Петропавл тұрғыны алаяқтарға миллион теңге аударып жіберген. Облыс орталығының тұрғынына, оның депозиттік шотын біреу бұзуға тырысқалы жатқанын, сондықтан қосымша шот ашып, соған ақша аудару қажет деп хабарланған, – деп жазады Polisia.kz. Сасқан әйел өзін банк қызметкерімін деп таныстырған қоңырау шалушыға оңай сеніп, ол көрсеткен барлық әрекеттерді жасаған. “Қамқоршы” қызметкер өзі қосымша шот ашқанын, ақшаны сол шотқа аударуды сұраған. 250 мың теңгеге бөліп-бөліп аудару керектігінің өзінен де қала тұрғыны еш күдіктенбеген. Нәтижесінде алаяқтар миллион теңгені қолды қылған. Бұл ең кең тараған алдау схемаларының бірі дейді жедел қызметкерлер. Түсіндіру жұмыстарына қарамастан, қала тұрғындары арнайы терминдерді қолдана отыра, сенімді түрде сөйлеп, байланысқа шыққан алаяқтардың арбауларына түсіп қалады.
– Өзіңді интернет-алаяқтардан қорғаудың ең сенімді тәсілі – шоттар бойынша барлық ауыстыруларды тек банктерде жүргізген дұрыс. Алаяқтар көбіне өздерін қаржы мекемелерінің қауіпсіздік қызметі деп таныстырып, шотыңызды бұзбақ болып жатыр деп сенімді түрде айтады, – дейді Петропавл қаласы Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.Мұндай қоңыраулар кезінде әбіргерге салынбаған жөн. Арнайы байланыс телефондары арқылы банкке хабарласып, өз жинақтарыңыздың сақталуына көз жеткізген жеткілікті.