Қарағандыда 112 шақырым жылу желіcі қапталмаған
Қарағандыда 112 шақырым жылу желіcі қапталмаған
116
оқылды

Қарағанды қаласында 1 қаңтар­дан бастап жылу энергиясына тариф өсті. Соған қарамастан, көпқабатты үйлердегі жылу жаңа жылдан соң төмендеді. Аяз күшейгенде дис­петчерлік қызметке 500-ге жуық қоңырау шалынып, қызмет сапасына шағымданған. Қатты аязда қала тұр­ғындарын қалтыратқаны үшін қала әкімі Ермағамбет Бөлекпаев кешірім сұрады.

Мереке күндері Қарағанды қаласының Октябрь ауданы тұрғындары пәтердегі жылудың температурасына  көп шағым­данды. ЖЭО орналасқан аудандағы пәтерлер бұрын қайнап тұратын. – Қала тұрғындарынан, әсіресе Октя­брь ауданының тұрғындарынан жылыту­дың нашар болғаны туралы хабарлама көп келді. Қалыптасқан жағдай бойынша кеңес өткіздік. Қазір Сұрыптау, Пришахтинск және Майқұдыққа жылу беру +96 градус, қа­ла­ға +106 градусты көрсетіп отыр. Сон­дай-ақ жеке пәтерлер бойынша сұрақтар келіп түсті, мұнда көппәтерлі тұрғын үйді жылыту жүйесін жеке қарастыру қажет, – деп мойындады Қарағанды әкімі Ерма­ғанбет Бөлекпаев. Қала әкімі тұрғындар тарапынан түсіп жатқан шағымдар көбейген соң, жылу электр орталығына барып, жағдаймен танысып, видео арқылы халық алдында кемшілікті жоюға уәде берді. Дегенмен мем­лекеттік органдар монополист үшін кешірім сұрап ақталуының жөні жоқ еді. Себебі осыдан екі ай ғана бұрын аталған мекеме жылу тарифін өсіріп, бекіттіріп алған. ⠀ Ұлттық экономика министрлігі Табиғи моно­полияларды реттеу комитеті Қараған­ды облысы бойынша департаментінің 2020 жылғы 2 қарашадағы №167-НҚ бұйрығына сәйкес, «Теплотранзит Караганда» ЖШС 2021 жылы 1 қаңтардан бастап жылу энергиясын қосымша  құн   салығынсыз 1  Гкал үшін  2 350,57 теңге етіп бекітті. Был­тыр жылу энергиясын тарату тарифі ҚҚС-сыз 2 097,14 теңгені құраған болатын. Жаңа тариф 2025 жылға дейін күшінде болмақ. Осыған дейін қарағандылықтар алаң­ның шаршы метрі үшін жылу энергиясына 1  теңге төлеп келді. «Теплотранзит Кара­ганда» ЖШС тарифке ескірген желілерді өзгерту, жабдықты жаңарту және жылу оқшау­лауын қалпына келтіретін инвес­тиция­лық қаржыны енгізген. 5 жылға есеп­­телген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға 3,6 млрд теңге қажет. – Тариф көтерілуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл нақты шығындардың тарифтік сметадағы шығындарға сәйкес келмеуі. Қолданыстағы тариф 2015 жылы бекітілді. Оның өсуі 5 жыл ішінде 11%-ды құрады. Осыған байланысты кәсіпорынның барлық нақты шығындары ескерілмеген. Тек инфляция деңгейі жыл сайын орта есеппен 6%-ды құрады. Осыған бай­ланысты бізде қазір барлық шығын бап­тары бойынша тапшылық бар, – деген бола­тын «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Әлішер Ибрагимов. «Теплотранзит Караганда» компаниясы Ленин, Гоголь көшелері, Құрылысшылар, Республика даңғылындағы магистралды желілерді жаңғыртуға алған несие бойынша мемлекетке 12 миллиард теңгеден астам берешек. Сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-1 және ЖЭО-3 жылу энергиясы мен электр энергиясын өндіру тарифтерін өсіруі де себеп болған. – Тек 2020 жылдың өзінде жылу энер­гия­сын өндіру 7%-ға және электр энергия­сын өндіру 18%-ға қымбаттады, – дейді монополист. – Жылу температурасының азаюына қарқын алған жаңа құрылыстардың көбеюі әсер етуде, – дейді сарапшылар. Жылу жүйе­сіне түсетін жүктеме өте