Жанат Құрманов: БЖЗҚ әрбір салымшының қамын ойлайды
Жанат Құрманов:  БЖЗҚ әрбір салымшының қамын ойлайды

Жалпы, әлемде бірегей, мінсіз зейнетақы жүйесі жоқ екені бесенеден белгілі. Әрбір елдің зейнетақы жүйесі сол елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына бейімделіп жасалады. Қалай болғанда да барлық елдің көздеген мақсаты біреу, ол – халықты қаржы жағынан барынша толыққанды қамтамасыз ету. Сол үшін де зейнетақы жүйесінде заман талабына сай өзгерістер жиі болып тұрады. Біздің елімізде де солай. Сәйкесінше зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі қоғамда күн тәртібінен түспейді деуге болады. Оған қатысты сұрақтар да жиі көтеріледі. Біз жұртшылықты мазалап жүрген сұрақтардың бірқатарына жауап іздеп, «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов мырзамен кездесіп, әңгімелескен болатынбыз.

– Жанат Бостанұлы, Қазақ­стан­да жинақтаушы зейнетақы жү­йесін құруда неге тек Чили елінің зейнетақы жүйесі негізге алынды? Сонда елімізде мысалы, Синга­пур­дағы секілді жинақтаушы зейнетақы қорын құру мүмкін емес пе?

– Жалпы, әлемдік тәжірибеде зейнетақымен қамсыздандырудың екі моделі қолданылады. Олар: ортақ және жинақтаушы жүйе. Ортақ, яғни үлестіруші жүйеде зейнетақы мемлекеттік бюджеттің ағымдағы шығындары (ортақ жүйе) немесе бюджеттен тыс қор есебінен (сақтандыру жүйесі) қаржыландырылады.

Жинақтаушы жүйеде азамат­тардың болашақ зейнетақысы жарналардың міндетті түрлерінен және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасады. 1998 жылы Қазақстанда жинақтаушы зей­нетақы жүйесін енгізу туралы ше­шім қабылдау барысында әртүрлі елдердің, олардың ішінде Чили мен Сингапурдың зейнетақы жүйелеріне терең талдау жасалды.

Қай елде болмасын жинақтау­шы жүйенің негізі – азаматтардың жеке зейнетақы жинақтары. Жи­нақ ақша әрбір салымшының мен­шігі болып табылады, инвести­ция­ланады және мұраға қалдырылады. Сондықтан Қазақстанның жинақ­таушы зейнетақы жүйесі Чили мен Сингапурдың моделіне ұқсас. Де­генмен әр елдің өз ерекшелігі бар.

Сингапур елінің азаматтары болашақ зейнетақыға ғана емес, сондай-ақ баспанаға, медицинаға және білім алуға қаражат жинауға міндетті. Ал Қазақстан азаматтары міндетті емес. Бірақ басқа да қар­жы ұйымдарында түрлі мақсаттарға қаржы жинай алады. Мысалы, Қа­зақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі Германияның тәжі­рибесі бойынша жұмыс істейді. Германияда мұндай жүйе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ел тұрғындарына тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Сингапур моделінің басты ерекшелігі сол, мұнда азаматтардың болашаққа қаржы жинау мүмкіндігі жоғары. Қызметкерлердің орташа жалақы­сы Қазақстанға қарағанда едәуір 4 мың АҚШ долларынан асады. Ме­диандық жалақы – 3,2 мың АҚШ доллары. Ал үй шаруашылықта­ры­ның медиандық еңбек табысы – 6,7 мың АҚШ долларынан асады. Одан басқа, 55 жасқа дейінгі жұ­мыскерлер үшін Сингапурдың зей­нетақы қорына (CPF) ауда­ры­латын міндетті жарналардың кө­лемі жалақының 37 пайызын құ­рай­ды. Оның 20 пайызын жұмыс­кер, ал 17 пайызы жұмыс беруші есебінен төленеді. Сәйкесінше сингапурлықтардың жинақтары қазақстандықтардың жинақ­тары­нан бірнеше есе жоғары. Син­гапур халқының жоғары табысы, жар­налардың жоғары мөлшерлемесі болашаққа қаражат жинауға және оларды әртүрлі мақсатқа жұмсауға мүмкіндік береді. Сингапурлық жү­йенің тағы бір ерекшелігі сол, жергілікті азаматтар тек өздерінің жинақ ақшасына ғана үміт арта алады. Бұл елде міндетті медици­на­лық әлеуметтік сақтандыру, те­гін медициналық көмектің кепіл­ден­дірілген көлемі деген жоқ. Бар­лығы азаматтардың өз жауап­кер­шілігінде. Ал Қазақстанда ха­лықты әлеуметтік және медици­налық тұрғыда қорғаудың көпдең­гейлі жүйесі қалыптасқан. Базалық деңгейде әлеуметтік және медици­налық көмектің елеулі бөлігі мем­лекеттік бюджет есебінен қар­жы­ландырылады. Екінші деңгейде Мем­лекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қоры мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жасалатын аударымдар оған қа­тысушыларды қаржыландыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ елі­мізде жұмыскерлерді өндірісте тө­тенше жағдайлардан міндетті сақ­тандыру жүйесі де жұмыс іс­тейді. Үшінші деңгейде – ерікті сақтандырудың, оның ішінде медициналық сақтандырудың нарықтық өнімдері бар.

– Зейнетақы төлемінің көлемі биыл өсе ме? Егер өссе қанша па­йызға өседі?

– Бүгінде зейнеткерлердің қо­лына берілетін жиынтық зейнета­қы екі төлем көзінен құралады: мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы, ал БЖЗҚ-дан жинақтар есебінен төленеді. Мемлекеттік зейнетақыға келер болсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша 2020 жылдың қаңтарынан бастап барлық зей­нет­кердің зейнетақысы өседі. Төлем­дер инфляцияның орташа деңгейін ескере отырып (+2%) белгіленеді. Қордағы жинақтар есебінен бері­летін төлемдер жинақтардың көле­міне тікелей тәуелді. Қор төлемдері жинақтар таусылғанша төленеді. Ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды. 2020 жылға белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің кө­лемі 31 183 теңге екенін ескер­сек, Қордан кесте бойынша ай сайынғы ең төменгі төлем 16 839 теңге болады. Ал жоғары мөлше­ріне шек қойылмаған.

– Қазақстан Президентінің биыл Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарды зейнет жасына дейін басқа мақсатқа пайдалану мүмкіндігі айтылған бо­ла­тын. Осы мәселе шешімін тапты ма?

– Қазіргі уақытта Қазақстан Үкі­меті мен Ұлттық банкі ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жұмыс іс­теуші азаматтар үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білім алуға пайдалану мәселесін қарастырып жатыр. Бұл жұмысқа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен жанындағы Қоғамдық кеңестің мамандары қатысуда. Сонымен қатар Қазақстан Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы арнайы жұмыс топтарында осы бастама талқыланып, зейнетақы жүйесінің мүмкіндіктерін бағалау бойынша жан-жақты есептеулер жүргізілуде. Сондықтан зейнетақы жинақта­рын мерзімінен бұрын мақсатты пайдалану мәселесі түбегейлі ше­шімін таппағандықтан бұл тақы­рып бойынша әңгіме өрбітуге әлі ерте.

Дегенмен бұл жерде мына бір жайтты айта кеткім келеді. Зей­нета­қы жинақтары аты айтып тұр­ғандай бір ғана мақсатқа – адам­дардың зейнет жасында ла­йықты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Жинақтар – ұзақ жылдар бойы жиналатын ақ­ша. Ал басқа мақсаттарға пайда­лану үшін оның көлемі жеткілікті деңгейде болуы шарт. Яғни, жи­нақтарды басқа мақсаттарға пайдаланған күннің өзінде, шотта қалған ақша ай сайын кемінде ең төмен зейнетақы төлеп тұруға жеткілікті болуы керек.

