«Әкелер мектебі» сенімді ақтайды
«Әкелер мектебі» сенімді ақтайды
2,116
оқылды

Түркістан облысы әкімдігінің тапсырмасымен барлық аудан, қалалардағы орта мектептерде «Әкелер мектебі» құрылды.

Оның құрамына кірген ақсақалдар мен түрлі ұйым мүшелері жасөспірімдер тәрбиесін түзеу мен салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды дәріптеумен айналысып, отбасылық тәрбиені насихаттап, мектептердегі бала тәрбиесін қолға алып жатыр.


Акелер мектеби (2).jpg

«Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген тәмсілді берік ұстанып, отбасы, бала тәрбиесіне аса көңіл бөліп, ұлттық құндылықтарды басты назарда ұстаған қазақ қоғамына бүгінгі жаһандану үрдісінің кері әсері тиіп жатқаны жасырын емес. Тарқатып айтқанда, ұлы даланың даналыққа толы адами болмыспен өмір сүруге бейімделіп, қалыптасқан тіршілігіне зиянын тигізіп жатқан сырт елдердің азғындаған қауіп-қатерінен қалай сақтанамыз, саналы ұрпақты қалай жетілдіреміз деген мәселе еліміздің басты назарында тұр.


Акелер мектеби (6).jpg

Міне осыларды негізге алған облыс әкімдігі түрлі бағдарламаларды қолға алып жатыр. Солардың бірі деп, өңірдегі барлық аудандарда «Әкелер мектебі» ұйымдарының құрылғанын айтуға болады.    

Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының бастамасымен облыстың әр ауданда аталған әлеуметтік жоба аясында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Ордабасы ауданы, Ш.Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясында «Әкелер мектебінің» ұйымдастыруымен «Әкелер мектебі – тәрбие мектебі» тақырыбында облыстық семинар өтті. Жиында үздік 5-сынып оқушыларын «Жас ұлан» ұйымына қабылдау рәсімі өтті. Жиынға қатысқан Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің мүшелері мен облыстық «Әкелер мектебінің» төрағалары, зиялы қауым өкілдері және мектеп басшылары оқушыларға ақ батасын берді.


Акелер мектеби (4).jpg

«Әке – бала үшін тау тұлға. Бала әкеге қарап өседі. Әр әке баласына уақыт бөліп, кеңесіп отырғаны дұрыс. Сонда баланың ой өрісі дұрыс қалыптасып, көңіл көкжиегі кеңейіп, кез-келген мәселеге жан-жақты қарауға ұмтылады. Өзі түзу ағаштың көлеңкесі еш уақытта қисық болмайды. Дұрыс әке дұрыс тәрбие берсе, қоғамның дұрыс дамуына айтарлықтай үлес қосары анық», – деді Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов жиын барысында.

 Семинарда «Әке – алтын діңгегім», «Әке – тірек, бала – жүрек», «Отбасындағы әке орны», «Отбасындағы әкенің беделін қалай арттыруға болады», «Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең» тақырыптарында ата-аналар мен оқушылардың қатысуымен тәрбиелік іс-шаралар өтті.