Ұлы ұстаз туралы үзік сыр
Ұлы ұстаз туралы үзік сыр
221
оқылды

Зымыран уақытқа үкім жүрмей­ді. Ұлы ұстазым, академик Фа­зыл­­хан Бәйімбетовпен мәңгі­лік­­ке қоштасқан сонау 2011 жыл­­дың сәуірі алшақтаған са­йын тағдырымдағы талайлы сәт те бедерленіп, санамда жаң­­ғыратындай. 1980 жылғы Мәскеудегі Олимпиада ойындары қызған тұс-тын. Жайдары жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде 2-курстың шәкірті, 19 жастағы балаң жігіт мені тісқаққан студент Жұмабек Ассалауов қырықтың қырқасына қадам басып, әріптестері мен тәлімгерлерінің құрметіне бөленген, ауыз әдебиетінің өкілдерінше айтсақ «жолбарыстай жігерлі» жас доцент Фазылхан Бәйімбетұлымен таныстырған еді.

Сөйткен Жұмабек кейін Ре­сей Ғылым академиясының ака­демигі, даңғайыр ғалым В.Захаровтың жетекшілігімен ірге­лі ғылымда өрнекті із қал­дыр­ды. Осылайша, Фазылхан ағай жетекшілік ететін ғылыми топқа мүше болып, лабораторияның табалдырығын имене аттадым.

Физика факультетінде өткен ғасырдың жетпісінші жылдары орын алған шығармашылық көңіл күй төменгі курстың біз сияқ­ты көгенкөздерін табиғат тыл­сымдарына үңілуге, қиял кө­гіне қанат сермеуге шақыр­ғандай-тын. Ілім-білімге құштарлық, ғылымға талпыныс жетегінде жүріп, Ғафу ақын жазғандай «ғажайып дүниенің сырын жайып, қияға қызықтырып же­те­­леген» ұстазымызды физи­ка құ­пияларының қазына-қой­­­ма­сының кілтін ұстаған ақыл-ой әлемінің падишасы ре­тінде елестететінбіз. Сол кезде­рі әлі де «тақтан түспей», қай­ра­­ты қайтпаған Н.Косов пен В.Кашкаров сынды екі ғылым док­­торы, профессор болды. Ал, 35-40-тардағы қылшылдаған «сен тұр, мен атайын» доценттер арасында М.Әбділдин, Ф.Бәйім­бетов, Т.Қожамқұлов пен Ш.Сәр­сем­бинов сияқты кең өріс­ті жас ғалымдар ерек­ше көзге түсетін. Кейіннен бұ­ның барлығы өзде­рінің ғылы­ми мектептерінің негізін қа­лап, Қазақстан Ұлт­тық ғылым ака­­де­мия­сының акаде­мик­тері атан­ғаны тегіннен-тегін емес.     

Сол кезеңге дейін Фазылхан Байымбетұлы үш-төрт адам­нан: аспиранттардан, жас қызмет­кер­лер мен студенттерден тұратын шағын ғылыми топ құрып, тер­моя­дролық, ионосфералық плаз­­ма­ның және тығыз орта фи­зи­касының әртүрлі мәсе­­лелерімен айналысып жат­қан еді. Тығыз плазма потенциалдарындағы жо­­ғары ретті байланыстарды есепке алу туралы кезінде өзі уақытша тастап кеткен идеясына оралу жөнінде Фазылхан Байым­бетұлы шешім қабылдаған күр­делі де тарихи мәні бар сәт­те менің таланды тағдырым онымен жо­лықтырғанын жылдар өте тү­сіндім. Сонымен физика факуль­­тетінің ескі ғимаратындағы №221 бөлмеде ол маған бажайлай қа­рап, «жас жігіт, міне, сіз енді ты­ғыз плазмамен айналысасыз. Нәтижелер жақсы болады деп ойлаймын, бастысы – төзу» деді. «Төземін» деп уәде беріп, Боголю­бов пен Эккердің кітап­та­рын алдым да қоштасып, шығып кеттім. Қарастырылып жатқан проблема математика тұрғысынан өте күрделі болып шықты, алайда оңтайлы таңдал­ған әдістеме Эккер және Бого­любов әдістерінің үйлесімі дип­лом­дық жұмысты аяқтар сәтке дейін жүйедегі N бөлшектердің бірмезгілдік корреляциясын ескере отырып, тығыз плазманың тиімді потен­циа­лына теңдеу алу мақ­са­тына қол жеткізуге мүм­кін­дік берді. Арада 30 жылға жуық уақыт өт­кен соң барып біз бұл теңдеудің пай­да болуын Қазақстанда жаңа ғылыми бағыттың тығыз (идеал емес) плазма физикасы пайда бо­луының бастау алар сәті деп са­науға болатынына көз жет­кізіп отырмыз. Кейіннен жоғарыда келтірілген теңдеудің ше­шімдеріне сүйене отырып, ты­ғыз плазмалық бөлшектердің өза­ра әрекеттесу моделі құрылды, ол 1995 жылы Physics Letters жур­­­налында жарияланды. Бұл модельдің пайдаcы мен таны­мал­ды­ғына айғақ ретінде Thomson Reuters агенттігінің деректеріне сәй­кес бұл мақалаға Еуропа мен Америка Құрама Штаттарындағы жоғары рейтингті ғылыми жур­нал­­дарда 200-ден астам рет сіл­те­ме жасалғанын тілге тиек етуге бола­ды.   

30 жылдан астам уақыт бойы ұстазыммен қоян-қолтық жұ­мыс істедім және дербес пікір, ба­тыл тұжырым мен кей кездері ға­жа­йып түйсікпен астасып жа­та­тын сұңғылалық Фазылхан Бәйім­­бетұлының барлық қызмет өріс­­індегі, әсіресе ғылымдағы ой­лау машығының басты белгілері екен­іне өз тәжірибемнен көз жет­кіздім.

Фазылхан Бәйімбетұлы физи­ка­ның өтіп бара жатқан алтын ғасы­­рындағы соңғы қазақстандық энциклопедияшы-физиктердің бірі болды. Біріншіден, әрине ол әйгілі Новосібір физика-мате­­матика мектебінің ең жақсы дәстүрлерінде тәрбиеленген тама­ша физик-теоретик еді, алай­да ол эксперименттік физи­каға әрдайым тебіреніспен әрі үлкен құрметпен қарап, «кез келген әдемі теория егер ол нақты сандар мен тәжірибелік қолданбаларда көрініс таппаса, тек теория бо­лып қала береді» дейтін. Ол өз пікірлерін нақтылай отырып, өткен ғасырдың 80-жылдарының басында плазмалық ағын­дар мен радиацияның құрылым­дық материалдармен өзара әре­­кеттесуіне арналған қуат­ты экс­­перименттік бағыт құр­ды. Кезін­де Ресей Ғылым акаде­мия­сының президенті, академик В.Фортов бір халықаралық кон­ференцияда «плазма физи­ка­сын­да тек екі маңызды бағыт бар: идеалды емес плазма физи­ка­сы және плазма ағынының мате­риал­дармен әрекеттесуі. Біз, мыр­­залар, олармен жеке-жеке жұ­мыс істейміз, ал менің досым Ф.Бәйім­бетов осының екеуімен де сәтті жұмыс істеуде» деген-ді.

Фазылхан Бәйімбетұлының экс­перименттік жұмыстың ма­ңыз­­дылығы туралы пікірі өзім үшін көптеген жыл өткен соң даныш­пандық тұжырым бо­лып шықты: осы ғасырдың ба­сын­­да досым, Ресей Ғылым акаде­­мия­сының академигі О.Пет­­ров­тың қамқорлығымен то­­заңды плазма қасиеттерін экс­пе­ри­мент­тік зерттеу үшін ғы­лыми зертхана құрдым, бұл біз­дің зерттеулерімізді байытып, оларды түбегейлі жаңа деңгейге көтерді. Енді мен өзімнің толық­қан­ды ғылыми жұмысымды тәжі­­рибелік нәтижесіз елестете алмай­мын.

Фазылхан Бәйімбетұлының ғылыми мәселелерді шешудегі және олардың түйінін тарқату жол­дарын жоспарлаудағы көре­ген­дігінің тағы бір мысалын кел­тірейін. Өткен ғасырдың 80-жыл­дары псевдопотенциал мен оның жуық шешімдерінің теңдеуін алғаннан кейін ол маған теңдеуді сандық түрде шешіп, болашақта тек компьютерлік мо­дельдеумен айналысу жөнінде қатаң шарт қойды. Өмір мұның бірден-бір дұрыс шешім екенін көрсетті, өйткені қазіргі кезде ғылымда маңызды теориялық нә­­тижелер компьютерлердің кө­ме­гімен алынады. Ол қыз­­­ғылықты есеп-мәселелерді тұ­жырымдап қана қоймай, ғы­лыми проблемаларды Абай ата­­мыздың «талап, еңбек, терең ой» тағылымына сүйене отырып ше­шуге тәрбиеледі. Ал мұның өзі плаз­малық физиканың әдеттегі тіліне түсіргенде тобықтай түйін­ді плазманың құрылымдық бө­­ліктерінің өзара әрекеттесу моде­лін сипаттауды білдіретін.

Академик Фазылхан Бәйім­бетовтің ғылыми мұрасы қандай? Бүгінде Қазақстанда және одан тыс­қары жерлерде әлемге әйгілі плаз­ма физикасы бойынша ғы­лыми мектебіміз бар. Сөзіме айғақ ретінде тек екі талассыз фактіні келтірейін. Соңғы 30 жыл ішінде АҚШ, Германия, Франция, Ко­рея және Жапонияның бір­не­­ше университеттері мен ғылы­ми-зерттеу институттарында Бәйім­бетов теңдеулері мен модель­дері негізінде идеалды емес плазманың қасиеттері бо­йын­ша өрісті зерттеулер жүр­гі­­зетін арнайы ғылыми топ­тар құрылды. «Бәйімбетов тең­­­деуі», «Бәйімбетов по­тен­циа­­лы», «Бәйімбетов мо­делі» және бас­қа атаусөздер шет ел­дер­­де­гі әлемдік жетекші орта­лық­тар ғалымдарының ғылы­ми мақа­ла­­ларында жиі кездесетін тір­кес­терге айналды. Сонымен, ака­­демик Бәйімбетов пен оның шәкірттерінің ғылыми мақа­ла­ла­рынан әлемдік агенттіктердің мәліметтері бойынша шамамен төрт мың рет сілтеме алынған. Егер бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарына он екі мыңға жуық сілтеме жасалған болса, онда қарапайым есеп университеттің жоғары бағаланған әрбір үшінші мақаласы академик Фазылхан Бәйімбетовтің ғылыми мектебі қосқан үлес екенін көрсетеді.  

Оның достарына, туыстарына, студенттеріне және төңірегіндегі кісілерге деген ізгілікті қарым-қатынасы жеке әңгіменің тақыры­бы­на лайық. Кезінде Фазылхан Бәйім­бетұлы өзінің ең жақын досы, профессор А.Нефедов ке­нет­тен қайтыс болғанда қатты күй­­­зелді. Осы оқиғадан кейін бес жылға жуық халықаралық кон­фе­рен­цияларға қатысқан жоқ. «Ол жерде менің досым Толя­ны көрмеу маған ауыр тиеді» деді бірде. Ол өзінің өмірлік се­рі­гі әрі сүйікті балаларының анасы Роза Сүлейменқызына деген сүйіспеншілігі құрметін өміріне өзек етті. 2005 жылы Роза апай ке­нет­тен ауырып қалғанда, өмірімде бірінші әрі соңғы рет Фазылхан Бәйімбетұлының жа­на­рына іркілген жасты көрдім. Ол өзінің сүйікті немересі Мар­ғұ­­ла­н­ның болашағына үлкен үміт білдіріп, әулеттің ғасырлар тереңінен бастау алатын рухани дәстүрлерінің сабақтастығы жал­ға­сын табатынына сенім арт­т­ы. Ол студенттерге өз перзент­тері ре­тінде қарады, білімге бау­лып қана қоймай, заманауи зия­лылық дәс­­түрлер рухында тәрбиелеуге тырысты.

Тағдырдың арамызды бөлге­ні­не тоғыз жылға жуық уақыт болды...

Қазір біз барлық іс-әрекетіміз­ді сіздің безбеніңізге тартып,   өл­­шейміз. Өмірдің маңызды мә­се­­лелері бойынша шешім қа­был­­дағанда, сізбен іштей кеңесіп, әрқа­шан өзіме «Ұстазым бұған қа­­лай қарайды?» деген сұрақ қоя­­мын. Сіз адамзатқа берген баға жетпес ғылыми еңбектеріңіз арқылы өз есіміңізді мәңгілікке қалдырдыңыз. Ұлы ұстазым, сіз­дің ұшқын атқан отыңыздың нұры­на бөленудеміз. Сіздің шә­кірт­­теріңіздің үшінші ұрпағы өзіңіз бастаған істі табыспен ілге­рі ұластыруда, ол ешқашан толастамақ емес.

 

Тілекқабыл РАМАЗАНОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ проректоры