«Көне кітаптың парақтарын ашуға бір ай кетеді» – Мәлік Отарбай
«Көне кітаптың парақтарын ашуға  бір ай кетеді» – Мәлік Отарбай

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы – құнды мұраға  толы мекеме.  Оның негізі Алматыдағы кітап музейі мен архивтегі біраз кітап пен қолжазбадан жинақталып, 2017 жылы құрылған. Бүгінде орталықтың қорында 10 мыңнан аса мұрағат бар. Ішінде басым көпшілігі – сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар. Әрқайсысы еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты тың деректерге толы. Орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.  Сирек қолжазбалар төңірегінде орталықтың директоры Мәлік Отарбаймен тілдестік.

– Орталықта сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың ішінде ең көнесі қайсысы? Көрме неше бөлімнен тұрады? – Қордағы ең көне кітап Х ғасыр мен ХХ ғасырдың бас аралығынан басталады. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауидің араб тілінде жазылған «Диуани хикмет» қол­жазбасы бар. Немесе Махмұт Қаш­қаридің «Диуани луғат ат-түрік» кітабын да айтуға болады. Бес бөлімнен тұратын көр­меміздің басы түркі әлеміне арналып отыр. 1903 жылы Ташкентте араб тілінде шыққан «Диуани хикмет», 25-жылы шыққан түрік шежіресінің түпнұсқасы сақтаулы тұр. Жалпы, бізде шығыс мәдениетіне, дінге қатысты кітап пен қолжазбалар көбіне ХVII ғасырдан басталады. Бұл – шығыс мәдениеті. Одан кейін Қазақ хандығына арналған сөреміз бар. Ол кезде ешқандай кітап шықпағаны белгілі. Алайда хаттар мен құжаттар сақталған. Тоқтамыс ханның жазған хатын атауға болады. Сонымен қатар Кеңес Одағынан бұрын Ресей им­периясынан сақталған құжат өте көп. Ол кезде шолу жасалатын. Мысалы, сол жерден Торғай облысына қатысты барлық мәлімет табылады. Тіпті, заңдар жи­нағының 600 данасы сақталған. Бұл – ғалымдарға таптырмас мұрағат. 30-жыл­­дардың аяғы мен 40-жылдардың басында шыққан латын қарпіндегі пәндік оқу­лықтардың өзі бір төбе. Оған қоса, өткен жылы Абай мен әл-Фарабидің мерей­тойына арнайы қабырға дайын­далды. Оның ішінде төте жазумен шыққан «Абай жолы» кітабы бар. Көрменің соңғы тарауы тәуелсіздік жылдарына арналған. Көрменің ерекшелігі – шағын кі­таптар коллекциясы. Қойын қалтаға салып жүретін алақандай ғана кітаптар. Арасында «Қайнар» баспасынан 1989 жылы шыққан Ыбырай Жақаевтың қа­натты сөздері немесе «Жазушы» бас­пасынан 1976 жылы жарық көрген Қа­зақстанның фотоальбомы. Қазір олар таптырмас дүниеге айналды. – Қорда шетелдерден алынған немесе сыйға келген басылымдар бар ма? Өзге елден кітапты сатып алуға қаражат мем­лекеттен бөліне ме? – Жалпы, біздің тарихымызға не мәдениетімізге байланысты кітаптар өзге елде болуы мүмкін. Оның анық-қанығын өзіміздің ғылыми кеңесіміз, сараптама бөлімі айналысады. Табылған жағдайда сол елден факсимиле жасап алуға рұқ­сатын аламыз. Яғни, көшірмесін алуға рұқсат сұраймыз. Алайда көп мемлекет көшірмесін бере бермейді. Ондайда сатып алуға тура келеді. Бар шығынды