Табыс аз ба, тауар қымбат па?
Табыс аз ба, тауар қымбат па?
183
оқылды

Жақында сарапшылар статистикаға сүйеніп, азық-түлік шығыны бо­йын­ша Еуропа мем­ле­кет­терінің рейтингін әзірле­ді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Люксембург халқы отбасылық бюдже­тінің тек 8,4 пайызын тамаққа жаратады. Тізім соңындағы Украина хал­қы табысының тең жартысын, ал қазақстан­дықтар 47,6 пайызын аш қарынды жұбатуға арнай­ды екен. Сондай-ақ ма­мандар Еуропа тұрғын­да­рының мәдени іс-шара­лар мен демалуға қанша ақша шығындайтынын есептеген. Тізімде 18,7 па­йызбен Швеция көш бастап тұр. Қазақ­стан халқы бұл мақсатқа отба­сылық бюджетінің тек 1,8 пайызын жұмсай алатыны анықталды. Бұл нені білдіреді? Рейтинг қаншалықты сенімді? Бұған сарапшылар не дейді?


Айкын.JPG

Айқын ҚОҢЫРОВ,
Парламент Мәжі­лі­сі­нің депутаты:

– Зерттеу қоры­тындысына сенуге бо­лады. Азық-түлік инфляциясы өзекті әлеуметтік пробле­маға айналған. ТМД Статистика комите­тінің дерегінше, был­тырғы желтоқсанмен салыстырғанда Қазақстан азық-түлік тауарларының қымбаттау көрсеткіші бойынша Тәжік­стан, Молдова, Өзбек­станнан басқа ТМД елдерінің барлығын басып озған.

Бір жыл бұрын азық-түліктің бірнеше түрі дәл осылай қымбаттаған еді. Сол кезде тұрақтандыру қорларында қажетті азық-түлік жеткілікті болғанымен, на­рықтағы теңгерімді сақтай алмаған. Кейін осыған қатысты ақталу басталған. Биыл тамызда Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қатаң бақылау қойғанын және бағаның өсуіне жол бермейтінін мәлімдеді. Соған қарамастан, жағдай өз­герген жоқ. Керісінше, күрделеніп кетті.

Мәселені шешуге мемлекеттік орган­дар жұмылып, қыруар қаржы жұмсалса да, нақты нәтиже жоқ. Себебі қымбат­шы­лықтың алдын алу шаралары жүйесіз ұйым­­дастырылады. Үкімет халық көп тұ­­тынатын тауардың бағасы қалай қалып­тасып жатқанын терең талдамайды. Өндірушілердің тасымалға, электр мен жанармайға жұмсайтын шығындарын және басқа да факторларды назарға алмайды. Ауылда шөптің тоннасы 25-30 мың теңге, ал жемнің бағасы экспортқа шығарылатын бидайдан қымбат. Оның құны – 70 мың теңге. Себебі жайылым мен шабындық жер – ірі бидай компа­нияларының меншігінде.

Әкімдік пен мемлекеттік органдар ара­сындағы азық-түлік бағасын тұрақ­тандыру жүйесі жұмыс істемейді. Жеке­леген лауазымды тұлғаларды жазалау тұтынушылардың жағдайын жақсартып жатқан жоқ.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов 18 қарашада өткен Үкі­мет сағатында мәлімдегендей, әкімдіктер өңірлерде не өндірілетінін және өнім қайдан жеткізілетінін білмейді.

Үкімет азық-түлік бағасын монито­ринг жүргізу арқылы ғана бақылап отыр. Қазіргі кезде бұл жеткіліксіз. Азық-түлік­пен қамтамасыз етудің әр сатысында бағаның қалай құбылып жатқаны және ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне субсидия беру ашық болуға тиіс.

Отандық нарық импорт және экспорт бағасындағы тұрақсыздыққа тәуелді. Сол себепті баға теңгерімінде жүйелі жұмыс жоқ. Осының кесірінен кез келген өнімнің тапшылығын болжап, бағаның құбылуына байланысты алдын ала шаралар қабылдау мүмкін болмай отыр.

