды. 2021 жылғы 10 қаңтарда көрші Ресей COVID-19 британдық штамын жұқтырудың бірінші дерегі тіркелгенін хабарлады. Ол «тұманды Альбионнан» оралған ресейлікпен ере келіпті. КВИ-дің жаңа нұсқасы 2020 жылдың желтоқсанында әлемге жайыла бастады. Алғаш рет Ұлыбритания корольдігінде тіркелгендіктен, ақпарат құралдары да оны осы елдің атымен атап кетті. ДДСҰ оған коронавирустың MERS-CoV-2 VI 2012/01 немесе VOC-202012/01 түрі деген атау беріп отыр. Жаңа штамды зерттей келе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «оның бұған дейін белгілі болған коронавирус инфекцияларына қарағанда 50-70%-ға жылдам жұғатынын» мәлімдеді. Көршіде азаматтардың саламаттылығына жауапты федералдық қызмет – «Роспотребнадзор» басшысы Анна Попова мұндай мәліметтер қатты алаңдаушылық туғызатынын жеткізді. Ол екі маңызды жайтқа назар аудартты: біріншіден, қазір қолданылатын ПТР-тесттер бұл вирусты да анықтай алады. Екіншіден, КВИ-ге қарсы тиімділігін паш еткен вакциналар жаңа штамнан да қорғауға қабілетті. ДДСҰ ақпараттық эпидемиологиялық бюллетенінде атап өтілгендей, бүгінде британдық штамм әлемде кем дегенде 41 елге қанат жайып үлгерген. Олардың арасында шығыс көршіміз Қытай, сондай-ақ Түркия, АҚШ, Тайланд, Грекия, Кипр және басқасы бар.Әлем жаңа штамның құрсауында
Лондон университетінің эпидемиология жөніндегі аға оқытушысы Дипти Гурдасани жаңа штамның балалар үшін қауіпті екеніне назар аудартты. Соның кесірінен Ұлыбританиядағы ахуал ушыға түсуі мүмкін. Бұрынғылардан айырмашылығы сол британдық вирус 19 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге де анағұрлым көп жұғады. Осы жас тобын кең жайласа, онда VOC-202012/01 балалар арқылы ересектерге де көбірек жұға бастайды. Тиісінше, бұл індеттің жедел қарқынмен тарауына, сырқаттардың көбірек қайтыс болуына соқтыруы ғажап емес. Жаңа вирус негізінен Батысты дүрліктіруде. Лондонда локдаун жарияланды. Еуропа елдері ең басты мейрам саналатын Рождество мен Жаңа жылды кең ауқымда тойлатпады: дүкендерді, ойын-сауық мекемелерін, сауда орталықтарын, музейлер мен кинотеатрларды жауып, мерекелеуді отбасы ауқымымен шектеді. Ұлыбританияның үкімет басшысы Борис Джонсон жаңа статистикалық деректерге жүгіне отырып, тек Англияның өзінде вирус жұқтырғандар саны еселеп артып жатқанын мәлімдеді. Мысалы, 2020 жылдың күзінде бұл елде күн сайын COVID-19 індетін жұқтырған адамдардың саны 35 мыңға жетті. Оның алдында екі еседей аз болатын. Ал 2021 жылғы қаңтардың ортасына таман бұл тәуліктік көрсеткіш 47 мыңнан асып отыр. Ауруханалар сырқатқа аузы-мұрнынан шыға толған соң Ұлыбритания амалсыз карантинге жүгінуге мәжбүр болды. Ұқсас шаралар өзге елдерде де енгізілуде. Германия 16 желтоқсанда жарияланған қатаң карантинді 10 қаңтарда жоймақ болған, енді жаңа індетке бола 31 қаңтарға дейін ұзартты. Британдық штамнан үрейленген Нидерланд қатаң карантинді 9 ақпанға дейін енгізді. Аустрияда қатаң локдаун 26 желтоқсанда қабылданған-тын. Оның қашан аяқталары белгісіз. Италияда жалпыұлттық карантин іске қосылды: ел жұқтырғандар санына қарай аймақ-зоналарға бөліп тасталды. Қызыл аймақта – коменданттық сағат енгізілген.Вирус түрі – жаңа, күрес тәсілі – ескі
Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай нашарлағанын мәлім етті. Карантиннен шаршаған халық шектеулерге немқұрайды қарайтын болған. Мысалы, сауда орындары, дәмхана-мейрамханаларда бетпердесіз жүрген адамдар көбейді. Салдарынан Қазақстан тәуекелі төмен «жасыл» аймақтан орташа қауіпті «сары» аймаққа ауысты. «Қостанай және Ақмола облыстары орташа қауіпті сары аймақтан қызыл аймаққа ауысты. Қазір тәуекелі орташа немесе сары аймақта Алматы мен Нұр-Сұлтан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстары тұр. Соңғы айда Батыс Қазақстан облысы жасыл аймақтан сарыға көшірілді. Қалған өңірлер жасыл аймақта», – деді Е.Қиясов. Дегенмен дүрбелең байқалмайды. Коронавируспен күреске бөлінген төсек-орынның 30%-ы немесе 5 732-сі төсекте науқас емделіп жатыр. Реанимациялық төсектердің 20%-ы (357 төсек) бос емес. Бір жақсысы, өткен жылдан бері пандемиямен тегеурінді күресіп, біраз тәжірибе жинаған, жаттыққан жауапты қызметтер жаңа штамға әзірше лайықты тосқауыл қоюда. Мысалы, шетелден елге кіретін барлық адамнан коронавирусқа тексерілгенін және одан ада екенін растайтын анықтама талап етіледі. Онысы болмаса, 3 күнге карантинге жабылады. Яғни, ағылшын штамын шекарада әшкерелеуге және сырқатты дереу оқшаулауға мүмкіндік мол. Әйтпесе, 2020 жыл басында жатжұрттардан ұшып келген жолаушылар әуежайларда қызуын да өлшетпестен өз ауыл-қалаларына тарап кететін. Сөйтіп, елге SARS-CoV-2 енген. Пандемия басталғалы Қазақстанда 5 миллионнан астам зерттеу жүргізілді. Күн сайын зертханаларда 40 мыңға дейін тест жасалады, тәулігіне 100 мыңға жуық зерттеу жүргізу әлеуеті бар. III тоқсаннан бастап, елде оқыту форматы өзгертілді: мектеп бітіретін 9, 11, 12-сыныптар үшін аралас оқытуға ауысты. Колледждер мен жоғары оқу орындарының І курс студенттері үшін оқу жылының екінші семестрінен бастап штаттық оқытуға рұқсат етілді. Е.Қиясовтың байламынша, егер қазақстандықтар бетперде кию, санитайзерлерді пайдалану сияқты барлық сақтық шараларын сақтаса, індет алапат ауқым алмайды. «Англияда анықталған коронавирустың жаңа штамы Аустралия, Дания, Италия, Исландия, Нидерланд, Ресей және басқасында анықталды. Алдын ала деректер бойынша аталған вирус жастар арасында белсенді таралуда. Бізде індетті зерттеу жалғасуда. Қазақстанда вирустың бұл типі әзірге анықталған жоқ. Вирустың ауамен, тамшымен (түкірік, тер) берілетінін ескерсек, жаңа штамның елімізге де келуі қаупін жоққа шығаруға болмайды», – деді мемлекеттік бас санитар дәрігер. Оның айтуынша, ұсыным өзгерген жоқ: қазақстандықтарға қонаққа бармауға және қонақ шақырмауға, жеке гигиена және респираторлық гигиена ережелерін сақтауға, қоғамдық орындарда алшақтықты ұстануға, медициналық бетперде тағуға, антисептиктер қолдануға кеңес беріледі.