Елімізде 100 пайыз газбен қамтылған жалғыз өңір Маңғыстау облысы десек, қателеспейміз. Мұнда елді мекендер ғана емес, автокөліктеріне дейін түгелге жуық газ жабдықтары қондырылған. Содан да болар, өңірде сұйытылған мұнай газымен қамтудың арасы үзілер болса, көптеген көлік қаңтарылып тұрып қалады. Әрі бұл құбылыс қоғамдық резонансқа тән сипат алып шыға келеді. Мұның тамыры әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерде жатқанын білдірсе керек.
Әлеуметтік маңызды тауар
Сұраныс пен тұтыну қажеттілігі өте жоғары екеніне және баға қолжетімділігіне қарап, автокөлікке құятын сұйытылған газды Маңғыстауда әлеуметтік маңызды тауарлардың қатарына жатқызуға болатын шығар. Өйткені жылдан-жылға шарықтап бара жатқан бағаның етегін басып, халыққа ең жақын боп қалып тұрғаны, осы – автогаз. Жергілікті жерден шығатындықтан, басқа өңірлермен және жанар-жағармай түрімен салыстырғанда бағасы біраз арзан. Бүгінде елімізде бензиннің бағасы литріне 150 теңгеден басталатын болса, газ бағасы Маңғыстауда орташа 55, республика бойынша 60-70 теңге аралығында. Соңғы жиырма жылдықтағы тенденция осындай. Газ бағасы әлі бензин бағасының жартысынан асып көрген емес. Соған сәйкес, жылдан-жылға газбен жүретін көліктер саны мен газ сатушы жеке кәсіпкерлер саны да арта түсті. Қазір облыста газ жабдығын қойған 93 122 көлік болса, автогаз сатумен айналысатын 260 кәсіпкер және 5 газ желілері ұйымы (ГЖҰ) бар. Кәсіпкерлер газды бұрын Жаңаөзен қаласындағы Қазақ газ өңдеу зауытынан тікелей алатын болса, соңғы екі-үш жылдықта газ желілері ұйымдарынан (ГЖҰ) алып жүр. Проблеманың бәрі де осы тұстан басталған. ГЖҰ-ның өздерінде 39 автогаз құю стансасы болса, Маңғыстау облысында барлығы үш жүзге жуық автогаз құю бекеті жұмыс істеп тұр. «Елімізде жыл сайын 1,5 млн тоннадан аса сұйытылған газ тұтынылады. Соның ішінде ең көбі, 14%-ы Маңғыстау облысында. 182 681 текше/метр газдың 95%-ы өзімізде шығады. Мемлекеттің белгілеп беріп отырған бағасы тоннасына 43 346 теңге. Бұрынғы тәсілмен бұл бізге тиімді болар еді. Бірақ делдал ұйымдар (ГЖҰ) араласып, бұл баға 50 000 теңге болып отыр. Бізді ашындырып отырғаны да осы. Шығынымыз амортизация мен еңбекақы және тағы басқаларын қосқанда литріне 47 теңгеге шығып отыр. Оның үстіне, жергілікті атқарушы билік бағаны 55 теңгеден асырсаң, айыппұл салады. Сондағы пайдамыз 5-7 теңге. Осылайша, қыспақта қалып отырмыз», – дейді кәсіпкер, АГҚС иесі Әбіл Қасымұлы. Бизнесінде осындай қиындықтар басталған соң автогаз өткізумен айналысатын кәсіпкерлер өзара бірігіп, ортақ ұйым құрған болатын. Ол «Мұнайлы автогаз қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер бірлестігі деп аталады.Аз ғана топтың мүддесі үшін бе?
