Былтыр қараша айының басында еліміздің кей қалаларында кинотеатрлар ашыла бастаған еді. Пандемиядан мол зардап шеккен саланың бірі осы – киноиндустрия. Енді ақпанда кинотеатрлардың жартысы түбегейлі жабылуы мүмкін. Демек, шығынға батқан ұжымдардың оңалуы неғайбіл секілді. Бұған карантиннен бөлек кесірін тигізген басқа себеп бар ма?
Шығын еселенбек
Жалпы, елімізде пандемияға дейінгі кезеңде 92 кинотеатр жұмыс істеп тұрды. Қазір бұл сан 70-ке дейін азайған. Оларға қарасты 350 кинозал бар. Қарашаға дейін 7 кинотеатр банкрот болып, түбегейлі жабылған еді. Қара құрдымға Семейдегі әйгілі «Еңлік-Кебек» театры да кетті. Мамандар Қазақстандағы әрбір бесінші театр жабылуы мүмкін екенін айтады. Бұл дегеніңіз тағы 20-ға жуық кинотеатр пандемияның залал-жүгін еңсере алмай тұрғанын аңғартады. Ал мұның бәрі қаржылық шығынға тіреліп отырғаны айтпаса да белгілі. Бұл болжам ақыры шындыққа ұласқандай, тіпті жабылатын кинотеатрлар көп болып шықты. Карантинге байланысты кинотеатр басшылары жеке табыс салығынан, әлеуметтік салықтан, зейнетақы төлемдері мен әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен толық босатылған еді. Мұндай игілік бәрібір олардың шығынын жаппайтыны анық. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қазан айында елдегі кинотеатрлардың шығыны 20 млрд теңге болғанын айтқан. Дегенмен осы тұста мәселе туындады. Министр мен кинотеатр басшыларының алға тартқан есебі екі түрлі шықты, ведомство басшысы шығынды азайтып көрсеткенге ұқсайды. Әріден бастасақ, киноны халыққа таратушы компаниялар індет басталмай тұрып, соңғы 2 жылда рекордтық табыс түсіріпті. Жалпы айналым 90 млрд теңге, оның 70 млрд теңгесі билет сатудан, қалғаны кинозал кіреберісінде түрлі тағам, сусындар сатудан келген. 2020 жылдың тамыз айында кинотеатр иелері осы қаржы айналымы 2 есе азайып, 40 млрд табыстан қағылғандарын айтты. Ал қыркүйек айының соңында Кинотеатр иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудина саладағы шығынның 150 млрд теңгеге жуықтағанын жеткізді. Қарасаңыз, қауымдастық есебіндегі шығын министр есебіндегі сандардан бір емес, бірнеше есе көп. Қазанның соңында қауымдастық президентіне нақты шығынды сұрап хабарласқанымызда, есепті айта алмаса да, Ақтоты Райымқұлова келтірген деректі жоққа шығарған болатын. Бұдан кейін, 26 қазаннан бастап Қазақстанда бірлі-жарым кинотеатрлар залдағы орындардың 30 пайызы толатындай көрермен қабылдап, жұмысын бастауға мүмкіндік алған. Мұның өзі тек оларды уақытша сақтап қалудың амалы сынды көрінген. Ал енді ақпанда көптеген кинотеатрлар жұмысын тоқтатып, онымен қоса банкрот болып, жабылатыны айтылып жүр. Оған не себеп болып жатыр?
Фильмдер дағдарысы
Қазақстандық кинотеатрлардың бір бөлігі жалға берілетін фильмдер болмауына байланысты жабылуы мүмкін. Бұл мәліметті жуырда Қазақстан Кинотеатрлар иелері қауымдастығы жариялады. Еліміздегі кинотеатрлардың 32-сі қауымдастыққа қарайды. Бірлестікте кинотеатрларды жабу мәселесі талқыға түскен. Бұған шығынның көбейгені ғана емес, Голливуд және отандық кино премьералардың карантинге байланысты кейінге қалуы себепкер болып отыр. Бүгінде Голливудтың көптеген студиясы осы 2021 жылдың қыс пен көктеміне жоспарланған фильм премьераларын жалғасып жатқан пандемияға байланысты күзгі маусымға шегерген. Сондықтан кинотеатрлар жақын арада көрерменге ұсынатын жаңа туынды болмай, тапшылық көріп жатыр. Одан бөлек, қауымдастық дерегіне сенсек, қазақстандық продюсерлер де өз картиналарының премьераларын кейінге шегеріп тастаған. Дегенмен қазір ресейлік фильмдер үздіксіз жарыққа шығып жатқанымен, оған мүлде сұраныс жоқ екен. Осыған орай, Қазақстан Кинотеатрлар иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудинамен аз-кем пікір алмасқан едік. – Алдынан бері айтып келеміз. Прокатта Ресейден келген фильмдер көп, алайда отандастарымыз тарапынан оларға деген сұраныс жоқ. Ресейліктер кино түсіріп, оны көрсетуге қуана-қуана келісіп отыр. Бірақ амал не, көрермен көрші ел туындыларын бұрынғыдай қарамайды. Сосын біз де сұранысқа сай қимылдаймыз. Қазір 16 қазақстандық картина прокатқа шығаруға дайын. Қазақстандық фильмдер сұранысқа ие. «Сөреде жатқан» фильм көп, бірақ продюсерлер оны көрсеткісі жоқ. Қазанның соңында кинотеатрлар ашылғаннан кейін қазақстандық үш фильмді көрсеттік. Олар прокатта жақсы өтті және жақсы касса жинай білді. Бірақ оңалып кетердей жағдай болмады, – дейді ол. Қауымдастық басшысының айтуынша, енді кинотеатрларды 1 ақпаннан бастап үш айға жаба тұру мәселесі сөз болып жатыр. – Жансақ көзқарастар да жетерлік. Голливуд киносы қазақстандық киноға үлкен касса жинауға мүмкіндік бермейді деген әңгімелер айтылды. Қазір Голливудтан кино жоқ, ал біздікілер киносын прокатқа шығармай отыр. Егер залды 50 пайызға дейін толтыруға рұқсат берсе, қазақстандық продюсерлер бізге кино ұсынса, бұл әңгіме шықпайды. Барлық кинотеатрлар жабылған пандемия кезде бізден ешкім жалдау ақысын сұрамады. Қазір жұмыс форматы өзгерді демесеңіз, біз ашылдық. Алайда қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық қызмет, жалдау ақысын төлеуіміз қажет. Яғни, фильм жоқ болса, қаражат та жоқ, – деп түйіндеді Мунира Ягудина. Мамыр айының басына Голливудтың кей фильмдерінің премьералары жоспарланған. Енді бар үміт сонда. Былтыр наурыздан бастап жұмыс істемеген кинотеатрлардың оңалуы қиын сияқты. Бұл бір тиегі ғана, шығын арта берсе, тығырықтан шығатын жол – банкрот болары айтпаса да белгілі.