Мәжіліс комитетінде Премьер-Министрдің орынбасарлары мен министрлерді тағайындау үшін кандидатураларды келісу бойынша кеңес өтті. Атап айтқанда, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті мүшелеріне Үкімет басшысының бірінші орынбасары лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасы таныстырылды.
Ал вице-премьерлер қызметіне ұсынылған Роман Склярдың және Ералы Тоғжановтың кандидатуралары Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қарауына ұсынылды. Үміткерлер депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, VII шақырылымдағы Парламенттің I сессиясының ашылуында Президент қойған міндеттерді іске асыру жолындағы басымдықтарын, сондай-ақ жетекшілік ететін бағыты бойынша жұмысты одан әрі ұйымдастыру тәсілін баяндады. Әлихан Смайыловқа салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге, салықтар мен төлемдер түрлерінің санын азайтуға, бюджеттің мұнайлық емес тапшылығының мөлшерін төмендетуге және жаңа салық саясатына қатысты басқа да сұрақ қойылды. Мәжіліс депутаттары министрліктердің басшылары лауазымына алғаш рет үміткер кандидаттарды сұрақтың астына алды. Мәселен, Ұлттық экономика министрі болған Әсет Ерғалиевтің кандидатурасын кеңесу кезінде шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, өңірлердегі бюджетаралық қатынастардың тиімді жұмыс істеуі туралы мәселелер көтерілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына ұсынылған Серік Шәпкеновке де сауалдар қарша борады. Олар зейнетақы жүйесін дамытуға, ең төменгі базалық әлеуметтік стандартты жетілдіруге, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар қажеттілігін болжау әдістемесіне және басқасына қатысты болды. Депутаттар, сондай-ақ қолданыстағы барлық бағдарламаны аяғына дейін жеткізудің, елдің дағдарыстан кейінгі дамуы үшін сабақтастықты қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Отырыс соңында кандидаттарды аталған лауазымдарға тағайындау үшін ұсыну туралы комитеттің қорытындысы қабылданды.Елдос СЕНБАЙ