Рүстем Қайыртайұлы – «Алтын домбыра» иегері
Рүстем Қайыртайұлы –  «Алтын домбыра» иегері
312
оқылды

Тәуелсіздік күніне орай Орал қа­ласында өткен «Тұғыры биік Тәуел­сіздік!» атты VIII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Nur Otan партиясының қолдауымен, Мәдениет және спорт министрлігі мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырған өнер сайысы екі күнге созылды.

Жыр додасына барлығы 20 ақын қа­тысып, оны ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы­ның төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.

Сонымен, «Алтын домбыра» алматылық ақын Рүстем Қайыртайұлына бұйырды. Ал жүлделі бірінші орынды Мұхтар Ниязов алса, екінші орынды Жансая Мусина мен Қазірет Бердіхан олжалады. Үшінші тұғырдан Айбек Қалиев пен Өміржан Көпбосынов көрінді. Айтыстың арнайы жүлдесі Әсем Ережеқызы, Қанат Мырзахан мен Аспанбек Шұғатаевқа табысталды. Ал финалға шықпаған ақындар шабыттандыру сыйлығын алды.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысынан келген айтыс өнерінің ірі қолдаушысы, Tass Group компаниясының директоры Дулат Тастекеев қарағандылық Дидар Хамзиевке ат мінгізсе, оралдық Бауыржан Шимерденұлына біржылдық 2 миллион 400 мың теңге көлемінде стипендия тағайындады.

Айтыстың алғашқы күні Nur Otan партиясының ұсынысы бойынша Мем­лекет басшысының Жарлығымен белгілі ақын, айтыстың жанашыры Жүрсін Ерман «Парасат» орденімен және дарынды айтыскер Айбек Қалиев «Құрмет» орде­німен марапатталды.

Еске сала кетсек, Nur Otan партиясы Тө­ра­ғасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек шілде айында Қызылорда облы­сына барған жұмыс сапары барысында аймақ­тың белсенді жастарымен арнайы кездескен-ді. Кездесуде Бауыржан Байбек жастардың ел дамуындағы рөлі және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы ашық әңгіме өрбітіп, қазіргі жа­һандану жағдайында әрбір ұлт өзін сақтап қалу үшін күресіп жатқанына және бұл істе жастарға үлкен міндет жүктеліп отыр­ғанына назар аударған болатын. Осы ретте ол: «Біз тәуелсіздік алған кезде бола­ша­ғымызға сенімсіздікпен қарағандар бол­ды. Елбасының дана саясатының арқа­сында мемлекет құрып, бүкіл әлемге өзіміздің ел бола алатынымызды дәлел­дедік. Енді осы елдігімізді күшейтіп, құнды­л­ық­тарымыздың аясын кеңейтуіміз керек. Ана тіліміз бен тарихымызды дәріп­теп, әлемдік деңгейге алып шығу біздің мін­детіміз. Бұл істе жастарымыз белсенді­лік танытуы керек. Партияның қолдауы­мен енді ай сайын әр өңірде айтыс ұйымдас­тырылады. Оның алғашқысы күзде Алма­тыда өтеді. Ақындарымыз қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтуы тиіс. Бірақ бар­лығы конструктивті болуы қажет, –деген еді.

Міне, содан бері Nur Otan партиясының қолдауымен осыған дейін елордада ұлт­тық спорт саласындағы үздіктерді анық­тайтын «Алтын тұғыр – 2019» кеші, сондай-ақ жыршы-термешілердің JYR-AMANAT концерт-спектаклі өтті. Сондай-ақ Nur Otan партиясының жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесі мүшелерінің бастамасымен мемлекеттік тілді дамыту тетіктерін пысықтау үшін ар­найы комиссия құрылды. Биыл күзде Атырау, Қарағанды, Қостанай, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында айтыс өткен болатын. Ал «Алтын домбыра» рес­публикалық ақындар айтысы осы жылы партияның қолдауымен өңір­лер­де ұйымдастырылған айтысты қоры­тын­дылады.

Партия айтыс өткізуді биылғы жылмен ғана шектемей, бұл үрдісті келесі жылы да жалғастырады. Атап айтқанда, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ақын Абайдың 175 жылдығына орай аламан айтыс ұйымдастырылады.

 

Клара НАҚЫП