Өскемен қаласында зейнеткердің пәтерін жалдаған ер адам 2 млн теңгені жымқырып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қаңтар айының басында «102» арнасына 80 жастағы қарт кісі хабарласып, пәтер жалдаушысының сандықтағы 2 миллион теңгесін ұрлап, онымен қоймай қолынан ұялы телефонын жұлып алғанын айтып шағым түсірген. «Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері бұрын сотталған 46 жастағы күдіктіні ұстады. Тұрақты жұмыс орны жоқ ер адам өз кінәсін мойындап отыр. Ақша мен телефон зейнеткерге қайтарылды», – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев. Қазіргі уақытта оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.