Павлодар облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Батырбек Әлиевтің өңірдегі карантиндік шектеу шараларын күшейту жөнінде жаңа қаулысы жарияланды. Жаңа қаулы ережелеріне сәйкес, әкімдерге бірқатар міндет жүктеліп отыр. Атап айтқанда, ашық және жабық ғимараттарда көріністі, спорттық іс-шараларды, отбасылық, ойын-сауық, ұжымдық, корпоративтік, салтанатты (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас беру) іс-шараларды, адам көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Сонымен қатар ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютер клубтары, букмекер кеңселері, лото терминалдары бар нысандар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, кинотеатрлардың қызметі тоқтатылды. Әйтсе де кітапханалар мен мұражайлардың жұмыс жүргізілуіне рұқсат беріліп отыр. Кезекші топтарды қоспағанда мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметіне тыйым салынған. Қала және аудан арасында жүретін автобустар кесте бойынша шектеумен жүреді. Жаңа қаулы 20 қаңтардан бастап күшіне енеді. Қаулының толық мәтінін мына сілтемеге кіріп, көруге болады. Бұған дейін Павлодар облысы қызыл аймаққа кіргенін жазған болатынбыз.