Биткоин безгегі елді кезеді
Биткоин безгегі елді кезеді
240
оқылды

Кеше 1 биткоин бағасы Қазақстанда 16,1 миллион теңгеден асты. Яғни, өткен аптада ең құрығанда 1 дана Bitcoin сатып алып үлгерген азамат бірнеше күн ішінде 1 миллион теңге табыс тапты деген сөз! Айта кету керек, криптовалюта Қазақстанда былтыр заңдастырылыпты. Бірақ ол заңда «қамтамасыз етілмеген цифрлы актив» деген ұғымға ие болды: өйт­кені криптоақшалар үшін бір­де-бір мемлекет кепілдік бер­мейді. Ендеше қазіргі бит­коин-миллионер ертең лезде қайыршыға айналуы ғажап емес.

Биткоин құны $100 мыңға теңесе ме?

Былтыр, 2020 жылғы 19 сәуір­де Morgan Creek Digital инвес­тиция­лық компаниясының тең төрағасы Энтони Помплиано әлеуметтік желілер арқылы өз көрермендеріне қайырылып, ғажайып болжамын жариялады: «2021 жылдың соңына қарай 1 биткоинның құны 100 000 долларға жетеді». Оның байла­мынша, криптомонетаның қым­баттауына халвинг (майнерлер сыйақысының екі есе азайтылуы), сондай-ақ жаһандық дағдарыс пен мемлекеттердің онымен күрес ша­ра­лары секілді макроэконо­ми­калық факторлар түрткі болады. «Әртүрлі елдердің орталық банк­тері экономиканы рецессия­дан құтқарып, өсуге ынталандыру үшін станокты іске қосады, ұлт­тық валюталарын көптеп баса бастайды. Бұл инвесторларды капи­талын инфляциядан қорғал­ған активтерге аударуға мәжбүр­лейді. Ол активтерге қазір алтын, жылжымайтын мүлік және бит­коин жатады. Алдыңғы халвингтен кейін 18 ай өткенде біз биткоин бағасының еселеп өсетініне куә боламыз. 2021 жылдың аяғына қарай ол 100 мың долларға же­теді», – деді Morgan Creek Digital жетекшісі. Осы болжам айтылған тұста Bitcoin бағасы 7 180 доллар тұратын. Ертесіне одан да тө­мендеді. Осыған қарап, көпте­ген жан қаржыгердің жорамалына күлді. Халықаралық қоғамдастық BitMEX басшысы Артур Хейстің «биткоин бағасы жыл соңына қарай тағы 60% арзандайды» деген бағасына сенді. Расында, артынша пан­де­мия­дан қажыған экономикаларды құрдымнан шығаруға АҚШ үкі­меті 2 триллион, ұжымдық Еуро­па – 2 триллион еуро, Жа­пония 1 триллион доллар құйды. Бұл ин­фля­цияның қарқынын арт­тырды. Кеше әлемдік бир­жаларда осы криптовалюта түрі­нің бағамы 38 520 долларды құ­рады. Бірнеше күн бұрын тіпті $42 мың межесіне дейін барып қайтқан. Осылайша, крипто­валю­таның күш алуына бірінші кезекте пандемия ықпал етіп отыр­ғаны байқалады.

Дәл қазір алуға асықпаңыз!

Мамандар биткоинмен көп әуестенбеуге шақырады. Бұл са­лаға алапат дағдарыстар тән. Мы­салы, жақында, 2021 жылғы 11 қаң­­­­тарда криптонарық бір күн ішінде ғана орасан құлдырауды бастан кешті: биткоин құны бір­ден 10 мың долларға – 41 мың­нан 30,4 мың долларға дейін арзандап шыға келді. Әрине, одан кейін 38,5 мың долларға дейін көтерілді. Алайда 41-42 мың дол­ларға сатып алған инвесторлар бір цент пайда таппақ түгіл, әлі күнге тек шығын шегуде. Қазіргі кезде бар жинағын салып, онысы жетпесе, астындағы көлігін, тіпті паналаған баспа­на­сын сатып, орнына биткоин алуға жүгірушілер табылуы мүм­кін. Сарапшылар оған асықпауға кеңес береді. «Біздің болжамымызша, таяу­да нарықтағы құбылмалылық тө­мендеп, биткоин 30-37 мың дол­лар аралығында тұрақтануы мүм­кін. Нарық биткоинның ора­сан зор өсімін «қорытуы» ке­рек. Әрине, бола­шақта крип­товалюта ары қарай қымбаттауы мүмкін. Деген­мен ол күрт емес, бірқа­лып­ты өсе­ді», – дейді Raison Asset Management инвестициялық ком­пания­сының қаржылық сарап­шысы Николай Кленов. Жеке трейдер Александр Бо­я­рин­цев те осы саясатты ұстанады екен. «Бүгінде көптеген сатып алу­шы биткоинді кері сатып жа­тыр. Тіпті, тегіс сатқысы келмегеннің өзінде, көбісі бестен бір бөлігін өткізуде. Өйткені табысты бекіту (зафикси­­ровать прибыль) қажет. Сонда ертең биткоин күрт құласа, барлық салым күйіп кетпейді, әлгі табыс өтейді. Биткоиннен шыға­рылған қаражатқа биржадан кү­місті сатып алуға болады: оның құны негізінен тұрақты және тәуе­­­келді төмендетуге мүмкіндік береді. Дәл қазір биткоин сатып алуға жанталаса жүгір­меңіздер! Оны сатып алу үшін бұл жақсы уақыт емес. Нарықтың коррек­циялануын және қалыпқа келуін күтіңіздер», – деп ақыл қосты Александр Бояринцев. Өзге аналитиктер коррекция ұзаққа созылмайтынын және ақ­панға қарай жаңа рекордтарға жыл­жуы мүмкін екенін тұс­пал­дайды. Әрине, мұның бәрі тек бол­жам. Шығандай өсуі де, құр­дымға құлдилауы да ықтимал.