үлкен, тем­пература кестесін сақтау қиынға соғуда. – Қарағандыда тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіп кәсіпорындары, әлеуметтік мәде­ни-тұрмыстық нысандар көлемі арт­ты. Егер 2016 жылы -32°C кезінде жылудың есептеу бірлігі 116 Гкал/сағ құраса, 2020 жылы «Теплотранзит Караганда» ЖШС есебі бойынша ол 200-300 Гкал/сағ құрай­ды. Қазір тұтынушылардың қосылған жүк­темесі кезіндегі нормативтік ысырапты ескере отырып, тапшылық 250 Гкал/сағ-тан астам құрайды. Тапшылықтың өсуінің басты себебінің бірі – стансаның норма­тивтік температуралық кестесінің сақтал­мауы. Сондай-ақ магистралды желінің бірінші және екінші кезегінің өткізу қабілетінің болмауы  себеп болып отыр,–  дейді қала әкімінің коммуналдық мәсе­лелер жөніндегі кеңесші Бекет Көшеғұлов. «Айта кету керек, Қарағандыда үшінші жылу құбырының құрылысын бастау үшін биыл бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, жылудың жетіспеушілігіне желтоқсан-қаңтар айларында ЖЭО-3-тегі №6 турбинаның жөндеуде болуы да әсер етті», – дейді маман. Ал өңір басшысы Жеңіс Қасымбек әкім­діктің аппараттық жиынында жылу­мен жабдықтау маусымының күрт төмендеу себебін талқылады. – Жылыту маусымы ерекше бақылауда. Бір аптадан астам уақыт аяз болды. Біздің кемшіліктеріміз, қандай қиыншылық бары анықталды. Қорытынды жасап, бар проб­лемаларды шешуіміз керек, – деді облыс әкімі онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте. Жеңіс Қасымбек Қарағандыдағы «қап­тал­маған»  жылу желілері мәселесіне ар­найы тоқталды. Өңір басшысы биыл бұл жұ­мысты жүргізу үшін қалалық бюджеттен жылу оқшаулау бойынша қаражат бөлуді тапсырды. Энергетика және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық басқармасының бас­шысы Ұлантай Үсеновтің ақпараты бойын­ша, қазір облыстың барлық сегіз стансасы штаттық режимде жұмыс істейді, жылу желі­лерінде апаттар тіркелген жоқ. – Бүгінде  ЖЭО-1 бойынша резервте екі қазандық және жұмыста екі қазандық бар. Сондай-ақ температурасы 93°C-52°С төрт турбина, 42 300 тонна көмір бар. Тем­пература режимін 100 пайыз ұстайды. ЖЭО-3 бойынша  жұмыста алты қазандық, екеуі резервте. Бірінші кезектің темпера­турасы –  96°c, екіншісі – 108°C. Қазір біз «Теплотранзит Караганда» ЖШС қойған кестелерді күтудеміз. Гидравликалық және температуралық режим ұсталады. Жаңа жылдан бастап бізде бесінші турбинада екінші дәрежелі үш рет ақау болды. Қазір машина қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, – дейді «Караганда Энергоцентр» ЖШС бас директоры Андрей Ляпунов. Дегенмен қалада желілердің қаптал­мауы да  жылуды ысырап етуде. Мәлімет­терге қарағанда, Қарағандыда жылу желі­лері­нің 112 шақырымына жылу берілмеген. – 76 шақырым  магистралды  және 36 шақырым  тарату желілерінде оқшаулау  жоқ. Осы фактор да 2-10 қаңтар аралығында жылу тарату кезінде өз әсерн тигізді. Біз 2019 жылы магистралды желілерді оқшау­лауды қалпына келтіру бойынша мемле­кет­тік сараптамадан өткен жобаны әзірле­дік. Қазір жоба мемлекеттік сараптамада,– дейді «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Әлішер Ибрагимов. Қысқасы, энергетиктер  Қарағанды үй­лерінің суып кетуіне байланысты өз уәж­дерін келтіріп отыр. Алайда жылу желілерін қаптау мәселесін жазда  неге қарастыр­мағанын  түсіндірген ешкім жоқ.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,  Қарағанды облысы