– Бұрын зейнетке шыққандар Қордан жинақтарының қомақты бөлігін біржола алатын. Кейін бұған тыйым салынды. Қазір Қордан зей­нетақы төлемдері тек ай сайын беріледі. Бұл өзгерісті енгізуге не себеп болды екен?

– Шынында, 2018 жылға дейін зейнет жасына толған салымшы­лардың басым көпшілігі Қордан берілетін зейнетақының жылдық сомасын бір мезетте алып келді. Сөйтіп, келесі жылға дейін тек бюд­жеттен төленетін зейнетақы тө­лемдерін алатын. Зейнета­қыны тағайындаудағы мақсат – зей­неткердің күнделікті тіршілігін, лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету. Халықаралық стандарт бойын­ша зейнетақы ай сайын төленеді. Сондықтан біздің елде Қор төлем­дері ай сайын беріле бастады.

Бүгінде зейнеткерлерге беріле­тін зейнетақының 80-85 пайызы мемлекеттік бюджеттен берілетін базалық және ортақ зейнетақыдан құралады. Бірақ алдағы уақытта жағдай өзгеріп, жинақтардың рөлі арта түседі. 2040 жылдары 1998 жыл­­ға дейін еңбек өтілі жоқ аза­маттар зейнетке шыға бастайды. Сәйкесінше олар тек өздерінің жинақтары мен базалық зейнета­қыға ғана үміт арта алады. Базалық зейнетақының өзі қазір жинақтау­шы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тәуелді. Сондықтан міндет­ті зейнетақы жарналарын Қордағы жеке шотқа тұрақты аударып тұру және оны қадағалап отыру өте маңызды. Сонымен қатар мүмкін болса ерікті зейнетақы жарналарын аударып тұрған абзал.

Әрине, әртүрлі зейнетақы жос­парлары, төлемдердің тәртібі мен шарты салымшылардың мүдде­ле­рін ескере отырып дамытылады. Алайда зейнетақыға ақша жинау­дағы басты мақсат – оны қалай бол­са солай жұмсай салу емес, қар­тайғанда тұрақты табыспен қам­тамасыз ету екенін ұмыт­па­ған жөн.

– Салымшылар өздерінің жинақ ақшаларын инвестициялауға қашан қатысады? Болашақта жинақты бұрынғыдай қалаған қорымызға аудара аламыз ба?

– Иә, жақын болашақта са­лым­шыларға басқарушы компа­нияларды таңдау құқығы беріледі. Ұлттық банкінің ұсынысы бо­йынша нарықта зей­нетақы актив­терін басқарушы компа­ниялар пайда болады. Олар жеткілікті мөлшерден артық қара­жат жи­наған салымшыларға (ерлер үшін шамамен 8,2 млн теңге, әйел­дер үшін (едәуір ұзақ өмір сүру уа­қытын ескере отырып) шамамен 10,1 млн теңге) әртүрлі инвес­ти­ция­лық стратегия ұсынады. Осы­лайша, салымшылар жеке басқару­шы компанияларды таңдай оты­рып, инвестициялық стратегияны таңдау құқығына ие болады.

Зейнетақы жүйесіне жеке бас­қарушы компанияларды тарту – Ұлттық банктің зейнетақы актив­терінің портфелін әртараптан­ды­руға, сәйкесінше тәуекелді тө­мендетуге бағытталған жұмысы­ның бір тармағы. Бұл үдеріс ха­лықа­ралық қаржы нарығындағы кең көлемді инвестициялық бас­қару тәжірибесін пайдалануға мүм­кіндік береді. Ең бастысы, тұрғындарда өз жинақтарын молайтуға деген қызығушылық пайда болады.

Осы жерде баса айта кеткім келеді, басқарушы компаниялар нарығын қалыптастыру – бұл бұрынғы жеке зейнетақы қорлары бар ескі жүйеге қайта оралу емес. Керісінше, жаңа модельді қалып­тастыру болып табылады.

Ұлттық банк өз кезегінде зей­нетақы қаржысын басқарушы бо­лып қала береді. Зейнетақы жи­нақтарын жеке басқарушы компа­нияға бергісі келмегендер Ұлттық банкте қалады. Сәйкесінше олар­дың жинақтарын Ұлттық банк басқарады. Ал БЖЗҚ дәл қазіргі­дей жеке зейнетақы шоттары мен жи­нақ ақшаны есепке алу орта­лығы болып қала береді.

