Тамақ жеткізу нарығы: баға мен бәсеке
Тамақ жеткізу нарығы:  баға мен бәсеке
424
оқылды

Қаладағы мекеме қызметкерлері мен үйінде жұмыс істейтіндер үшін тамаққа онлайн тапсырыс беру дағдыға айналды. Бүгінде әлем бойынша осы нарықтағы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайды. Қазақ­стандағы тамақ жеткізу  қызметінің де табысы жаман емес. Елімізде бұл қызметті Chocofood, Glovo, Wolt, Яндекс.Еда, ABR компаниялары ұсынып отыр. Қазақстан халқы тамақ жеткізу қызметін қаншалықты тұтынады, коронавирус пандемиясы осы нарыққа қалай ықпал етті? 

Жеткізу қызметі де интернет сапасына тәуелді

Біздің елдегі тамақ жеткізу қызметін ұсынатын компа­ния­лардың жұмыс істей бастағанына көп бола қойған жоқ. Мысалы, 2013 жылы құрылған ChocoFood отандық нарықта бертінге дейін монополист болып келді. 2017 жылы бәсекелесі Food Panda Kazakhstan-ды сатып алған соң, тіпті айы оңынан туды. Ал 2019 жылы бәсекелестері пайда бол­ды – қазақстандық нарыққа Glovo, Wolt, Яндекс.Еда қо­сылды. Бұл компаниялардың Қазақ­стан нарығына бір жылда келуіне еліміздегі ұялы телефон ұстау­шылардың көбеюі мен мобильді интернеттің жылдам енуі ықпал еткен. Бүгінде халықтың 80%-дан астамы ұялы телефон ұстайды әрі Қазақстан посткеңестік елдер арасында 4G технологиясын қол­дануда жақсы көрсеткішке ие. Жеткізу қызметін ұсынушылар тамаққа тапсырыс берген тұты­нушы, тамақты пісіретін мейрам­хана мен курьердің өзара бай­ланыс процесін нақты құруды жетілдіріп отырса болғаны. Себебі тапсырыс түскен сәттен бастап оны тұтыну­шыға жеткізгенге дейінгі процестің тізбегі дұрыс болмаса, клиент келесі жолы тап­сырыс бермейді. Сарапшылардың баға­лауын­ша, тамақ жеткізу нарығы жыл сайын 20% -ға өсіп келеді. Бұл сегмент Қазақстанға да қатысты. Chocofood компа­ниясының де­регінше, 2019 жылы қазақ­стан­дық тамақ жеткізу нарығы 24 млрд теңгені құрады. Бұл 2018 жыл­мен салыстырғанда екі есе көп. Тамақ жеткізу на­ры­ғында ойыншының көбеюі сала­ның та­бысты болуына тікелей бай­ланысты. Жалпы, жаңа ойын­шы пайда болған сайын жет­кізу мә­дениеті дамиды. Әзірге біздің елдегі тамаққа тапсырыс берушілер саны салыс­тырмалы түрде алғанда, өте аз, халықтың 3%-ы ғана. Салыстыру үшін айтсақ, бұл көрсеткіш әлемде – 15%. Ең жоғары көр­сет­кіш АҚШ пен Ұлыбри­танияға тиесілі 21-23% маңайында. Бірақ таяу болашақта тамаққа тап­сырыс беретін қазақ­стан­дықтар кө­бейеді деген болжам бар. Де­мек, жеткізу қызметін ұсы­натын компа­ния­ларға тұты­нушыны ұстап қалу үшін қызмет сапасын жақсартып, ба­ғаны ар­зандатуға күш салу ке­рек бола­ды. Жа­сы­ратыны жоқ, кей тағамды қа­рапайым халықтың қалтасы кө­термейді. Әзірге бұл са­ладағы ком­паниялар қызметі елордада қымбат болып тұр. Мұ­ны ком­паниялар күн райының суық­тығымен түсіндіреді. Сон­дық­тан тағамды мүмкін­дігін­ше жылы ұстайтын рюкзактар дайын­­­­даған компаниялар да бар. Тағам жеткізу қызметінде ең тиімді көлік мопед болып тұр – курьер шаршамайды, жол кеп­телісіне ұшырамайды. Бірақ біз­дің жиі көретініміз – ве­ло­сипед. Се­бебі Қазақстанда мопед жүргізу мәдениеті қа­лып­таспаған. Сон­дықтан агре­га­торлар бұл са­ланы дамытып, қала ин­фра­құ­ры­лымына әсер етуді жоспарлап отыр екен.