 

Бауыржан.JPG

Бауыржан ЫСҚАҚОВ,
қаржыгер:

– Негізі бұл дерек шындыққа жана­са­ды. Бізде орташа жалақы өсіп жатқаны белгілі. Бірақ ең бас­ты мәселе – инфля­ция. Яғни, жалақы көтерілсе, әлеуметтік жәр­демақылар берілсе, тұрмысқа қажетті азық-түлік бағасы автоматты түрде ша­рықтап кетеді. Кейде негізсіз қым­бат­тайды. Өйткені азық-түлік қымбаттауы үшін ең бірінші жанармай бағасы жо­ғарылауы керек. Бірақ жанармай құны сол тұрақты қалпында тұр. Бұл экономикадағы қызмет көрсету секторында алыпсатар­лықтың үлесі мол екенін көрсетеді. Біз азық-түліктің бірнеше түрін делдалдар арқылы аламыз. Мәселенің ушыққаны сонша, ауылдағы фермерлер делдалдарға қарағанда 3-4 есе аз табыс тауып отыр. Бұл – бірінші фактор.

Екінші фактор: өндірушілер Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі қала­лар­дың маңайына шоғырланбаған. Мы­салы, елордаға көкөніс қайдан әкелініп жатыр? Оңтүстік Қазақстаннан немесе Қырғыз Республикасы мен Өзбекстаннан келіп жатыр. Яғни, біз әлі де импортқа тәуелдіміз. Өзімізде стандартқа сай жы­лы­жайлар жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтанның миллион халқын қамтамасыз ету үшін бізде 25-27 жылыжай болуға тиіс. Сол кезде транспорт шығыны азаяды. Тауарды өндірушіден тікелей сатып алар едік.

Үшінші фактор: жергілікті билік ор­гандары саудагерлерге нақты талап қоя алмайды. Әрине, бізде кәсіпкерлікті қорғау туралы заң бар. Алайда мониторинг жасалғаны дұрыс. Мысалы, бүгін, 20 желтоқсандағы баға мынадай, бір айдан кейін ол қаншалықты өзгерді – барлығы объективті түрде саралануы қажет. Содан кейін 15-20 пайыз өсетін болса, оған қандай себеп әсер еткенін анықтап, егер нақты себебі болмаса, әкімшілік шара қолдануы керек. Мониторинг халыққа жария түрде жүргізілсін. Кезінде Руслан Дәленов Ұлттық экономика министрі қызметіне тағайындалған бетте орталық базарларды аралаған. Кәдімгідей талдау жасаған. «Жұмыс тобын құрамыз, арнайы сайт ашамыз, әлеуметтік желіде арнайы чаттар ұйымдастырамыз. Егер тауар негізсіз қымбаттаса, бәрі де халықтың көз алдында болады» деп уәдені үйіп-төккен. Өкінішке қарай, ол біркүндік науқан болды да, жалғасын таппай қалды.

Қазір халықтың жартысынан көбі өл­местің күнін көріп жүр. Айлығы шай­лы­ғынан аспайды. Бұл несиенің көбеюіне әкеп соғады. Өйткені жалақысының кө­бін та­маққа жұмсаған адамның тұрмыстық тех­ника алуға ақшасы жетпейді. Содан ба­­рып қарызға батады. Оны төлей алмайды да, аяғында әлеуметтік проблема туындайды.

 

Серік.JPG

Серік БЕЙСЕНБАЕВ,
әлеуметтанушы:

– Расында да, соңғы бірнеше жылда халықтың күнделікті азық-түлікке жұм­сай­тын шығынының үлесі артып келе жа­тыр. Мысалы, 2007-2008 жылдары отба­сының орташа табыстың 40 пайызын тамаққа жұмсаса, соңғы мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 50 пайыздан асқан. Себебі неде? Біріншіден, кейінгі жылдары ет қым­баттаған. Сәйкесінше басқа шығын­дар азайған. Бұл – біздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай­дың бірден-бір айқын көрінісі. Теңге құн­сызданған соң елдегі азық-түліктің бағасы өте жылдам қарқынмен өсуде. Украина мен Қырғыз Республикасы халқы да табысының жар­тысын тамаққа жаратады. Яғни, бұл – кедей елдерге тән құбылыс. Мысалы, бұл көрсеткіш Ресейдің өзінде 30-35 пайыз­дың ар жақ, бер жағында. Ал дамыған мемлекетте мүлде төмен.

Бұл мәселе адами капиталдың сапа­сына тікелей әсер етеді. Тұрғындардың өз-өзін дамытуға, денсаулығына, рухани жетілуіне, білім алуына мүмкіндігі шек­теледі. Соның кесірінен ұлттың сауаты нашарлайды, өмір сүру ұзақтығы қысқа­рады. Осы бағытпен кете берсек, азық-түлік шығындары әлі де арта түседі. Дәл осындай жағдай бізде 2000 жылдардың басында байқалған. Қайтадан сол кезеңге оралып келе жатқандаймыз.

 

Дайындаған
Еркебұлан БАҒДАТҰЛЫ