Маңғыстау облысындағы сұйытылған газды автогаз құю стансасы арқылы өткізуші жеке кәсіпкерлердің проблемаларын айтып жүгінбеген инстансасы жоқ. Облыс әкімдігінен бастап Энергетика министрлігіне, Үкіметке, Мәжіліс, Сенат, тіпті Президентке дейін ашық хат жазған. Арасында осы мәселенің шектен шығып, одан әрі заңбұзушылық сипатының тоқтамай жалғасуына байланысты Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне де арызбен жүгінген. Кәсіпкерлерді алаңдатып отырған екі мәселе бар. Олар – Қазақ газ өңдеу зауытымен (ҚазГӨЗ) арада делдал болып отырған газ желілері ұйымдары (ГЖҰ) мен электронды сауда алаңының (ЭСА) тиімсіздігі. 2012 жылғы 9 қаңтарда қабылданған «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңымен бекітілген бұл екі реттеу тетігі жекеменшік газ құю стансаларына кедергі ғана емес, газ бағасының өсуіне себепші болып отыр. «Бұрын біз газды зауыттан тікелей өзіміз барып ала беретінбіз. Кейіннен заң шықты да, арада теміржол тұйығы және 60 текше/метр сыйымдылықта ыдысы болуы тиіс деген талаппен ГЖҰ-лар пайда болды. Ондай талапты ілуде бір кәсіпкер болмаса, кез келген АГҚС иесі орындай алмайды. Одан бөлек, электронды сауда алаңы деген шықты. Бүгінде онда 1 тонна газдың бастапқы бағасы 80 000 теңгеден қойылып отыр. Ал сатып алушыға оның бағасы 83-85 мың теңгеден. Кейбір кәсіпкерлер оны амалсыздан алып жатыр. Егер ЭСА-ға толықтай көшетін болсақ, онда қосымша брокер деген штат ашып, шығындалуға тура келеді. Бұл АГҚС ұстаушыларын нарықтан шығарудың қитұрқы әдісі деп санаймыз», – дейді «Мұнайлы автогаз қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер бірлестігінің директоры Мұхит Нұртаев. Іс жүзінде ГЖҰ-лар облыс әкімдігі бөлген СМГ көлеміне типтік шарт пен жүкқұжат берумен ғана шектеледі екен. Ал газды кәсіпкердің өзі зауыттан барып алады. Осылайша, екі парақ қағаз делдалдарға тоннасына 7 мың теңге пайда әкеліп отыр. Бұл аз ғана топтың қалтасына кететін көлденең ақша үшін тұтынушы зардап шегіп отырғанын білдіреді. Өйткені өзіндік құндағы шығынның барлығы ақырғы бағаға қосылатыны белгілі. Алдағы уақытта газ бағасы қымбаттай беретін болса, бұл табыс та арта түспек. Электронды сауда алаңындағы (ЭСА) тенденция осыны аңғартады. Былтыр онлайн саудамен сұйытылған мұнай газы нарығының 10 пайызы қамтылған болса, биыл жыл соңына дейін толықтай көшіру жоспарланған. Ондай жағдайда 260 кәсіпкер шетінен банкротқа ұшырап, осы салада қызмет ететін 2 000 адам жұмыссыз қалмақ. Кәсіпкерлер тиісті өндірістік қуаты болмаса да, монополиске айналып отырған ГЖҰ-ларға делдалдық құқық берген заңдағы шикілікке наразы. «Өңірде әлеуметтік тұрақсыздыққа әкеліп соғатын баға қымбаттауы мен автогазбен үздіксіз қамту мәселесін шешуде айтар ұсынысымыз бар. Газ жергілікті жерден шығатындықтан және оны өткізудің ең үлкен нарығы осы жер болғандықтан, бұл мәселеде Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне арнайы статус берілсін. Соған сәйкес, делдал ұйымдар мен тетіктер алынып тасталсын. ЭСА қалған жағдайда оның қамтылу көлемі 5% деңгейінде қалсын. Ол үшін еліміздегі газбен жабдықтау және электронды сауда туралы екі заң мен Энергетика министрлігінің екі бұйрығына өзгеріс енгізіл- сін», – дейді Мұхит Нұртаев.Ең арзан баға біздікі