Жеделдік рекорды жаңара ма?

Жеткізумен айналысатындар қызмет көрсету сапасын арт­ты­румен бірге жеделдік үшін де жұмыс істейді. Себебі тап­сырыс­тың жедел ­орындалғанын қа­ла­майтын тұтынушы жоқ. Әзірге тұтынушыға тапсырысты жедел жеткізу рекорды Chocofood-қа тиесілі. Компанияның тамақ жет­кізу уақыты бойынша жаңа ре­корды 4 минутты құрайды. Бұл компания 2019 жылы азық-түлік жеткізу нарығының 20,06% және фудтех агрегатор на­рығының 37,58%-ын иеленді. Плат­формада 51 жаңа мекеме пайда болды. Мобильді қо­сым­шаның жаңа дизайнын жасап, мекенжай мен мәзір жолдарында сөйлеуді тану, шолуға жауап ха­барламасы, мекеме ашылғанға дейін кері санақ таймері жасалды. «Рахмет» қосымшасын төлем қа­былдау арнасы ретінде қосты, нәтижесінде онлайн тө­­лемдер 44,5% дейін өсіп, кіріс 2,3 есе өсті, сөйтіп, 2019 жылы 9 миллион доллар кіріс кірді. 2018 жылғы кіріс 3,64 миллион доллар болған еді. Chocofood алғаш жұмыс бастағанда күніне 5-6 тапсырыс алса, бүгіндері минутына сонша тапсырыс қабылдайды. Ком­пания­ның жеке айналымы 400 мил­лион теңгеден асады. Қыз­метке 200 мыңға жуық белсенді сатып алушы қосылған, олар 1 000-ға жуық серік­тес мейрам­ха­надан айына 100 мың тапсырыс орын­дайды. «Бүгінгі таңда әлемде тамақ жеткізу қызметі қаланың әр түк­пірінен өзінің асүйін жаб­дықтай бастаған тенденция пайда болды. Яғни, олар тамақты өзі дайындап, клиентке бірнеше минутта жет­кізеді. Себебі қаланың төменгі бө­­лігінде тамақ жеткізуге сұ­­раныс бар, бірақ мейрамхана жоқ, өйт­кені мейрамханалар он­­дай аумақ­тан филиал ашқысы кел­­мейді. Сон­дықтан біз ас­үйімізді сондай ау­даннан ашуы­мыз керек», – дей­ді ком­­па­нияның бас ди­ректоры Ни­колай Щербак.

Халық жеткізу қызметіне әлі де сене бермейді

Glovo пиар қызметінің мәлім­деуінше, 2020 жылы карантин енгізуге байланысты жеткізу қыз­метіне сұраныс өсті. Мысалы, Glovo-да жыл басынан каран­тин­нің күшейтілген кезеңінде тап­сырыстың үлесі 30%-дан асқан. Карантиннен кейін де тапсырыс толастамады, ай сайын 20% ше­гінде қалыпты өсу байқалып отыр. «Біз басқа да жеткізу қыз­мет­тері сияқты шығынға ұшы­радық, өйткені тапсырыс өскен сайын шығын көлемі артты. Бірақ тұтас­тай алғанда, жеткізу қызметі қар­қынды дами бастады деуге болады. Біз нарыққа алғаш шық­қан кезде Қазақстан халқы «қандай да бір затты жеткізуді» жақсы қабылдай қоймады, уақыт өте келе бұл кли­ент­теріміздің өмірін едәуір жеңіл­дететін жаңа шындыққа ай­нал­ды», – дейді. тамақ Тамаққа тапсырыс көбейген сайын курьерлер қатары да өсті. Мысалы, төтенше жағдай кезінде майдан шебінде Glovo-ның 1 500-ден астам курьері жұмыс істеген. «Glovo өкілдері халық ара­сында жеткізу қызметіне толық се­­­­­нім қалыптаспағанын айтады. Дүкен мен дәріханаға өзі барғанды жөн көретіндер әлі де бар, бұл жа­ман емес. Бірақ олар жеткізу қыз­­меті адам өмірін қаншалықты жеңіл­­дететінін және уақыт үнем­дейтінін түсінбейді. Біз түбі осы­ған келеміз, қазірдің өзінде отан­даста­ры­мыз­дың қызығу­шылығы артып келеді, тек уақыт керек», – дейді. Wolt Қазақстан да жеткізу жүйесін жасанды интеллект кө­мегімен жүзеге асырып жатқан компания. Алматыда жеткізу жыл­­­­дамдығы 34-35 минут, Нұр-Сұлтанда 35–40 минут. 700 курьер­мен күніне 6-7 мың тап­сырысты орындайды. Жеткізу қызметін ұсынатын келесі агрегатор – ABR компа­ниясында Алматы мен Нұр-Сұл­танда жылына 3 миллион қонаққа қызмет көрсететін 30 түрлі мей­рам­­хана бар. Chocofood-пен ын­ты­­мақтаса жұмыс істеген бұл аг­регатор 2019 жылдан бері өзінің жеткізу қызметін құруға кірісті. Тамақ жеткізу қызметін Del Papa қосымшасы арқылы жү­зеге асы­рады. Өзге агрегаторлар на­рық­қа жаңа технологияларды енгізіп жат­қанына қарамастан, ABR олар­­­мен жұмыс істеуден бас та­тып отыр. Себебі пандемияға дейін агрегаторлармен ынты­мақ­тастық Del Papa-ға нақты пайда әкел­меп­ті. Ал карантин кезеңінде аг­рега­­тордың өзі Алматыда күніне 400-ге жуық тапсырысты орын­даған. Сондықтан жеткізу қыз­метін өз бетінше дамытуға кі­ріспек.