өзіміздің қордан қамтамасыз етіп отыр­мыз, ал мемлекеттен қаражат бө­лінген емес. Сондықтан облыс-ай­мақ­тардағы кітапханаларда сирек кездесетін кітап­тарды бір жерде жи­нақтап, ор­та­лық­тандырған дұрыс. Негізі, халықтың өзінде көне жазбалар өте көп. Осыған ақша бөліп жинақтасақ, шетел­дердегі ба­сылымдардың қажеті де бол­мауы ық­тимал. Айталық, Халифа хазірет Ос­манның кезінде жазылған Құранның көшірмесі бізде бар. Түпнұсқа – Түркияда. Ол бізге сыйлыққа келген. Сол секілді орталығымыздың ашылу салтанатында Сауд Арабия елінен 500 мың кітап жи­нақталған хард диск тарту етілген. Ол кеште бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қатысып, қонақтар кітабына қолтаңбасын қойған болатын. – Реставрациядан өткен кітап көп пе? Қайта қалыпқа келтіру бойынша қандай жұмыстар атқарылады? – Орталықта тұрған көрменің екі сөресі – өзімізде реставрациялаған кі­таптар. Кітапты қалпына келтіретін екі жер ғана бар: Алматыдағы ұлттық кі­тапхана және біздің зертхана. Шынын айтсақ, бізге кітаптар әртүрлі жағдайда келеді. Уақытында тыйым салынған араб­ша басылымдарды сақтап қалу үшін бірін жерге көмсе, енді бірін орап, қа­бырғаға қалап тастаған. Ондай кітаптарда ин­фекция өте көп болады. Ол ең алдымен, адам денсаулығына зиян. Бізде жылына 40-50 кітап қана реставрациядан өтеді. Біріншіден, ол көп уақытты қажет ететін жұмыс. Рестав­рациялау арқылы көне қолжазбаны бастапқы деңгейіне кел­тірмесе де, оның әрі қарай сақталуына жағдай жасап, жойылып кетуден сақтауға тырысамыз. Екіншіден, әрі бастысы – реставратор маманның жетіспеушілігі. Оларды дайындайтын жоғары оқу орын­дардың жоғы тағы бар. Қазір әртүрлі халықаралық курстан не болмаса Ал­матыдағы ұлттық кітапханада тәжіри­беден өткендер ғана істеп жатыр. Оның өзі санаулы-ақ. Мәселен, бізде 4-ақ рес­тавратор бар. Ал 4 маманмен кітапты қалпына келтіру ісіміз ұзаққа созылады. Мұндай жерде 20-30 адам істейтін үлкен топ болуы тиіс. – Кітапты қайта қалпына келтіруге қанша уақыт кетеді? Жұмыстың қиындығы неде? – Біздің реставрациялық топтың басшысы – Сырым Сайлауұлы. Ол реставрация бөлімі іске қосылғалы жұмыс істеп келеді. Меніңше, олардың жұмысы зергердің ісімен тең. Уақыт қас-қағым сәтте өте шығады. Жоғарыда айтқанымдай, әр кітап әртүрлі жағдайда келеді. Шаң-тозаңның да микробы бар. Ал былғарыдан тігілген кітаптар онсыз да вирусқа толы. Сондықтан басылым келісімен бірден реставраторға беріл­мейді. Ол арнайы құрылғыда 3-4 аптадай қойылып, дезинфекциядан өткізіледі. Артынан қолғап киілген құрылғының ішінде химиялық қоспамен әр парағы күл-қоқыстан тазаланады. Осыдан соң ғана кітап реставраторға беріледі. Рес­тавратор әр кітапты қажетіне қарай түрлі әдіспен өңдеп шығады. Мәселен, тә­жірибемізде судың астында қалып, парақтары бір-біріне жабысып, кірпіш болып қалған Құран кітап болды. Құранның ортасына тас түскендіктен, орны ойылып қалған. Сол парақтарды ашудың өзіне бір ай уақыт кетті. Де­зинфекциялауды есепке алмағанда, бір