Волонтер болудың жөні бөлек
Волонтер болудың жөні бөлек
238
оқылды

Биыл сайлауалды компания барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда Қазақстан мен Ресей волонтерлер форумына қатысты. Шара барысында жастар Мемлекет басшысына 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялауға ұсыныс жасады. Қ.Тоқаев Жастар жылының логикалық жалғасы болсын деді ме, жас өрендердің бетін қақпай, сол жерде келер жыл еріктілердің белгісімен өтетінін жария етті.

Біздің қоғамда волонтер десе, ірі шараларда бірдей киім киіп, жол көрсететін немесе көше тазалап, ағаш отырғызатын, болмаса ардагерлерге ара-тұра көмек қолын созатын жастар ойға ора­латыны белгілі. Еріктілік тек жастардың ен­шісіндегі іс секілді. Ересектерге қатысы шамалы. Олар сенбілікте көшеге шыққанды қоғамға қосқан үлкен үлес ретінде бағалайды. Осындай көне түсінік қалыптасқан.

Көмек артты. Алайда соңғы жылдары «еріксіз» ерікті болып жатқан азаматтарымыз да баршылық. Мәселен, кейбір аудандарды айтып келмес апат шалса, жұрт жабылып, жылу жинауға тырысады. Биыл оқ-дәрі атылған Арысты еске алайық. Одан қалды, түрлі нау­қасқа ұшырағандардың есепшотына шамасы келгенше қаржысын жібереді. Қомақты қара­­жат жиналсын деп түрлі шараларды тегін ұйым­дастыратындар да бар. Бұл бір жа­ғы қайырым­дылық болса, екінші жағы волонтерлік. Яғни, елдің жағдайы түзеле баста­ған соң өзгеге көмек, басқамен бөлісу деген құн­дылық көпке тән бола бастағандай.

Бір қуанарлығы, тиіп-қа­шып, еске түскен кезде емес, во­лон­терлікпен кәсіби түрде айналыса бастаған азаматтар жеткілікті. Елімізде волонтер­лердің ұлттық желісі, ерікті ұйым­дардың кар­тасы да пайда болды. Тек елор­дамызда нақты бір салада тұ­рақты жұмыс істейтін ерікті ұйым­дар тіркел­ген. Astana жас­тар­ды дамыту орталығы, Best For Kids, Humans Health Institute, «Океан­Арт», Үнсіз әлем, «ДОС» тәуелсіз өмір» және басқалары бар. Атауларынан-ақ олардың қызмет бағытын бағамдауға болады. Тұрақты бір салада түр­лі шаралар өткізу ерікті ұйым­дардың жұмыс тиімділігін, та­нымалдығын арттыратыны сөз­сіз. Мысалы, Best For Kids ұйымы Ақмола об­лы­сындағы балалар үйіне кө­мек­теседі, ондағы бүл­діршіндерге ойындар, шебер­лік сабақтарын өткізу арқылы оларды өмірге бейімдеуге тырысады.

Волонтер: заң мен қаражат. Қоғамдағы осы бір игі бастаманы құқықтық тұрғыда реттеу мақса­тында 2016 жылы «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданды. Құжаттың бекітілуі бұл саладағы ауыз толтырарлық жетістік еді. Себебі қандайда бір заң қабыл­дануы үшін ол ұзақ дайындала­тыны белгілі. Дегенмен аталған құ­жатта көп жағдаяттар анықтал­май, еріктілер ісіндегі мәселелер реттелмей қалған. Айталық, во­лонтер мәртебесі, олардың еңбегі қалай есептелетіні немесе оларға Үкіметтің қолдау көрсету әдістері айшықталмаған. Келесі «Волон­тер жылында» аталған заңды одан ары жетілдіруге жақсы мүмкіндік бар.

Әрине, еріктілер бас қосатын ұйымдардың қызметі, көмегі ақысыз, риясыз болса да, оларға қосымша қаражат керек екені анық. Өйткені көмектің сапалы әрі тұрақты болуы көп жағдайда ақшаға келіп тірелетіні белгілі. Сондықтан олар тек жұрттың жиған жылуына үміттенбей, ха­лықаралық және респуб­ликалық гранттарды, мемлекеттің әлеу­мет­тік тапсырыстарын жеңіп алу­ға, ірі демеушілермен бай­ла­ныс орнатуға тырысады. Мәселен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы түрлі үкіметтік емес ұйымдарғы биыл 3,4 млрд теңге көлемінде 130-ға жуық грантқа байқау жариялады. Аз ақша емес. Алайда сол гранттарды жеңіп алған ұйымдарымыздың барлығы ісіне адал, жұмысы сапалы деп айту қиын. Амалдап шараны өт­кізіп, есепті жапсақ, тезірек пұлы­мызды алсақ дейтін уақытша ұйым­дар да жетерлік. Сондай-ақ ха­лықаралық ұйымдар, елшілік­тер де жоғарыда аталған ұйым­дарға грант беріп тұрады. Әрқай­сысының мақсаты әртүрлі. Еу­роодақтың Қазақстандағы өкілдігі 300 мың евролық грантты жария­лап келеді. Ал АҚШ елшілігі кіші гранттар ақшасын биыл 50 мың долларға дейін ұлғайтты.

Шетелде ше? Жастар жылын қорытындылап, Волонтер жылы­ның тұсауын кесу шарасында Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев еріктілерді қолдау мақсатында олар жұмыс істеген сағатты еңбек өтілі ретінде есептеп, ерікті-сту­денттердің шәкіртақысын өсіруді ұсынды. Бұл еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған тиімді әдістер. Олар әлемде кеңінен та­ралған. Мәселен, көптеген ел­дер­де волонтер паспорты бар. Онда азаматтың қай жерде, қанша уақыт ерікті болғаны жазылады. Оны түрлі гранттарға өтініш бер­генде, жұмысқа орналасқанда көрсете алады. Ал Ресей 2014 жы­лы Сочи Олимпиадасына белсене араласқан волонтер жастарға мемлекеттік бірыңғай емтиханда 5 балл қосып берді. Батыс елде­рінде көпшілік жастар мектеп жасынан ерікті болуға ұмтылады. Бұл қоғам дамуына өз үлесіңді қосу ғана емес, сондай-ақ жоғары оқу орнына түсерде, қызметке орналасқанда волонтер жастарға басымдық беріледі. Яғни, қо­ғамдық жүйе өзгеге көмек беруге жағдай жасаған.

Сондықтан Еуропа елдерінде еріктілер қозғалысына қосылатын жандардың саны жоғары. Мы­са­лы, Германияда елдің 34 пайызы, яғни әрбір үшінші неміс волон­тер­лік жобаларға қатысады, айы­на осы мақсатқа 15 сағатын жұм­сайды. Ирландияда еріктілер саны осымен шамалас. Брита­нияда 10 адамның 4-і ерікті атана­ды екен, бұл 20 млн-ға жуық ха­лық. Яғни, бұл елдерде волонтер­лік ешкім қинамайтын, бірақ атқарсаң, демеу көрсететін қо­ғамдық идеяға айналғаны айшық­талып тұр. Ақысыз еңбекке мейі­рімділік, қайырымдылық жете­лейді екен. Мәселен, 10 еріктінің 8-і бұл істі мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында бастағанын айтқан.

Жалпы, Еуропаның кей қала­ларын араласаңыз, түрлі меке­мелерде ерікті болып тұрған ере­сек азаматтарды байқау қиын емес. Айталық, қаржыгер сенбі са­йын шіркеуге келетін туристерге жол көрсетуші болып жұмыс істеуі мүмкін. Панасыз қалған­дарға тегін тамақ таратумен айна­лысатындар да жетерлік. Африка елдеріне аттанып, балаларды ақы­сыз оқытуға, емдеуге даяр кі­сілер де бар. Ал Дүниежүзілік жа­байы табиғат қоры (WWF) Ру­мыниядағы зубрларды сақтау бағ­дарламасына қатысуға ша­қырады. Алайда еріктілерге қойы­латын талап та жоғары: ағылшын тілін еркін меңгеріп, бағдар­ламалаудың шебері болуыңыз шарт. Яғни, қалаған жан ерікті бола алмайды. Себебі өзгеге кө­мек беру үшін белгілі қабілеттерге ие болуыңыз қажет.

Біз өзгереміз бе? Ал енді келер жылы «Волонтер жылы» Қазақ­стан­да қалай өтуі мүмкін? Әдет­тегідей, Жастар комитеті, жастар ұйым­дары түрлі шара өткізуін болжап отырған шығарсыз. Біра­зы тұ­рақты болса, көпшілігі бір­реттік болары белгілі. Алайда «Во­лонтер жылы» ересек жан­дар­ды да осы «ақысыз іске» ара­лас­тырып, игі бастамаларды дәстүрге айнал­дыруға жақсы мүмкіндік бар. Яғни, білімді, тәжірибелі ма­ман­дар тегін лекция оқып, талай жасқа тұрақты әрі тегін тәлімгер бола алады. Неме­се заңгер, қар­жыгерлер қайы­рымдылық, бала­лар қорларына ақысыз өзінің кә­сіби қызметін көрсете алады. Қоғам мұндай шараларды Үкімет­ке қатысы бар ұйымдардың атқа­ратынына еті үйренген. Дегенмен келер жылы түрлі жекеменшік компаниялар да, жекелеген азаматтар да ерік­тілер қатарына қосылып, сан алуан пайдалы ша­раларды жүзеге асыра алады.

Бастысы – негізгі қағидаттар орындалса. Біріншісі, волонтер­ліктің ұстанымы – риясыз көмек, яғни Instagram кең тараған за­манда аттаған қадамды, қозғалған саусақтың барлығын суретпен сипаттап, жарнама жасау міндет емес. Екіншісі, волонтер бол деп ешкім қолдан сүйреп, белден баспайды. Сол үшін де оларды еріктілер дейді. Басқаша айтса, волонтерлік іс келер жылмен шектелмей, тұрақты салтқа, қоғамдық құндылыққа айналса игі. Өзгеге ақысыз көмек деген әдет аптасына, айына бір қай­та­ланатын жұрт бойындағы қа­сиет болып қалыптасса екен. Себебі мұндай қайырым­ды­лық­тың пай­дасын өзге емес, өз қо­ғамымыз көреді. Бәріміз сол қо­ғамның бөлігіміз. Яғни, көп­шілікте сол асыл қасиеттер арта бастаса, онда заң бұзу, қылмыс жасау, әдепсіздік, зорлық-зом­былық көрсету деген жамандық та жанама түрде кемуші еді. Маслоу пирамидасына сал­сақ, біздің де қоғам базалық қа­жеттін өтеп, бір саты жоғары дең­гейге жылжуы бек мүмкін.