Биткоин құрбандары көп

Қазақстанда «биткоин без­ге­гінің» қызғанына бірнеше жыл бол­ды. Кейбір кәсіпкер соның соңына түсіп, дүкендерін жапты, жеке компаниясын сатты. 2017-2019 жылдары көптеген азамат – білікті дәрігерлер, әртүрлі сала­дағы майталман мамандар ресми жұмы­сын тастап, майнингке ке­ті. Олар­дың ішінде халвинг кезінде крип­товалюта өндіру саласына сіңірген еселі еңбегінің есіл кет­кеніне, екі есе арзан бағаланғанына мойып, мас­күнемдікке салынғаны да же­терлік. Криптовалюталарды мем­ле­кеттер басып шығармай­тын­дық­­тан, оған бірде-бір ұлттық банк жауап бермейді. Тиісінше, осы сала алаяқтарға толы. Мы­салы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2018 жылы биткоинға қызыққан қазақ­стан­дықтардың миллиард тең­геден астам қаражатқа алдан­ға­нын жет­кізді. биткоин Өткен жылы да елімізде бит­коин-салымшылар 37 миллион долларға алданып қалғаны хабар­ланды. Қазақстанның әр өңірінде тұратын шамамен 5 мың аза­мат осынша қаражатын бит­коин сатумен айналысатын «Лидер» инвестициялық ком­паниясына аударыпты. Ал онысы алаяқ бо­лып шықты. Салдарынан, салым­шылар ай сайын қосылуы тиіс 30 пайыз түсім түгіл, өз қаржыларын да қайтара алмай жүр. Солардың бірі Ратай Бига­тарова криптовалютаға 57 мың долларын енгізіпті: «Осы қар­жыны өмір бойы жинадым. Оны тез арада көбейтіп ала қояйын дедім. Балаларым өсіп келеді. Оларды аяқтандыру керек. Ақыр соңында барымнан айырылып отырмын. 2019 жылдың жел­тоқсанында үйім өртеніп кетті. Баспанасыз қалдық. Төрт бала­мен, екі немереммен енді не іс­тейтінімді білмеймін», – дейді ол. Алматы қаласының Полиция департаменті инвесткомпания басшысының үстінен «алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғады. Алайда алаяқ еркек табанын жал­тыратқан. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Сот сыртынан қамаққа алу жазасын кесті. Мұн­дай мысалдар жетерлік.

Биткоин кәсіпкерлік деп танылды

Қазақстанда бүгінде биткоин өндірумен компаниялар мен жеке инвесторлар тобы айналысуда. Олардың кәсіпорнын ферма атайды. Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағдат Мусин бұл бизнестің елімізде дамуына көңіл бөлінетінін жеткізді. «Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бес жыл ішінде майнинг индустриясы мен дата-орталықтарға салынатын инвес­тиция көлемін 500 млрд теңгеге дейін жеткізу керегін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 13 майнинг фермасы жұмыс істейді, олар 620 МВт қуат тұтынады. Сондай-ақ 450 МВт жуық электр энергиясын қажет ететін 4 ферма салынып жатыр. Бұл салаға 80 млрд астам теңге инвестиция тартылған. Алда тағы да 300 млрд теңгеге инвес­тиция тарту бойынша алдын ала келісімдер бар», – деді министр. Б.Мусиннің дерегінше, 2025 жылға қарай осы салаға инвес­тиция көлемі шамамен 500 млрд теңгені құрауы мүмкін. Цифрлық ведомство «бұл бағыт­тағы жұ­мыстарды қарқынды түрде жал­ғастыра бермек». Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек осы са­ланы заңдастыратын «Кейбір заңнамалық актілерге цифрлық технологияларды реттеу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды былтыр Парламент қабыл­дап, ол 2020 жылғы 25 маусымда күшіне енгенін еске салды. Заңда цифрлық активтердің Қазақстандағы айналымы заң­дастырылды, сондай-ақ елімізде цифрлық майнинг және цифрлық актив ұғымдары құқықтық айна­лымға енгізілді. «Соның ішінде крип­то­ва­лю­талар – қамтамасыз етілме­ген цифрлық активке жатады. Бұған қоса, Қазақстанда цифрлық май­нинг кәсіпкерлік қызмет деп танылды. Бұл ретте «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығы ая­сында криптовалюталарды, со­ның ішінде биткоинді айна­лымға жіберу және реттеу үшін құқықтық өріс түзілді. Осы мақ­сатта арнайы сауда алаңы – биржа жұмыс іс­тейді», – дейді вице-министр. Кейбір қазақстандық бит­коинді биржадан сатып алғысы келмейді, керісінше, майнинг жасау арқылы оны өзі тапқысы келеді. Бірақ ол үшін кімнен қандай лицензия алуға болатынын білмейді. «Қазақстанда майнинг қыз­метімен айналысу үшін ешқандай рұқсат алудың керегі жоқ. Бұл ретте цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлға министр Б.Му­синнің 2020 жылғы 13 қазандағы № 384/НҚ бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес, біздің министр­лікке хабарлама жіберуі керек», – деді Асхат Оразбек. Осы қағида бойынша майнинг фермасын ашатын адам «оның жоспарланған орналасатын жері, қанша мегаватт (МВт) қуат тұ­тынатыны, деректерді өңдеу орталықтары қуаттарын кеңей­тудің әлеуеті, қанша инвестиция салатыны және заңды тұлғаның банктік деректемелері» туралы ұсынуы қажет.

Елдос СЕНБАЙ