Еліміздегі баға саясатының тұтас сипаты қымбатшылыққа бет бұрып келе жатқаны анық. Оның себебі де әртүрлі. Сол сияқты сұйытылған газ бағасы да қанша жылдан бері түрлі манипуляцияның тетігіне айналып, көтерілумен келеді. Бара-бара бензин бағасымен теңессе, таңғалуға болмайды. Маңғыстаулықтардың хатына берген жауабында Энергетика министрлігі Жаңаөзендегі Қазақ газ өңдеу зауытын реконструкциялау үшін тиісті инвестициялар талап етілетінін, ол бәсекелестік бағаға қол жеткізгенде мүмкін болатынын айтқан. Бұл ЭСА-ға толықтай көшкен кезде ғана мүмкін екен. «Мұндай жағдайда кәсіпкерлер СМГ-ны газ желісі ұйымдарының (ГЖҰ) қатысуынсыз және олардың үстемесін қоспай, ЭСА арқылы тікелей зауыттан сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл бәсекелестікті дамытуға, кәсіпкерлік белсенділікті және ашықтықты дамытуға ықпал етеді. Биржалар арқылы түзілетін баға саясатын Ұлттық экономика министрлігі тарапынан бақылауға және реттеуге мүмкіндік туады» делінген Энергетика министрінің міндетін атқарушы Әсет Мағауов қол қойған хатта. Елімізде 189 ГЖҰ болса, 2,5 мың АГҚС бар екен. Осылардың ішінде газ бағасы мен өткізуге қатысты мәселе Маңғыстау облысында ғана өткір болып тұр. Ал қалған өңірлер әлдеқашан ГЖҰ мен ЭСА практикасын қабылдап, халықаралық стандарт талап ететін жүйеге көшіп кеткен. Сондықтан еліміздегі автогаз өткізудегі ең үлкен нарық та бұл көштен тыс қалмақ емес. «Маңғыстаулықтардың талабын түсінемін. Бірақ бұл мәселеде өте сауатты қадам жасау керек. Барлығын құқықтық аяда шешу қажет. Заңнамаға өзгеріс енгізудің өзіндік алгоритмі бар. Мәселені әуелі өңірлік, Ұлттық кәсіпкерлер палатасында, Энергетика министрлігінде, сосын барып Мәжілісте қарау қажет. Меніңше, ондағы кәсіпкерлер қазіргі проблемаларымен кооператив құрып, іріленіп күрескені дұрыс. Бірлесіп, ақша қосып, теміржол тұйығын жалдап, сыйымдылығы талапқа сай ыдыс орнатып, заңға сәйкес жеңілдіктерді пайдаланғаны жөн. Ал ГЖҰ-лар міндеттемелерін орындамаса, сот арқылы шешу қажет. Біз бәрібір жаңа талаптарға көшеміз. Баға еркін нарыққа көшкенде ғана әкімдік тарапынан қадағалау жойылмақ», – дейді маңғыстаулық кәсіпкерлердің мүддесін қорғап жүрген заңгер Айбек Сидиков. Заңгердің айтуынша, бұл қадамның барлығы еліміздегі баға индексін халықаралық деңгейге сәйкестендіру үшін жасалуда. Өйткені осы көрсеткішпен алғанда көрші елдермен, соның ішінде Кедендік одақпен салыстырғанда, еліміздегі тұтыну бағасы көп арзан. Сол себепті біз сыртқы нарыққа тонның ішкі бауындай араласып кете алмай отырмыз. Сондықтан да еліміздің баға саясатында халықаралық стандарттарды енгізу біртіндеп жүзеге аса бермек. Ал таяқтың екінші ұшы – әлеуметтік бақуаттылық пен төлем қабілеттілігі ішкі валдық өнімнің еншісінде қала бермек.Нұрлан ҚОСАЙ