– Ел Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев өз сөзінде «зейнетақы активтерін инвестициялаудан түсе­тін табыстың төмен екенін», сон­дықтан зейнетақы жүйесінің тиім­ділігін арттыру керектігін айтқан еді. Осыған байланысты БЖЗҚ қа­зір қандай шараларды жүзеге асы­рып жатыр? Зейнетақы актив­терін инвестициялаудың тиімділігі қандай?

– Бірден ескерткім келеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін өзі басқармайды. «Қазақстан Респуб­ликасында зейнетақымен қам­сыздандыру туралы» заңының 35-бабына сәйкес Қордың зей­нета­қы активтерін Ұлттық банкі сенімгерлікпен басқарады. Бұл үшін 2013 жылы 26 тамызда БЖЗҚ мен Ұлттық банк арасында сенім­герлік басқару туралы шарт жасал­ған. Соған сәйкес зейнетақы ак­тив­терін инвестициялаумен бү­гінде Ұлттық банк айналысады. Бұл ретте БЖЗҚ Инвестициялық декларациясының талаптары бас­шылыққа алынады.

Зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыттары мен қаржы құралдары­ның тізбесін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу қызметі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлт­тық қорды басқару жөніндегі кеңесіне жүктелген.

Тағы бір кеңес – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес деп аталады. Ол Ұлттық банктің консультативтік-кеңесші органы. Ол зейнетақы ак­тивтерін инвестициялауға қа­тыс­ты ұсыныстарды қарау және әзірлеумен айналысады. Сатып алуға рұқсат етілген қаржы құрал­дарының тізімін жыл сайын Қа­зақстан Үкіметі бекітеді. Демек, зей­нетақы жинақтарын тиімді бас­қаруға тек Ұлттық банк емес, басқа бірқатар органдар атса­лысады деген сөз.

Зейнетақы активтерінің инвес­тициялық портфелі барынша әрта­раптандырылған. Яғни, зейнетақы активтері тәуекелі төмен, табысы тұрақты әртүрлі сенімді қаржы құ­ралдарын сатып алуға жұмсалады. Қазіргі уақытта зейнетақы актив­терін инвестициялаудың негізгі бағытының бірі – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары. Биыл­ғы жылдың 1 қарашасына қа­рай оның үлесі шамамен 38,2 па­йызға тең. Бұдан басқа, квази­ме­м­лекеттік ұйымдарының обли­гациясына (15,6%), екінші деңгей­дегі банктерінің бағалы қағазда­рына (15,4%), шетелдердің мемле­кеттік бағалы қағаздарына (14,5%), шетелдік банктердегі депозиттерге (2,8%), халықаралық қаржы ұйым­дарының бағалы қағаздарына (2,9%) және басқа да қаржы құрал­дарына жұмсалған инвестиция­ларды атап өтуге болады.

Зейнетақы активтерінің инвес­тициялық портфелі бағалы қағаз­дар, эмитенттер, мемлекеттер және валюталар бойынша кең түр­де әртараптандырылған. Қор­дың зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралда­рының инвестициялық портфелі валюталық тұрғыда былайша кел­тірілген: ұлттық валюта – 65,8 па­йыз, ал шетелдік валютада (негі­зінен АҚШ долларында) номи­налданған қаржы құралдарына салынған инвестиция шамамен 34,2 пайыз.

2019 жылдың 10 айы ішінде зейнетақы активтерінің табысты­лығы 5,67 пайызды көрсетті. Бұл кезеңдегі инфляция 3,9 пайыз болды. Жылдық тұрғыдан алғанда зейнетақы жинақтарының табыс­тылығы соңғы 12 ай ішінде 8 па­йыз­ға жетсе, осы кезеңдегі инфля­ция деңгейі 5,5 пайызды көрсетті. БЖЗҚ құрылғаннан бері (2014-2019 жылдың қазаны) зейнетақы активтері бойынша жинақталған инвестициялық табыстылық 68,4 пайыз, ал осы кезеңде жинақталған инфляция 55,1 пайыз болды. Яғни, инфляциядан асып түсетін нақты табыстылық – 13,3 пайыз. Сәй­кесінше зейнетақы активтерінің табыстылығы оң сипатқа ие.

– Зейнетақы қоры азаматтарды үнемі ерікті зейнетақы жарналарын аударып отыруға шақырады. Алайда адамдардың барлығы бірдей Қорға ерікті жарна аудармайтыны белгілі. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Ал Қор басшылығының өзі ерікті жарналар аудара ма екен?

– Қазақстанның кез келген азаматы Қорға ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Бұл жарналардың мөлшері, оларды Қорға аудару және Қордан алу тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді.

Иә, өкінішке қарай, ерікті жар­налар халық арасында аса танымал емес. Ағымдағы жылдың 1 қара­шасына қарай салымшылардың ерікті жарналар бойынша ашылған шотында 1,9 млрд теңге жинақ­тал­ған. Бұл барлық зейнетақы жи­нақтарының (10,6 трлн теңге) 0,02 пайызын ғана құрайды. Ерікті жарналар бойынша ашылған бір шоттағы орташа жинақ ақшаның сомасы – 49,7 мың теңге. Алайда ерікті жинақтардың көлемі біртін­деп өсіп жатыр. Мысалы, бір жыл ішінде ерікті жинақтардың сомасы 4 пайызға артты. Ал жыл басынан бері салымшылар 287 млн теңгеге ерікті жарналар аударды.

Ерікті жарналардың халық ара­сында танымал еместігінің бір­қатар себептері бар. Атап айтсақ, ерікті жарналарды Қорға аудару және Қордан алу барысында екі рет салық салыну тәуекелінің орын алуы; ерікті жинақтарды мерзімі­нен бұрын алу мүмкіндігінің жоқ­тығы; халық арасында қаржылық сауаттылық пен зейнетақыны жоспарлау мәдениетінің төмендігі және т. б.

Дегенмен қазіргі уақытта Қор халықаралық тәжірибелерді зерт­теп, зерделеп жатыр. Салдарынан халықтың ерікті жарналар есебінен қаражат жинауға деген қызығу­шылығын арттыру бойынша же­ңіл­діктер енгізуге қатысты бірқа­тар ұсыныстар әзірленуде. Олар­дың бірқатары Ұлттық банкке ұсы­нылып та қойылды. Бұдан бас­қа, Қор қызметкерлері арасын­да ерікті зейнетақы жарналарын дамыту мақсатында 2019 жылдың шілдесінде Қорда салық шегерімін автоматты түрде қолдана отырып, ерікті жарналарды өз пайдасына аударудың оңайлатылған және автоматтандырылған механизмі іске қосылды. Соның арқасында енді Қор қызметкерлеріне ерікті жарналарды аудару үшін банкке барудың, жарналарды аудару үшін комиссия төлеудің, салық ше­герімін алу үшін өз бухгалтериясына ерікті жарналарды төлегенін рас­тайтын құжат тапсырып отырудың қажеті жоқ.

Айта кетейін, ерікті жарналар есебінен жиналған қаражатты 50 жасқа толған адамдар, мүгедектер және Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кет­кен және кету ниетiн немесе дере­гін растайтын құжаттар ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың алуға құқығы бар. Бұл ретте жинақ ақшаны өз қалауымен бір рет толығымен немесе бөліп: ай сайын, үш ай сайын немесе ал­ты ай сайын алуға болады. Бұдан басқа ерiктi жарналар есебiнен қалыптасқан жинақ ақшасы бар адам қайтыс болған жағдайда, ол заңнамада белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

– Шетелге тұрақты тұруға кете­тін азаматтардың зейнетақы жи­нақтарын беру тәртібі қандай?

– Қазақстан шегінен тыс жер­лерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттар ұсын­ған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi және міндетті кәсіптік зейнетақы жар­налары есебiнен қалыптасқан жинақ ақшасын толық көлемде алуға құқығы бар. Бірақ бұл үшін олар алдымен елден кетуге арнал­ған құжатты рәсімдеп, басқа мем­лекеттің азаматы атану керек. Яғни, Қорға өтініш берместен бұ­рын, Ішкі істер министрлігінің ау­мақтық бөлімшелеріне немесе Ха­лыққа қызмет көрсету орталық­тарына өтініш беріп, шетелге кететінін рәсімдеп алған жөн. Рәсімдеу бойынша ақпараттардың барлығы Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік де­рекқорына түсіп отырады. Кейін өтініш беруші көшіп барған елінің азаматы атанып, қолына сол елдің төлқұжатын алған соң, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына келіп өтініш береді және шетелдік паспортының түпнұсқасы мен жинақ ақшаны аударатын банк шоты туралы мәліметті ұсынады. Бұл құжатты сенім білдіруші немесе пошта байланысы арқылы да жіберуге болады. Қордың www.enpf.kz сайтында Қорға берілу тәртібіне қарай құжаттардың барлық тізімі көрсетілген.

Айтпақшы, құжаттардың дұ­рыс рәсімделгендігіне көз жеткізу үшін Қор сайтының «Электрондық қызметтер» бөліміндегі «Төлемге құжаттарды алдын ала тексеру» қызметін пайдалануға болады.

Қор құжаттарды тексеруге ал­ған соң, өтініш берушінің шетелге көшетіндігін растау үшін Мем­ле­кеттік дерекқорға сауал жібереді. Оң жауап алынса Қор құжаттар қабылданған немесе келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішін­де жинақ ақшаны толық көлемде алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударады. Ал егер жағымсыз жауап алынса Қор өтінішті орындаудан бас тартады. Алушыға бұл жайында ескертіп, себебін түсіндіреді.

Қазақстан аумағында зейнета­қы аударымы теңгемен аудары­ла­ды. Егер банк шоты Қазақстаннан тыс жердегі шетелдік банкте ашыл­ған болса, зейнетақы төлем­дері АҚШ долларымен, евромен, фунт стерлингпен немесе ресейлік рубльмен аударылады.

– Таяу уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер­дің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келісім қабылданайын деп жатыр. Бұдан не күтуге болады?

– Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше ел­дердің (Беларусь, Ресей, Армения, Қырғыз Республикасы, Қазақстан) зейнетақымен қамсыздандыру са­ла­сындағы уәкілетті және құ­зы­рет­ті органдары Одаққа мүше елдердің еңбекшілерін зейнетақымен қам­сыздандыру туралы Келісім жо­басын талқылауда. Келісімнің мақ­саты – зейнетақымен қамсыз­дандыру саласында тең құқықты қамтамасыз ету. Келісімге қол қо­йылған соң Одаққа мүше мем­лекет зейнетақымен қамсыздан­ды­ру саласы бойынша өз азамат­тарына қандай құқық ұсынса, Одаққа мүше басқа елдердің аза­маттарына да дәл сондай дәрежеде құқық беруге міндетті болады. Ке­лісімнің тағы бір көздеген мақ­саты – еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын қорғау, зейнетақыны тағайындау және аудару мәселе­ле­рін шешу, Одақ арасында зейнета­қы саласында ынтымақтастықты дамыту.

Келісім заңды күшіне енгеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақта уақытша тұрып, еңбек шарты бойынша жұмыс істеп жүрген осы Одаққа мүше елдердің кез келген азаматының зейнетақы құқықтары қорғалады. Яғни, еңбек мигранты сол елдің зейнетақы қорына жарна аударып, қаражат жинайды. Кейін сол елдің заңна­масы бойынша зейнетке шыққан соң, өзіне тағайындалған зейнета­қыны осы елде немесе өзінің туған еліне аудару арқылы алады. Алайда қызметкердің өзге елдегі жұмысы заңды, яғни еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт негі­зінде болуы тиіс.

 

Айбота ЖАППАРБЕРГЕН,
Алматы