Ол ұялшақ... Иә...Иә... Дұрысы, оның бойында ішкі тәрбие, яғни әкенің қанымен, ананың сүтімен даритын тәртіп бар. Жалпы, Мұсақожа асықпай-аптықпай, абыржымай жайбарақат жүретін жан. Әсіресе, тұрмыс жағдайына байланысты ол әкімдердің алдына барып, үй сұрап немесе орден, медаль, атағы жоғын айтып, жылап-сықтап, болмаса «үй салуға жер беріңіз» дейтін адам емес. «Бұйырғанын көрерміз» деп жүре беретін актер. Алайда Мұсаға «осы ауылда пәлен деген өзен бар, онда балық бар» деп айтса болды. Ол таңғы 3-4-те сол жерде болады. Оған балыққа бару – үлкен бақыт, зор қуаныш. Ол осы кезде өзімен-өзі оңаша қалады. Ойға батады.
Мұсақожа сахнаға шыққанда дауысы гүрілдеп, үлкен көздері бақырайып, бажырайып, бойы сорайып кеткендей болады. Қазақ мұндайларды «арқасы бар» дейді. Мұсақожа Әжібеков Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының әртісі. Оның 45 жылдық сахналық ғұмырында ойнаған рөлдері 100-ден асып кетті. Мұсақожа сондай. Рөл таңдамайды. Қазақ театрының да «кәсіби» аурулары баршылық. Мысалы, егер актер «еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болды ма, әлгі «әртіс мырза» тек басты рөлді ойнайды. Массовка тұрмақ, эпизодқа трактормен тартып сахнаға шығара алмайсыз. Себебі ол – «қайраткер». Яғни, әлгі кісі ескерткішке, мүсінге айнала бастайды. Маңайына ақыл айтып, планерка-лездемеде орынды, орынсыз пікір білдіріп, «қайраткерлік нұрын» маңайына төге бастайды. Ал Мұсақожа ондай емес. Жанына қатты батпаса сөйлемейді. Ешкімге ешқашан ақыл айтқан емес. Оның бар білетіні, берілген кез келген рөлді ойнай береді. Барын салып, жанын салып ойнап шығады. Былтыр аяғы шорт сынып, жүрмек түгілі, түрегеп тұруы да мұң болғанда Мұса екі күн сахнада болды. Иә, бұл – жанкештілік... Киелі сахнаға деген құрмет, сыйлағандық, сүйгендік. Алайда Әжібековтің осындай «ерлігін» елеп жатқандар шамалы. Осындайда Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» деген пьесасы еске түседі. Мұса ол спектакльде ассистент болып ойнады. Қазақ өнерінің дара актері, дана актері Нұрмұхан Жантөриннің партнері болды. Мұсаның ол рөліне көрермен де, театр мамандары да, әсіресе Нұраға қатты риза болған. Сол спектакльде «Аз да болса айбатты, қораш та болса қайратты» дейтін сөздер бар. Құдды дәл Мұсақожаға арналған сияқты. Әжібековтің қолына тиген қай кейіпкер де әрленіп, ажарланып, айбаттанып, қайраттанып шыға келеді. Мұсақожа – қазақ режиссурасының іргетасын қалаған тұңғыш кәсіби режиссер, Қазақстаннның халық әртісі, профессор Асқар Тоқпановтың шәкірті. Бүгінде ол курстағы 20 адамнан сахнада қалған жалғыз ғана – Мұсақожа. «Батыр аңғал келеді» деген рас. Мұсаның бойында батылдық, батырлық, аңғалдық бар. Сосын ол өте намысшыл. Оның намысшылдығын студент кезіміздегі бір оқиға есіме түсіреді. Біз ол кезде 1-курста оқып жүрген кезіміз. Театр факультетінің консерваториядан бөлінбеген кезі. Аудиториялар бірде жетсе, бірде жетпейді. Сол себепті біздің «актер шеберлігі» сабағы ТЮЗ-дің екінші қабатындағы үлкен залда өтеді. Ескі ТЮЗ, яғни өртеніп