Ұстаз да жымқыруды ойлай ма?

Ұстаз да жымқыруды ойлай ма?

Кейінгі жылдары  Жамбыл облы­сы­ның  білім саласында келеңсіз жағ­дай  көп болып жатыр. Әсіресе, бі­лім саласындағы  сыбайлас жем­қорлық  алаңдататындай халде.  Елі­міздің  Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл об­лысы бойынша департаменті  «Жам­был – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе жүргізген мо­ниторинг нәтижесінде 2018-2020 жыл­дар аралығында салада 34 қыл­мыстық іс тіркелгенін  анықтады.

Үш жылда қылмыс үш есе өскен

Департаменттің зерттеу қорытындысы­на сүйенсек, облыста білім саласында 2018 жылы сыбайлас жемқор­лық сипатындағы  5 қылмыс тіркелген.   Олар – Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің Т.Рысқұлов орта мектебінің директоры А.Малденоваға,   Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің «Жансая» балабақшасының меңгерушісі Ж.Досумоваға, Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің «Нұршуақ» балабақша­сының меңгерушісі Р.Даулетқұловаға, Қостөбе ауылдық округі әкімі аппараты­ның «Жансая» балабақшасының меңгеру­шісі Б.Тажибаеваға  және  Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің «Даулет» балабақ­ша­сының меңгерушісі Г.Жақыпбековаға қатысты қылмыстық істер. Ал 2019 жылы 15 жемқорлық дерегі тір­келіп, көрсеткіш 3 есеге бір-ақ өскен.  Мұнда Жуалы ауданы әкімдігі білім бөлімі­нің «Самал» балабақшасының меңгеру­шілері А.Байболова мен  Н.Дуйсекеева  және бухгалтер Қ.Мамырбекова,  Жуалы ауданы әкімдігі білім бөлімінің «Жансая» балабақшасының меңгерушісі А.Ибраги­мова  және есепші  Қ.Мамырбекова,  Бай­зақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің Уәли­хан­ов орта мектебінің директоры Н.Аб­дуа­лиев,  Мойынқұм ауданы әкімдігі білім бөлімінің балалар музыкалық мектебінің директоры Ғ.Иетаев,  Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы – аудандық қорғаншылық және қамқор­шылық кеңесінің хатшысы Ш.Маутбаев,  Мойынқұм ауданы әкімдігі білім бөлімінің есепшісі  Д.Ерсултан,  бас есепшісі А.Наушабекова,  «Балапан» балабақ­шасының меңгерушісі А.Тажигулова,   «Бөбек» бала­бақшасының меңгерушісі Л.Абдраманова және   Шу ауданы әкімдігі білім бөлімінің өнер мектебінің директоры А.Иманбаев жазаға тартылған. 2020 жылы да жағдайымыз мәз бол­маған. 11 айда 14 қылмыстық іс тіркелсе,  Шу ауданы әкімінің орынбасары – бұ­рынғы білім бөлімінің басшысы К.Қожа­ғаппанова мен  аталған бөлімнің 12 есеп­шісі,  Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс шараларын өткізу орталығының директоры Ш.Кашкинова,  Жуа­лы ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы М.Айтжанов және  Меркі ауданы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы – ау­дан­дық қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінің хатшысы Д.Усенқұлов қазына қаржысына қол салғаны үшін жазаланды. Білім саласында жасалынған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ішінде  бірінші орын­да  жұмысқа қабылдау үшін алы­натын пара тұрса, одан кейінгі кезекте мем­ле­кеттік сатып алуларға және қызмет­керлерге артық ақша төлеуге байланысты мемлекет  қаражатын жымқыру деректері тұр. Сонымен қатар  кейбір аудандық білім бөлімдерінде 1 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының әртүрлі фактісі  бірнеше рет қайталанған.

Хабарламасыз  қызметке қалай  қабылдаған?