кітапты қалпына келтіруге орташа есеп­пен бір айдай уақыт кетеді. Артынан техникалық картаға қалай өңделгенін жазып, қорға өткізіледі. – Көп ақын-жазушылардың жеке кітапханасы бар. Оны сақтау сонда зиян ба? Ал сіздер қолжазба мен ескі кітаптарды ұзақ сақтау үшін не істейсіздер? – Жалпы, қағазды сақтау үшін қойманың ылғалдылығы – 50, тем­пература 18-20 арасы болуы тиіс. Жа­рықтың да өлшемі бар. Мәселен, 75 люкс. Ал күн сәулесі мүлдем түспеуі керек. Қазір астанада ылғалдылықтың мөлшері 24 қана. Ондай жағдайда кітап ұзақ сақталмайды. Ылғалдылығынан айы­рылған кітап ертең парақтары кеуіп, әйнек секілді сынып қалады. Ондай кезде реставраторлар да шарасыз. Сондықтан құнды, бағалы кітаптарды үйден гөрі осында сақтаған дұрыс. Ескі кітаптарды акт жазып, қабылдап жатырмыз. «Жаппай бәрін жинаймыз» дегенге оларды қоятын орын жоқ. Осыны ретке келтіру керек. – Алдағы жоспарыңыз қандай? Же­­тіспей жатқан кемшін тұстарыңыз не? – Өзіміздің оқу залымыз бар. Күніне келетін 5-6 адамға қажетті ноутбугін ұсынып отырмыз. Бұл жақта 1945 жылға дейін кітаптар сала бойынша бөлініп қойылған. Арасында төте жазумен жа­зылған кітаптар да, түрлі энциклопедия да бар. Латын, қытай, орыс тілінде шыққан оқулықты табуға болады. Сирек кездесетін кітаптың алты жарымы осы залда тұр. Қалған 3 500-і – қоймада. Он­дағы заңдар мен қолжазбалардың әр­қайсысы жеке қапталып, стандартқа сай сақталған. Электронды варианты да жасал­ған. Дегенмен өзге елмен салыс­тырғанда цифрландыру жағынан артта қалып келеміз. Тіпті, барлық жағынан қалыс қалудамыз. Еліміздегі сирек кездесетін барлық кітапты бір жерде жинақтайтын орта­лығымыз болуы тиіс. Халыққа ашық болуымыз керек. Мысалы, елордада кітап музейі жоқ. Музей ішінде сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың көрмесін қоюға болады. Онда кітаптар арнайы бекітілген қалыпта қойылуы керек. Не болмаса келушілерге реставрация жұмы­сын ашық көрсетуге болады. Олар жақты әйнекпен жабдықтаса, бәріне қызық секілді. Оның өзінде зерттейтін ғылыми институты, көне тіл білетін, кітапқа баға беретін сарапшылар керек. Сонда ол шетелдік қонақтарға көрсетерлік мәдени ошаққа айналар еді. Тым болмағанда туризм көзіне айналуына жақсы мүм­кіндік. Осы мәселені министр Ақтоты Райым­­­құловаға айтып, жағдайды түсін­діріп шыққанмын. Сол үшін де бізге жеке ғимарат керек. Қазір отырған жеріміз – ұлттық архивтікі, біздікі емес. Біз Мә­дениет департаментіне қарауымыз тиіс. Ол үшін Үкіметтің қаулысы шығуы керек. Осы жағынан министрлік атсалысар деген үмітім бар. Біздің бай­лығымыз – осы. Егер біз бұл мұрамызды сақтай алмасақ, түп-тамырымызды жоғалтамыз. Мәселен, Ибн Халикан деген ислам ғұламасының кітабы та­­былды. Онда 800 ислам ғұламаларының өмірбаяны, қайдан шыққаны жазылған. Соның ішінде әл-Фараби туралы да жазылған екен. Міне, осыны көруге құмартып отырғандар өте көп. Ал оны көрсетуге бізде мүмкіндік жоқ. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР