Әуелі «Қасым хан» 75 сериялы телехикая ретінде түсірілмек болған. Смағұл Елубаевтың сценарийі де жазылып қойған. Оны түріктің белгілі режиссері Метин Гюнайға сеніп тапсырған еді. Алайда енді режиссер Ақан Сатаев Қасым хан туралы толықметражды кино түсірілетінін айтып отыр.
Әлқисса, «Қасым хан» демекші, бұған дейін де сценарийге қатысты дау болған. О бастағы сценарий авторы Смағұл Елубаевтың «2017-2018 жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қазақтың ұлы ханы Қасым хан туралы материал жинап, 1 сериялы прокаттық көркем фильм сценарийін жаздым. Елбасы біз жазған сценарийді қатты ұнатып, сол кездегі министр Арыстанбек Мұхамедиұлына «Ертұғрылды» түсірген түрік режиссері М. Гюнайды шақыруды тапсырды. Гюнай біз жазған сценариймен танысып шықты. Ұнатқаны да белгілі. Бізбен және министрмен кездесуінде сериал идеясы пайда болыпты. Бірақ сериалға бізді шақырмады. Сөйтсек, сценарийді Гюнайдың өзі жазуға кіріскен. Қазақстан тарапынан Б.Шекеров шақырылды. Біз сөйтіп бұл жобадан тыс қалдық. Соңында Елбасы ұнатқан, біз жазған «Қасым хан» далада қалды» деп министрге хат жазғаны да есімізде.
Сол кезде «Қазақфильм» киностудиясының бұрынғы президенті Арман Әсенов: «Қасым хан» сериалы әлі басталған жоқ. Алла бұйыртса, 2020 жылы басталады деген жоспар бар. «Қасым хан» сериалына байланысты екі сценарий бар. Біреуін Смағұл Елубаев жазды, екіншісін Метин Гюнай дайындаған. Қай сценарийдің желісі бойынша түсірілетіні нақты шешілген жоқ. Оны «Қазақфильмде» көркемдік кеңес бекітетін болады. Әзірге үш серияның ғана сценарийі жазылды» деген болатын. Сериалға жауапты Б.Шекеровке де сауал қойып, сонда «Қасым ханның» мән-жайын білгенбіз. Редактор «Қай сценарий бойынша түсірілетіні режиссер келгеннен кейін анықталады. Бұл жоба әлі басталған жоқ. Келесі жылға қалдырылды. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан жоба басталмай жатып бірдеңе деу қиын» деп ақталған.
Одан бері бір жыл өтті. Пандемияға байланысты көптеген жоба тоқтап қалды. Уақытша тоқтаған жобаның қатарында «Қасым хан» сериалы да бар. Одан бері «Қазақфильмнің» де басшылығы ауысып, киностудияның тізгінін Ақан Сатаев ұстаған. Сатаев киностудияға ғана емес, «Қасым хан» фильмінің де тізгініне ие болған секілді.
«Қасым ханның» түсірілетіні белгілі болды. Бұл жолы сериал емес, толықметражды фильм түсіруді жөн деп тауыпты. Алайда бұл жолғы сценарийдің жазушы Смағұл Елубаевқа еш қатысы жоқ. «Фильм түсірілетін болыпты. Қаражат консервациядан алынды дегенді естігенде қуандым. Ақан Сатаев жолы ашық тұрған режиссер ғой қазір. Сол түсіретін болыпты. Бірақ менің дайын тұрған сценарийімді керек етпеді», – дейді жазушы. Ал сценарийге қатысты оны әлі көрмегенін, Сатаевтың командасы жазған сценариймен танысқаннан кейін ғана пікірін білдіретінін жеткізді.
Киностудияның баспасөз қызметі «Режиссер Ақан Сатаев бастаған шығармашылық топты 1511-1521 жылдары Қазақ хандығын басқарған, аты аңызға айналған ханның тарихи бейнесін жаңғыртуда көп жұмыс күтіп тұр», – дейді.
Әрине, Қасым ханның тарихи бейнесін жасау оңай шаруа емес. Сценарийге де жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Сценарий демекші, Смағұл Елубаевтың жазғаны өтпеген соң кино түсіру тобы қайта жазып бастаған секілді. Осыған дейін сценаристер құрамында Бекболат Шекеров, Назира Бақаева (Ақан Сатаевтың бұрынғы әйелі) және режиссер Ақан Сатаев бар екені айтылған. Тіпті, мұндай ауқымды жобаның Ақан Сатаевқа берілгеніне де қарсылық білдіргендер бар. Соның бірі – Ермек Тұрсынов. Ол Azattyq ruhy-на берген пікірінде: «Басқа режиссер табылмағандай, мына Ақанға қайта-қайта үлкен бюджеттік фильмдерді бере беруі әділетсіздік деп есептеймін. Басқа жас талантты режиссер өте көп. Мысалы, бұл киноны Айсұлтан Сейітов тамаша түсірер еді. Ол қазаққа жанашыр, білімді. Ал Ақан режиссер емес, кино саласында жүрген бизнесмен. Мен оны режиссер ретінде қабылдай алмаймын. Ондай сценарий жазу үшін үлкен дайындық керек» дегенді айтып отыр.
Дайын сценарий бар. Оны қайта жазу не үшін қажет болды? Бұл сауалымызға Ақан Сатаев: «Бұрын ол сериал ретінде түсірілуі жоспарланған еді. Режиссерлікке мен келдім. Енді біз толықметражды кино болады деп шештік. Кеңесші-тарихшыларды қосып, қазір киномыздың сценарийін жазудамыз және жалпы түсірілім мерзіміне дайындық жұмыстарын жан-жақты қызу жүргізудеміз» деп жауап берді.
Ал министрлік: «Сценаристер қатарында тарихшылар да бар. Ұлттық тарих институтының мамандары кеңесшілік жасауда. Өйткені, бұл – бәрімізге ортақ жоба. Қасым хан кезіндегі тарихты көркемдік жағынан жоғары деңгейде көрсететін ауқымды жобалардың бірі болады», – дейді. Сценарий әуелі көркемдік кеңестің талқысына салынады. Ал көркемдік кеңеске жетекші болып, Асанәлі Әшімов қайта келді. «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі «ресми құжатта о бастан Назира Бақаеваның аты болған жоқ. Сценаристер құрамында Бекболат Шекеров пен Ақан Сатаев қана бар» дегенді айтады. Ресми ақпарат Назира Бақаеваның сценарийге қатысы жоқ дейді. Ал сонда бұл ақпарат қайдан шықты?
Сонымен, киноның дайындық жұмысына 2020 жылы 511 млн теңге бөлінген. Түсірілім жұмыстары жыл соңында, яғни желтоқсан айында бітеді деп жоспарланып отыр.
Айым БЕКТҰР