кеткен Жастар театры, қазіргі Абылай хан мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында болатын. Көктем кезі. Мамыр айы... Алатаудың басындағы аппақ қардың әр жері сөгіліп, күн тез ысып кеткен кез болған соң, терезелердің бәрі ашық тұрады. Ұстазымыз Асекең-Асқар Тоқпанов өте сырбаз кісі. Қашан көрсең де үсті-басы мұнтаздай, қап-қара бұйра шашын артқа тараған, ақ көйлек, галстук, қара костюм шалбар. Бір Асекең-бір театр. Абайдан бастап бәрін жатқа соғады. Біресе күлсе, бір сәтте жылап қоя береді. Бірде Асекең сабаққа кешігіп келді. Ұнжырғысы түсіп кеткен. Көңіл күйі жоқ. Ұстазымыз есіктен кіре сала апшымызды қуырып, есімізді ала бастады. «Бүгін кім этюд көрсетеді», – деді. – Әжібеков, кәне сен шық. –Мұса имене басып этюд көрсетті. Этюд – затсыз қимылмен ғана кез келген жан-жануар, оқиғаны көрсету. Мұсақожа трамвайдағы жігітті көрсетуге кірісті. Бір кезде «трамвай» тоқтап, жолаушы жігіт теңселіп, тербеліп барып, құлап қалуға сәл қалды да, бойын жинап тұрып қалды. Бұрыштан «билеттеріңізді көрсетіңіздер» деген дауыс саңқ ете қалғанда, Мұса қасындағы жолаушыларды итере, жабыла берген есікті әзер ашып, далаға зып берді. Этюд бітті. Асекең Әжібековтің шаңын шығарды. – Әй халтурщик, сорайған сорлы... Неге жүгірдің? Қайда кеттің? Түсіндір енді, – деп Асекең этюдті талдай бастады. Әр сөзінде, «сверх задача», «сквозное действие», «Константин Сергеевич Станиславский», «надо верить»... «Не верю» деген тіркестер кетіп жатыр. «Айт, бізге түсіндір, «сверх задачаң» не?» – Енді сверх... задача... контролерден қашу, билетім жоқ болған соң...– деп Мұсақожа ақтала бастады. Асекең болса, қаһарына қайта мінді... Халтурщик, идиот, былжырақ, мен сенің қашқаныңа да, қорыққаныңа да сенбеймін. «Не верю» – дегені. – Кәне, қайта көрсет... Тағы да сол «трамвай». Жоғарыдағы белдеуден ұстап тұрған студент шайқалып тұр. Бір сәт ол бұрышқа қарады да, көзі бақырайып тұрып қалды. Осы кезде трамвай да тоқтаған. Ішке біреулер кірген сияқты. Тағы да дауыс... «Билеттеріңізді көрсетіңіздер... Кәне, кәне» Мұса тағы да шайқалып барып, түзелді де, жабыла берген есікті иығымен итере ашып, «трамвайдан» атып шықты да терезеге жүгірген, көзді ашып-жұмғанша 2-қабаттан далаға бір-ақ секірді. Бүкіл курстың «ах» деуге де мұршасы қалған жоқ. Жүрегім зу ете қалды. Қыздар жағы енді шуылдап қоя берді. Курстағы старостамыз Жайлаубек Нағашыбаев терезеге барып сыртқа қарады. Ұстазымыз Асқар Тоқпанов боп-боз боп кеткен. – Аман... Аман Мұса... – деген Жайлаубектің дауысы ғана біздің әлдеқайда ұшып кеткен есімізді орнына қайта шақырғандай болды. – Вот ақымақ, вот идиот! – деген бір сәт Асекең, бірақ Әжібеков молодец! Есть вера. А это самое главное в актере. Аздан соң бір аяғын сылтып басып Мұса кірді. – Міне, жарадың Әжібеков. Сен «сверх задачаны, сквозной действиені» дұрыс жасадың. Отыр «5» деді. Мұсақожа оқу бітірген соң жаңадан ашылған Талдықорған облыстық драма театрына жұмысқа кірді. Ол кезде оқу бітірген жастардың ең үлкен мақсаты Алматыда қалу болатын. Мұса дипломдық жұмыста К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» пьесасындағы басты рөл Труффальдиноны ойнады. Ұзын бойлы, арықтау келген, цирктегі клоундай биді де билейді, шпагамен де сайысады, секіру, құлауды да өзі жасайды. Ең бастысы, Мұсаның Труффальдиносы нағыз қазақи – аңғал, аңқау, арамдығы жоқ, елгезек. Ғашығы Смеральда үшін бәріне дайын далбаңдаған жас жігіт. Ол ешқашан өтірік айтпайтын, ұрлық жасамайтын, адал да сенімді дос... Біреулер махаббат үшін өлуге дайын, біреулер өлтіруге дайын болса, ал Труффальдино сәл-пәл ғана өтірік айтады. Амалсыз қожайынын алдайды. Себебі ол – сәбидей пәк, күнәсіз, періштедей бейкүнә. Сондықтан да спектакльдің соңында барлық кейіпкерлері өз махаббаттарына кездесіп, бақытты болады. Олардың осындай бақытты болуы – тек Труффальдино Мұсаның ақкөңіл, адал еңбегінің арқасы. Жер жәннаты Жетісу Мұсаны өзекке тепкен жоқ. Құшақ жая қарсы алды. Театрдың сол кездегі директоры Қалмахан Бейсенбинов жас актерге 3 бөлмелі үй берді. Иә, Қалмахан Бейсенбинов таланттарды тани білетін, қазақ театр тарихындағы нағыз кәсіби менеджердің бірі де бірегейі болатын. Өкінішке қарай, бүгінде көп бастықтар сондай азаматтарды ұмытып кеткен заман болды. Жас театрдың режиссерлері – тәжірибелі, өмірдің де, өнердің де қызығы мен шыжығын қатар көрген аға буын Мұхтар Қамбаров пен Әзірбайжан Мәмбетовтің курсын енді бітіріп келген Сәулебек Асылханов. Шыны керек, екі режиссер де жаңа ашылған өнер ордасының аяқтан тұрып кетуіне орасан зор еңбек сіңірді. Алғашқы қойылымдар актерлердің дипломдық жұмысы болса, Сәулебек келген соң көптеген заманауи, тарихи дүниелер сахнаға жол тартты. Әсіресе, Ақсудан шыққан азамат әдебиетші, тарихшы, майдангер Тәңірберген Қалилахановтың «Алтын бесік» пьесасы тың тақырып болатын. Ол кезге дейін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», яғни жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ елінің ерлігі тек әдебиетте еді. Ал сахна мен экранда ол образдар жоқтың қасы-тын. Әсіресе, Абылайдың ерлігі, ерекшелігі, тұлғасы, таланты, даралығы мен даналығы көп айтылмайтын. Осы тақырыпты жас режиссер Сәулебек Асылханов қолға алды. Абылайды театрдың тісқаққан актері Тілек Әбжалиев пен Мұсақожаға сеніп тапсырды. Екі актер де өте нанымды, өте бір жауапкершілікпен ойнады. Тілектің бұл рөлі асықпай тоқталатын, ат үстінде амандаспай, арнайы зерттеуді қажет ететін жұмыс. Бұйыртса, жазылар деген үміттемін. Мұсақожа Тілек Әбжалиевке қарағанда жас, жаңадан келген «пацан». Алайда Әжібеков бұл рөлді ерекше ыждағаттықпен ойнады. Соңғы сахна Абылайдың Шарыштың басын шауып, Қалдан Сереннің қалың әскерінен қазақ жерін азат еткендегі монологі. Сендер ерікті ел болсын деп, Ертіс үшін егістік, Барлық үшін барыстық. Жетісу мен Арқаны Жаудан қорғап қалыстық. Сендер ерікті ел болсын деп, Қып-қызыл қанға батыстық. Енді осы атамекен алтын бесіктеріңді ешбір жауға аттатпаңдар! Ата-баба қаны сіңген қасиетті топырағын жау табанына таптатпаңдар! Бабаларыңнан қалған мұра – осы сендерге! Драматургияда да әдебиет секілді классика деген ұғым бар. Ол қай кез, қай дәуірде де өміршеңдігін жоғалтпайды. Өмірден өтіп кетсе де Тәңірберген Қалилахановтың осы жазған дүниесі әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, күн өткен сайын жаңарып, жаңғырып, жайнай түскен сияқты. Мұсақожаның Абылайы – елі үшін, жері үшін, алтын басын ажалға тіккен ақылды, арда тұлға. Осы сахнада актер Мұсаның екі жанары қып-қызыл боп қанталап, көзден аққан ыстық жасы бетін жуған. Бұл жас өкініштен гөрі қуаныш жасындай. Бұл – жеңіс жасы. Бұл – Абылайдың адами болмысы. Таңғы шықтай тап-таза Абылай – Мұсаның көзмоншағы. Мұсақожа 2 сағат жүретін спектакльдің соңында дауысы зорайған, алайда қарлыққан, үсті-басы малмандай су, алайда бұл еңбектің ащы тері, бойы да өскендей, бұл – шаршау мен арыған азаматтың келбеті. Бұл әртіс Әжібековтің қазақ сахна тарихындағы орны да, жөні де ерекше рөлі еді. Мұсақожа көпбалалы отбасынан шыққан. Әкесі Ержұма ақсақал гармон тартып, домбыра шертетін, ән салатын еді. Анасы да нәзік дауысы бар әнші болатын. Мұсаның алғашқы жұбайы Айнагүл хореография училищесін бітірген биші болған. Әсіресе, алғашқы жылдары театрдың спектакльдеріндегі би, пластикалық қозғалыс бәрі Айнагүлдің мойнында болды. Айнагүл жақсы биші ғана емес, ерекше әдемі дауысы бар әнші де еді. Бүгінде екеуінен өрген екі қыз, бір ұл бар. Үлкені Эльвира бала-шағалы, Алматыда тұрады. Мөлдір болса Америкада. Ал Мерей әке жолын қуған, Ғ.Мүсірепов театрының дарынды актері. Жазғыштығы да бар. Қолы тигенде жазып тұрады. Мұсақожаның репертуарында қызығуға, қызғануға да тұрарлық образ жетерлік. Оның кез келген рөлдері зерттеуге лайық дүниелер. Бүгінде Қазақстанда театр жетерлік. Актерлер де баршылық. Алайда талант деген әңгіме жайлы ұғым болса, сөз жоқ Мұсақожа Әжібековтің алдыңғы қатарда тұрары хақ. Жалпы, Мұсақожа жан-жақты актер. Ол Кенесарыдан Қоңқайға дейін, Райымбектен Ваня ағайға дейін, Сталиннен Гартензияға дейін кез келген рөлді сомдаған талант. Жүз рөл, жүз тағдыр. Мұса көп еркеледі. Сол себепті өмірден де, өнерден де таяқ жеді. Айнагүлдің өмірден өткені өкінішті. Қазір қасында дарынды драматург Лидия Егембердиевадай жары бар. Ең бастысы, Мұса бүгін жаны жаралы, жүрегі сыздайтын сырбаз жігіт. Сол кеудесіндегі аппаратқа қарамай, өнер майданында алға кетіп барады. Бүгін актер Мұсаның 100-ден астам рөлдерін тізбелемей қоя тұрайын. Себебі ол көрерменнің жадында, театрдың тарихында қаттаулы... Баз біреулер 2-3 клип түсіріп, епті жердің тойында ән салып, «еңбек сіңірген қайраткер» деген атақ алғанын естігенде ызам келеді. «Неге солай?» деймін іштей. Көзге көрінбес өнер майданының бас қолбасшысы іспетті Мұсақожа Әжібековтің не пәтері жоқ, не атақ, тіпті бірде-бір медаль, ордені жоқ. Мұсаны көргенде нағыз «Елеусіз қалған есіл ерсің» деймін. Шамасы, Мұсалардың тағдыры осылай болар... Біреулер Жаяу Мұса, біреулер Баяу Мұса болған заман-ай... Қайтесің...Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның халық әртісі, профессор