Қатты жел әбігерге түсірді
Қатты жел әбігерге түсірді
177
оқылды

Атырау өңіріндегі күшті жел  соңғы екі тәулік бойы  аймақ тұрғындарын әбігерге түсірді. Қатты желдің кесірінен облыста бірнеше адам адасып, бірқатар  ғимаратқа зақым келді. Бір тәулік ішінде Атырау облысында үйлер мен ғимараттардың шатырын жел  ұшырып кетуге байланысты 18 оқиға тіркелді. Абырой болғанда, адасып кеткен азаматтар аман-есен табылды.  

Атырау облысында  жылдамдығы 18-19 м/с дейін жететін қатты  жел тұрғын үйлер мен ғимараттардың шатырларын қиратып кетті. Бұған дейін облыс аумағында желдің күшеюіне байланысты төтенше жағдайлар туын­даған кезде оны жою жұмыстарын ұйымдастыру үшін төтенше жағдай департаментінің жедел штабы құрылған болатын. Атырау қаласы мен Индер, Жылыой, Мақат аудандарында мектептер мен үйлердің шатырлары қираған жағдайлар тіркелді.  Тіпті, қатты жел салдарынан Қызылқоға және Жылыой аудандарында бірнеше тұрғын адасып кетті. Тарқатып айтсақ,  құзырлы органға 14 қаңтар күні 18 сағат 54 минутта Жылыой ауданы Құлсары қаласы Есен-Аман шаруа қожалығының қой бағып шыққан 2 қойшысы 15 сағат 30 минут шамасынан бері хабарсыз кеткені жөнінде хабарлама келіп түскен. Шақырту орнына  жеткен департаменттің аумақтық бөлімшелерінен 4 қызметкері және «Есен-Аман» шаруа қожалығының 1 өкілі жедел іздестіруді бастаған. Іздестіру тобы түнгі сағат екілер шамасында «Казтрансойл» АҚ-на қарасты №3 Мұнай айдау стансасына тартылған электр желісінің 306-шы электр бағанасының тұсынан адасып кеткен 2 азаматты тапты. Адасып кеткен азаматтардың айтуынша, қатты жел салдарынан топырақ борап, бағып жүрген 950 бас қой мен мінген атынан айырылып қалған және бағытынан адасып  кеткен. Олардың  денсаулығын тексеру үшін Құлсары қаласындағы аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, денсау­лықтары бірқалыпты. Тура осы күні  Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылына қарасты Аттырған елді мекені «Дәулет» шаруа қожалығынан күндізгі уақытта УАЗ автокөлігімен Жангелдин ауылына шығып, хабарсыз кеткен адам туралы хабар Төтенше жағдай департаментіне түскен. Атырау облысы Төтенше жағдай департамен­тінің қоғаммен байланыс қызметі тобының мәліметіне сүйенсек, іздестіру жұмыстары нәтижесінде түнгі  23 сағат 55 минутта Миялы ауылынан 57 шақырым қашықтақта Жангелдин ауылдық округіне қарасты, Жамансай участігі маңынан УАЗ автокөлігімен бағытынан адасқан азамат көлігінің жанар-жағармайы бітіп, тұрып қалған жерінен табылды. Жоғалған азаматтың автокөлігіне 20 литр жанар-жағармай құйылып, Жангелдин ауылына жеткізілді. Осылайша, ауа райының құбылуы кесірінен адасып кеткен адамдар аман-есен табылып, үйіне жеткізілген. Қазір олардың өмірі мен денсау­лығына ешқандай қауіп жоқ. Аймақтағы алапат желден  төнуі мүмкін қатерлер мен туындауы ықтимал апаттың алдын алу мақсатында облыстық әкімдікте  құзырлы сала басшыларының қатысуымен шұғыл жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов төра­ғалық еткен жиынға Төтенше жағдайлар департаменті, «Казгидромет» РМК филиалы, Білім беру, Құрылыс, Сәулет-құрылыс, облыстық Қаржы басқармалары басшылары мен селек­торлық бағытта аудан әкімдері қатысты. «Қазір өңірімізде желдің екпіні күшейіп тұр. Тұр­ғын­дардың қауіпсіздігі бірінші орында. Бала­лардың қауіпсіздігі үшін мектеп оқушылары қашықтан оқытуға көшірілді. ал балабақшалар тәрбиеленушілерді уақытша қабылдамайды. Жауапты салалар, әсіресе өңірдегі өмірлік маңызы бар нысандар сақтығын күшейтіп, жұмысын жандандыруы керек», – деді Қайрат Бекенов. Аймақта ауа райының құбылмалы болуына байланысты тұрғындарды алысқа жолға шықпауға кеңес беріліп, сақтандыру шаралары жасалып жатыр. Tyrsin       Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы