«Сахнагер – 2019» ұлттық театр жүлдесі табысталды
«Сахнагер – 2019»  ұлттық театр жүлдесі табысталды
155
оқылды

«Жастар» театры сахнасында «Сах­нагер – 2019» ұлттық театр сыйлығын тапсыру сал­танаты өтті. Кешті Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Қазақ­стан театрлар ассоци­ация­сы ұйымдастыр­ды.

Шараны ұйымдастырушы Қазақ­стан театрлары ассоциациясының президенті, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, Ассоциацияның вице-президенті, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыка­лық драма театрының директоры, қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Маемиров үміткерлерді тағы бір мәрте құттықтап, шараның берер пайдасы мен театрдың қоғамдағы маңызын атап өтті.

Салтанатты шарада алдымен «Сахна­лық ғұмыр» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Рымкеш Омарханова мен Гүлжамал Қазақбаева марапатталды. Оларға арнайы диплом мен 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. «Театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін» жүлдесі Олег Ли, Ғайниқамал Байқошқарова, Сердок Қажымұратов пен Мағзұм Бақытжановқа берілді.

Бұдан бөлек, театр өнерінің 2019 жылғы үздіктері белгілі болды. Гүлсина Мирғалиева жылдың үздік режиссері атанса, Нұркен Өтеуілов пен Назгүл Қарабалина үздік актер мен актриса мәртебесін алды. Ал Әлішер Махпиров пен Динара Әбікееваны екінші планда­ғы үздік актер мен актриса, Нұржан Бәжікенов үздік опера солисі, Әйгерім Бекетаева үздік балет артисі деп та­ныл­ды. Анар Еркебайға үздік театр сын­шысы, Досымхан Бейсенбаевқа үздік қуыршақ театрының актері, Айгүл Тәтиге үздік хореограф, Роза Мұқа­но­вағ­а үздік драматург аталымы бұйыр­ды. Сондай-ақ Дарьяш Қасымова – үз­дік грим суретшісі, Ержан Қажымов – үздік дыбыс режиссері, Дмитрий Дра­гой – үздік жарық қоюшы-суретшісі, Сергей Мельцер – үздік сценограф-суретші, Әсия Құрманалина – үздік қуыршақ жасау шебері, Ерлан Тұяқов – үздік костюм суретшісі, Талғат Есенә­лиев үздік менеджер атанды. Аталған үздіктерге 1 миллион теңгеден сыйақы табысталды. Сонымен бірге жас актерлер «Үміт» дипломы мен ақшалай сыйлыққа ие болды.

Елімізде осымен үшінші рет Ұлттық театр сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Өнер кешіне драма, опера, балет, қуыршақ, жастар театрында еңбек етіп жүрген 54 артист қатысты. Ерекше да­ры­­ны мен шығармашылығы арқылы ел өнерінің дамуына үлес қосқан кәсіби мамандар елеусіз қалмады.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