Осы аптада Алматыда салмағы 1,1 тоннадан асатын аса ірі героин партиясы тәркіленді. Арнайы операцияны Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитеті Германия, Ресей, Беларусь, Литва, Польша, Нидерландтың құқық қорғау және кеден қызметтерімен бірлесіп өткізген. 2019 жылдың қазан айында Қазақстан аумағына «өңделген мәрмәр» деген желеумен жүк әкелінген екен. Тауарды тексеру кезінде тергеушілер ішінде героин бар 2 208 брикет тапқан. Ұйымдасқан қылмыстық топ оны Еуропаға тасымалдауды жоспарлаған. Ең сорақысы, бұл – көлемі жағынан адамзат тарихында екінші орын алатын есірткі партиясы.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, тарихтағы ең үлкен героин партиясы (1,3 тонна) 2007 жылы АҚШ-та ұсталыпты. Есірткі құны 2 миллиард долларға бағаланған. Алматыда тәркіленген тауардың ауқымын осыдан-ақ шамалай беріңіз. Жалпы, есірткінің көлеңкелі бизнесті қамтамасыз ететін телегей-теңіз қоры үш аймақта: Ауғанстанда, Оңтүстік-Шығыс Азияда (Мьянма) және Латын Америкасында (Мексика, Колумбия) шоғырланған. Әсіресе, Ауғанстанда өндірілген героиннің дүниежүзілік нарықтағы үлесі 92 пайызға жетеғабыл. Ауған есірткісі негізгі үш бағыт арқылы шартарапқа тасымалданады: Солтүстік бағыт – Орталық Азияны басып өтіп, Қазақстан арқылы Ресейге, ары қарай Еуропаға ағылатын дәліз; Батыс бағыт – Иран мен Түркия арқылы Еуропаға апаратын жол. Бұл бағыттың Кавказға бұрылып, Ресейге енетін тармағы бар; Оңтүстік бағыт – Пәкістан арқылы әлемдік мұхитқа шығатын транзит. Осы үшеуінің ішінде солтүстік дәліз арқылы есірткінің 60-70 пайызы тасымалданады. Мұның зардабын көбінесе қарапайым халық тартады. Елімізде есірткі саудасымен күресу үшін әртүрлі әскери операциялар өткізіліп тұрады. Бірақ тәркіленген есірткі көлемі – алып айсбергтің бізге көрінетін бөлігі ғана. Мамандардың болжауынша, солтүстік бағыт жақын арада жабыла қоймайды. Себебі ауған есірткісіне Ресей мен Қытайдың қара базарында сұраныс өте жоғары. Орталық Азияда ескірткінің заңсыз тасымалы Кеңес Одағы ыдыраған соң қатты өршіп кетті. Қазіргі таңда жер бетінде бұл бизнес тиімділігі жөнінен мұнай-газ саласын да шаң қаптырады. БҰҰ дерегіне сүйенсек, есірткі саудасына 1 доллар салсаң, ол қаржы 12 400 доллар болып өзіңе оралады екен. Ақшаны күреп табатын мұндай кәсіп бұрын-соңды ешкімнің түсіне кірмеген деседі. Сарапшылар Орталық Азия елдерінде тұрмыс деңгейінің төмендеуіне заңсыз есірткі тасымалы да әсер ететінін айтады. Ертеректе героин нарығы Еуропаға емініп отырса, кейінгі кезде наркобарондар Қытайға ерекше назар аудара бастаған. Яғни, дәл іргесінде тұрған бізге де кесірі тиетіні анық. Ауғанстандық есірткі саудасына жекелеген қылмыстық топтар ғана мүдделі емес. Сондағы ықпалды басшылар да осы бизнестің шылауына шырмалған. Жалғыз Ауғанстанның қауіпсіздік қызметі оның жолын кесуге дәрменсіз. Көрші Ресейдің нашақорлары жылына 35 мың тонна героин (әлемдегі ең үлкен көрсеткіш) тұтынады екен. Ресей мен Қазақстанның 7 мың шақырымға созылған аңғал-саңғал шекарасын ескерсек, мәселенің мәні ашылады. Кеден Одағы құрылғалы екі ел арасындағы кедендік тексерулер де баяғыдай қатаң емес. БҰҰ-ның Орталық Азия мәселесін арнайы зерттейтін мамандардың мәліметіне сенсек, осы фактордың өзі есірткі тасымалын әшкерелеуді 5 пайызға дейін азайтып жіберген. Иә, тауар басқа елдерге тасылғанымен, біз сияқты транзиттік мемлекеттерге бұл ауыр тиеді. Өйткені есірткі трафигі қылмыстық топтарды күшейтеді. Құқық қорғау саласында жемқорлық етек жаяды. Есірткі сатып алу оңайлайды. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыстың алдын алу басқармасының ақпаратына жүгінсек, соңғы жылдары «Каспий бағыты» деп аталатын тағы бір жаңа бағыт пайда болыпты. Ол бағыт бойынша ауған героині Ираннан теңіз жолымен Әзербайжан порттарына, Кавказға, Украинаға, Ресейге және Еуропаға жөнелтіледі. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, есірткі саудасы қоғамның сан саласына сан соқтыруы мүмкін. Мысалы, әлеуметтік салада ұлттың генофондын бұзады. Бүгінде еліміздің әрбір он бірінші тұрғыны есірткі қаупі аймағында өмір сүреді. Бертінге дейін у мен заһар атаулыны бойына сіңіріп, ядролық полигонның, Арал мен Байқоңырдың уытын жұтып жүрген қазақтың қасіретіне енді есірткі қосылса, жығылған үстіне жұдырық болатыны даусыз. Саяси саладағы зияны – өз алдына бөлек әңгіме. Есірткі мафиясы мемлекет тұтастығына әсте мүдделі емес. Есірткіден түскен пайда аймақтың шаңырағын шайқайтын күштерді қолдауға жұмсалады. Есірткі бизнесі халықаралық терроризм мен діни экстремизді қаржыландыратыны бесенеден белгілі. Дүниежүзінде белең алып бара жатқан есірткі саудасының тұтас картелдері мен синдикаттарының адамзатқа қауіп төндіре бастағанын бәрі білгенімен, оны тұп-тұқиянымен құртудың амалын әлі ешкім тапқан жоқ. Әлемде қылмыстың бұл түрімен әркім әрқилы күреседі. Қытай мен Иран секілді елдер заңсыз есірткі саудасымен айналысқан адамды өлім жазасына кеседі. Ал Канада, Голландия, Швейцарияда жеңіл есірткіге рұқсат берілген. Осындай екіұшты көзқарастар да ғасыр дертіне қарсы халықаралық күрестің жұмысын тежеп отыр.Айдар ДӘУІТҰЛЫ