1,1 тонна героин: есірткі саудасы екпіндеп барады
1,1 тонна героин: есірткі саудасы екпіндеп барады

Осы аптада Алматыда салмағы 1,1 тоннадан асатын аса ірі героин партиясы тәркіленді. Арнайы операцияны Қаржы ми­нистр­лігінің Қаржылық бақылау комитеті Германия, Ресей, Беларусь, Литва, Польша, Нидерландтың құқық қорғау және кеден қыз­меттерімен бірлесіп өткізген. 2019 жылдың қазан айында Қа­зақ­стан аумағына «өңделген мәрмәр» деген желеумен жүк әке­лінген екен. Тауарды тексеру кезінде тергеушілер ішінде героин бар 2 208 брикет тапқан. Ұйымдасқан қылмыстық топ оны Еуропаға тасы­малдауды жоспарлаған. Ең сорақысы, бұл – көлемі жағынан адам­зат тарихында екінші орын алатын есірткі партиясы.

Ақпарат құралдарының хабар­лауын­ша, тарихтағы ең үлкен геро­ин партиясы (1,3 тонна) 2007 жылы АҚШ-та ұсталыпты. Есірткі құны 2 миллиард долларға бағаланған. Алматыда тәркіленген тауардың ау­қы­мын осыдан-ақ шамалай беріңіз. Жалпы, есірткінің көлеңкелі бизнесті қамтамасыз ететін теле­гей-теңіз қоры үш аймақта: Ауған­станда, Оңтүстік-Шығыс Азияда (Мьянма) және Латын Америка­сында (Мексика, Колумбия) шо­ғырланған. Әсіресе, Ауғанстанда өндірілген героиннің дүниежүзілік нарықтағы үлесі 92 пайызға жете­ғабыл. Ауған есірткісі негізгі үш бағыт арқылы шартарапқа тасымал­данады: Солтүстік бағыт – Орталық Азия­н­ы басып өтіп, Қазақстан арқылы Ресейге, ары қарай Еуро­паға ағылатын дәліз; Батыс бағыт – Иран мен Түркия арқылы Еуропаға апаратын жол. Бұл бағыттың Кавказға бұрылып, Ресейге енетін тармағы бар; Оңтүстік бағыт – Пәкістан ар­қылы әлемдік мұхитқа шығатын транзит. Осы үшеуінің ішінде солтүстік дәліз арқылы есірткінің 60-70 пайызы тасымалданады. Мұның зардабын көбінесе қарапайым халық тартады. Елімізде есірткі саудасымен күресу үшін әртүрлі әс­кери операциялар өткізіліп тұрады. Бірақ тәркіленген есірткі көлемі – алып айсбергтің бізге көрінетін бөлігі ғана. Мамандардың болжауынша, солтүстік бағыт жақын арада жабыла қоймайды. Себебі ауған есірткісіне Ресей мен Қытайдың қара базарында сұраныс өте жоғары. Орталық Азияда ескірткінің заңсыз тасымалы Кеңес Одағы ыдыраған соң қатты өршіп кетті. Қазіргі таңда жер бетінде бұл бизнес тиімділігі жөнінен мұнай-газ саласын да шаң қаптырады. БҰҰ дерегіне сүйенсек, есірткі саудасына 1 доллар салсаң, ол қаржы 12 400 доллар болып өзіңе оралады екен. Ақшаны күреп табатын мұндай кәсіп бұрын-соңды ешкімнің түсіне кірмеген деседі. Сарапшылар Орталық Азия елдерінде тұрмыс деңгейінің төмен­деуіне заңсыз есірткі тасы­малы да әсер ететінін айтады. Ер­теректе героин нарығы Еуропаға емініп отырса, кейінгі кезде наркобарондар Қытайға ерекше назар аудара бастаған. Яғни, дәл іргесінде тұрған бізге де кесірі тиетіні анық. Ауғанстандық есірткі саудасына жекелеген қылмыстық топтар ғана мүдделі емес. Сондағы ықпалды басшылар да осы бизнес­тің шылауына шырмалған. Жалғыз Ауғанстанның қауіпсіздік қызметі оның жолын кесуге дәрменсіз. Көрші Ресейдің нашақорлары жылына 35 мың тонна героин (әлем­дегі ең үлкен көрсеткіш) тұты­на­ды екен. Ресей мен Қазақ­станның 7 мың шақырымға созыл­ған аңғал-саңғал шекарасын ескер­сек, мә­селенің мәні ашылады. Ке­ден Одағы құрылғалы екі ел ара­сындағы кедендік тексерулер де баяғыдай қатаң емес. БҰҰ-ның Ор­талық Азия мәселесін арнайы зерттейтін мамандардың мәлім­етіне сенсек, осы фактордың өзі есірткі тасы­малын әшкерелеуді 5 пайызға дейін азайтып жіберген. Иә, тауар басқа елдерге тасыл­ғаны­мен, біз сияқты транзиттік мемлекеттерге бұл ауыр тиеді. Өйткені есірткі трафигі қылмыстық топтарды күшейтеді. Құқық қорғау саласында жемқорлық етек жаяды. Есірткі сатып алу оңайлайды. БҰҰ-ның Есірткі және қыл­мыс­тың алдын алу басқармасының ақпаратына жүгінсек, соңғы жыл­дары «Каспий бағыты» деп ата­латын тағы бір жаңа бағыт пайда болыпты. Ол бағыт бойынша ауған героині Ираннан теңіз жолымен Әзербайжан порттарына, Кавказға, Украинаға, Ресейге және Еуропаға жөнелтіледі. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, есірткі саудасы қоғамның сан сала­сына сан соқтыруы мүмкін. Мыса­лы, әлеуметтік салада ұлттың гено­фондын бұзады. Бүгінде еліміздің әрбір он бірінші тұрғыны есірткі қаупі аймағында өмір сүреді. Бертінге дейін у мен заһар атаулы­ны бойына сіңіріп, ядролық поли­гон­ның, Арал мен Байқоңырдың уытын жұтып жүрген қазақтың қасіретіне енді есірткі қосылса, жығылған үстіне жұдырық бола­тыны даусыз. Саяси саладағы зия­ны – өз алдына бөлек әңгіме. Есірт­кі мафиясы мемлекет тұтас­тығына әсте мүдделі емес. Есірт­кіден түскен пайда аймақтың шаңырағын шай­қайтын күштерді қолдауға жұмсала­ды. Есірткі биз­несі халықаралық терроризм мен діни экстремизді қаржы­ландыратыны бесенеден белгілі. Дүниежүзінде белең алып бара жатқан есірткі саудасының тұтас картелдері мен синдикаттарының адамзатқа қауіп төндіре бастағанын бәрі білгенімен, оны  тұп-тұқия­нымен құртудың амалын әлі ешкім тапқан жоқ. Әлемде қылмыстың бұл түрімен әркім әрқилы күреседі. Қытай мен Иран секілді елдер заңсыз есірткі саудасымен айналыс­қан адамды өлім жазасына кеседі. Ал Канада, Голландия, Швей­цария­да жеңіл есірткіге рұқсат берілген. Осындай екіұшты көзқарастар да ғасыр дертіне қарсы халықаралық күрестің жұмысын тежеп отыр.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