Қандай тағамға тапсырыс жоғары?

Пандемия кезінде қазақ­стан­дықтар онлайн режимде жұмыс істеді. Мұндайда үйде тамақ пі­сіруге, дәмханаға барып тамақ­та­нуға мүмкіндік болмады. Жеткізу қызметіне жүгінетіндер көбейді. Kursiv.kz порталының зерттеуіне сүйенсек, тапсырысты негізінен Алматы мен Нұр-Сұлтанның тұр­ғындары ұсынған. Мысалы, Ал­матыдағы ChocoFood қызметі тап­­­сырыстың 59%, Нұр-Сұлтан­дағы тапсырыстың 21%-ын орын­даған. Yandex.Eda 2020 жылы тап­сырыс санын үш есе арттырды. Қазақстандықтар былтыр гам­бургерге тапсырысты көп беріпті. Чизбургердің көлемдісін де жақсы көретіні белгілі болып отыр. Айта кетерлігі, отандастарымызға тауық етіне қарағанда, сиыр етінің кот­леті бар гамбургерлер өтімді бо­лыпты. Мысалы, Wolt жеткізу қыз­ме­тіне тапсырыс бергендер арасында қолмен жейтін тағамға сұраныс жоғары болған. Егер алма­ты­лықтар асшаян, тәтті бәліш пен ша­ғын хот-догты ұнатса, аста­налықтар KFC өнімдерін таң­даған. Yandex.Eda және ChocoFood қолд­­анушы­лары көбінесе фри картобын, ал Glovo клиенттері тауық тағамына тап­сырыс берген. Бұдан өзге, ChocoFood қыз­метіндегі үшінші орынды орама (Алматы) және тауық қанаттары (Нұр-Сұлтан) бөліседі. Yandex.Eda-да пицца мен сусындарға сұраныс болған. Wolt-тың оң­­түстіктегі тұты­­нушылары пиц­цаны, солтүстік тұр­­ғындары ко­фені таңдаған. Glovo тұтыну­­­­шы­лары әлем халықтары та­ғамы ара­­сында асқабақ пен ет қо­сылған өзбек мантысына, тауық еті қо­сылған Қытай кеспесі және ита­лиялық «Пепперониді» таң­даған. Бір тапсырыс үшін мегаполис тұр­ғындары орта есеппен 4,5 мың теңге беріп отырды. Зерттеу көр­сет­кендей, фастфудқа тап­­­сырыс көп берілген. Себебі бағасы арзан. Баға демекші, Нұр-Сұлтандағы баға Ал­ма­­­­тыға қарағанда қым­баттау бо­лып­ты. Қалай десек те, тамақ жеткізу нарығындағы компаниялар ара­сында бәсеке қызып тұр. Тұты­ну­­шы үшін күрес жүріп жатыр. Сон­­­дықтан тұтынушының талабы мен талғамы жоғары болса, қыз­мет са­­­пасы артып, баға төмендеуі мүм­кін.

Айдана БЕГІМ