Тағы бір жайтты айтсақ, Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі берген ақпаратқа сәйкес, өткен жылдың 6 айында  783 қыз­меткер  қала мектептеріне жұмысқа қабыл­данған. Алайда бос орынға маман алуда электронды  порталға конкурс туралы хабарлама көп жағдайда жарияланбаған. Мәселен, №3 мектеп соңғы жарты жылда барлығы 29 адамды жұмысқа қа­был­даса,  алайда білім ордасы бос орын ту­ралы  бірде-бір хабарландыру бермеген. Дәл сондай №13 мектеп 3 мұғалімді хабар­ландырусыз жұмысқа алса, №18 мектеп 2 мұғалім, 2 есепшіге, №19 мектеп есепшіге, №21 мектеп бастауыш сынып мұғаліміне, №24 мектеп 10 мұғалім және есепшіге, №44 және №51 мектеп бір-бір ұстазға, №52 мектеп бас есепші мен есепшіге, №59 мектеп бір мұғалімге  еш хабарландырусыз  қызмет ұсынған. Мамандар мұндай әрекет жемқорлыққа апарар жол болуы мүмкін екенін айтады. Себебі электронды порталға бос орын туралы хабарлама жарияланбаса, аталған  қызмет орны  тамыр-танысқа беріліп, басқа үміткерлердің құқығын шектейді.

Жалақы біреуге артық, біреуге кем төленген

«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне  Тараз қаласы әкімдігіне қарасты  №3 лицей-мектебінің есеп бөлімінің  жұ­мы­сына қатысты арыз келіп түскен. Зер­делеу қорытындысында мұнда да бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап айтсақ, мектеп психологі  Рахманкуловаға  жел­тоқсан айында жергілікті бюджеттен 31 739 теңге, республикалық қазынадан  11 252 теңге еңбек жалақысынан артық төленген. Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі  Кулбер­ге ­новаға  қыркүйек-желтоқсан айында жергі­лікті бюджеттен 69 795 теңге, респуб­лика­лық қазынадан  14 030 теңге еңбек жалақы­сынан кем төленген. Барлық сома  83 825 теңгені құрап отыр. Психолог  Бекенқызына да   14 641 теңге көлеміндегі  еңбек жалақысы кем жіберілсе, әлеуметтік педагог  Рустамова    қыркүйек-желтоқсан айы аралығындағы  43 646 теңге көлеміндегі  жалақысын кем алған. Математика пәнінің мұғалімі  Мамыр­бек­оваға, керісінше айлық жалақысына   11 454 теңге артық төленсе, математик Ум­беталиеваға да  айлығына артық  35 498 теңге жіберілген. Сондай-ақ  еңбекке жарамсыз парағы үшін төленетін төлемақы Тлеуберген Даулетбаевқа  6 380 теңге көлемінде, ал Асқар Асанбайға 23 157 теңге кем түскен.

Жұмыста жоқ адамға айлық аударған

Тағы бір назар аударатын дерек, жұ­мыста жоқ қызметкерлерге жалақы төлеу фактісі болып отыр. Мәселен, №34 мектеп ди­рек­торы Динара Нуралиева  2018 жыл­дың 2 тамызындағы  №163 еңбек шартына сәйкес «электрик» қызметіне Руслан Маме­товті жұмысқа қабылдайды. Сол уа­қыт­тан бері Маметовке 56 258 теңге кө­лемінде жалақы төленіп келген. Алайда аталған азаматтың №34 мектептен бөлек, Жуалы ауданындағы ECAP Services Kazakhstan компаниясында да  2015 жылдан бері «вахталық» әдіспен жұмыс істейтіні анық­талып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Ма­ме­тов ай сайын 15 күнге  ауданға «вах­таға» кетсе де, мектеп басшылығы оны журналға бар деп тіркеп, толық айлығын төлеп келген. Мұндай төлем 2018 жылдан бері жүргізілген. Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы де­партамент мамандары осы мектепте тіркеліп тұрған  медбике Л.Мухазова мен  психолог Д.Камалованың жұмыс кестесіне күмәнмен қарауда. Себебі  Л.Мухазованың Тараз қалалық №6 емханада жұмыс істей­тіні белгілі болса,  Д.Камалова Жошыбаев атындағы кардиохирургия және транс­план­­­тология ғылыми-клиникалық орта­лығында қызметкер ретінде тіркеліп тұр.

Түйін:

Міне, осылайша ұстаздар ұрпақ тәрбиесін емес, қаржы жымқыруды ойлап жаға ұстатуда. Әрине, «білім кемесі» саналатын мектеп қабырғасында мұндай келеңсіз жайт болмауы тиіс. Себебі бала тәрбиесіне жауапты жандар көпке күлкі емес, үлгі болғаны абзал. Бұдан Білім басқармасы мен мектеп басшылары сабақ шығарады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы