Кинотеатр көп, кино жоқ
Кинотеатр көп, кино жоқ
114
оқылды

Былтыр қараша айының басында еліміздің кей қа­­лаларында кинотеатрлар ашыла бастаған еді. Пандемиядан мол зардап шеккен саланың бірі осы – киноиндустрия. Енді ақпанда кинотеатрлардың жартысы түбегейлі жабылуы мүмкін. Демек, шығынға батқан ұжымдардың оңалуы неғайбіл секілді. Бұған карантиннен бөлек кесірін тигізген басқа себеп бар ма?

Шығын еселенбек

Жалпы, елімізде пандемияға дейінгі кезеңде 92 кинотеатр жұмыс істеп тұрды. Қазір бұл сан 70-ке дейін азайған. Оларға қарасты 350 кинозал бар. Қарашаға дейін 7 кинотеатр банкрот болып, түбе­гейлі жабылған еді. Қара құрдымға Семейдегі әйгілі «Еңлік-Кебек» театры да кетті. Мамандар Қа­зақстандағы әрбір бесінші театр жабылуы мүмкін екенін айтады. Бұл дегеніңіз тағы 20-ға жуық ки­нотеатр пандемияның залал-жүгін еңсере алмай тұрғанын аңғартады. Ал мұның бәрі қаржылық шығынға тіреліп отырғаны айтпаса да белгілі. Бұл болжам ақыры шын­дыққа ұласқандай, тіпті жабы­латын ки­нотеатрлар көп болып шықты. Карантинге байланысты кино­театр басшылары жеке табыс салығынан, әлеуметтік салықтан, зейнетақы төлемдері мен әлеу­меттік медициналық сақтандыру төлемдерінен толық босатылған еді. Мұндай игілік бәрібір олардың шығынын жаппайтыны анық. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қазан айында елдегі кинотеатрлардың шығыны 20 млрд теңге болғанын айтқан. Дегенмен осы тұста мәселе туындады. Министр мен кинотеатр басшыларының алға тартқан есебі екі түрлі шықты, ведомство бас­шысы шығынды азайтып көр­сеткенге ұқсайды. Әріден бастасақ, киноны халыққа таратушы ком­паниялар індет басталмай тұрып, соңғы 2 жылда рекордтық табыс түсіріпті. Жалпы айналым 90 млрд теңге, оның 70 млрд теңгесі билет сатудан, қал­ғаны кинозал кіре­берісінде түрлі тағам, сусындар сатудан келген. 2020 жылдың та­мыз айында ки­нотеатр иелері осы қаржы айна­лымы 2 есе азайып, 40 млрд табыс­тан қа­ғыл­ғандарын айтты. Ал қыркүйек айы­­ның соңында Кинотеатр иелері қауым­дас­ты­ғының президенті Мунира Ягудина саладағы шы­ғынның 150 млрд теңгеге жуық­тағанын жет­кізді. Қарасаңыз, қауымдастық ес­е­біндегі шығын министр есе­біндегі сан­дардан бір емес, бірнеше есе көп. Қазанның соңында қауым­­­дастық пре­зи­дентіне нақты шығынды сұрап хабарлас­қаны­мызда, есепті айта алмаса да, Ақ­тоты Райым­құлова келтірген де­ректі жоққа шығарған болатын. Бұдан кейін, 26 қазаннан бастап Қазақстанда бірлі-жарым кино­театрлар залдағы орындардың 30 пайызы толатындай көрермен қа­былдап, жұмысын бастауға мүм­кіндік алған. Мұның өзі тек оларды уақытша сақтап қалудың амалы сынды көрінген. Ал енді ақпанда көптеген кинотеатрлар жұмысын тоқтатып, онымен қоса банкрот болып, жабылатыны айтылып жүр. Оған не себеп болып жатыр?

  кинотеатр

Фильмдер дағдарысы

Қазақстандық кино­театр­лардың бір бөлігі жалға берілетін фильмдер болмауына байланысты жабылуы мүмкін. Бұл мәліметті жуырда Қазақстан Кинотеатрлар иелері қауымдастығы жариялады. Еліміздегі кинотеатрлардың 32-сі қауымдастыққа қарайды. Бір­лестікте кинотеатрларды жабу мәселесі талқыға түскен. Бұған шы­ғынның көбейгені ғана емес, Голливуд және отандық кино премьералардың карантинге бай­ланысты кейінге қалуы себепкер болып отыр. Бүгінде Голливудтың көптеген студиясы осы 2021 жыл­дың қыс пен көктеміне жос­парланған фильм премьераларын жалғасып жатқан пандемияға бай­ланысты күзгі маусымға ше­герген. Сондықтан кинотеатрлар жақын арада көрерменге ұсынатын жаңа туынды болмай, тапшылық көріп жатыр. Одан бөлек, қауым­дастық дерегіне сенсек, қазақ­стандық продюсерлер де өз картиналарының премьераларын кейінге шегеріп тастаған. Дегенмен қазір ресейлік фильмдер үздіксіз жарыққа шығып жатқанымен, оған мүлде сұраныс жоқ екен. Осыған орай, Қазақстан Кинотеатрлар иелері қауым­дас­тығының президенті Мунира Ягудинамен аз-кем пікір алмасқан едік. – Алдынан бері айтып келеміз. Прокатта Ресейден келген фильм­дер көп, алайда отандас­тарымыз тарапынан оларға деген сұраныс жоқ. Ресейліктер кино түсіріп, оны көрсетуге қуана-қуана келісіп отыр. Бірақ амал не, көрермен көр­ші ел туындыларын бұрынғыдай қарамайды. Сосын біз де сұранысқа сай қимылдаймыз. Қазір 16 қа­зақстандық картина прокатқа шы­ғаруға дайын. Қазақстандық фильм­дер сұранысқа ие. «Сөреде жат­қан» фильм көп, бірақ про­дюсерлер оны көрсеткісі жоқ. Қазанның соңында кинотеатрлар ашылғаннан кейін қазақстандық үш фильмді көрсеттік. Олар про­катта жақсы өтті және жақсы касса жинай білді. Бірақ оңалып кетердей жағдай болмады, – дейді ол. Қауымдастық басшысының айтуынша, енді кинотеатрларды 1 ақпаннан бастап үш айға жаба тұру мәселесі сөз болып жатыр. – Жансақ көзқарастар да жетерлік. Голливуд киносы қазақ­стандық киноға үлкен касса жи­науға мүмкіндік бермейді деген әңгімелер айтылды. Қазір Голли­вудтан кино жоқ, ал біздікілер ки­носын прокатқа шығармай отыр. Егер залды 50 пайызға дейін тол­тыруға рұқсат берсе, қазақ­стандық продюсерлер бізге кино ұсынса, бұл әңгіме шықпайды. Бар­лық кинотеатрлар жабылған пандемия кезде бізден ешкім жал­дау ақысын сұрамады. Қазір жұмыс форматы өзгерді демесеңіз, біз ашылдық. Алайда қызмет­керлердің жала­қысы, коммуналдық қызмет, жал­дау ақысын төлеуіміз қажет. Яғни, фильм жоқ болса, қаражат та жоқ, – деп түйіндеді Мунира Ягудина. Мамыр айының басына Гол­ливудтың кей фильмдерінің премье­ралары жоспарланған. Енді бар үміт сонда. Былтыр наурыздан бастап жұмыс істемеген кино­театрлардың оңалуы қиын сияқты. Бұл бір тиегі ғана, шығын арта берсе, тығырықтан шығатын жол – банкрот болары айтпаса да белгілі.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