Қазақстанда жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Осының алдында Мемлекет басшысы өз Жолдауында кәмелетке толмағандарға жасалған жыныстық қылмыстар үшін жазаны ауырлатуды тапсырған болатын.
Осыған орай, ІІМ кейбір заңнамалық актілерге тиісті түзетулер жобасын әзірлеп, Парламент қарауына енгізілген. Биылғы жылдың 11 қаңтарында бұл өзгеріс заңды күшіне енді. Осылайша, балаларға қатысты жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыстың барлық түрі үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Кәмелетке толмаған балаларды зорлаған қылмыскерлер жазасы ауырлады. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 120-бабына сәйкес, қылмыстық топ құрамында зорлауға қатысқан қаскүнемдер үшін жазаның төменгі шегі – 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруға көбейтілді. Бұған дейін 15 жылдан басталатын. Егер ата-анасы, өгей әкесі, педагог бала зорласа, ол үшін санкция 17-20 жылға дейін ұлғайтылды. Бұрын бұл норма бойынша санкция 12 жылдан 17 жылға дейінгі аралықты құрайтын. Мұндай өзгерістер Қылмыстық кодекстің 121, 122, 123, 124, 134, 144, 312-баптарына да енгізілді. Бұл бастама кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына балта шабуы мүмкін зорлық-зомбылық әрекеттері мен қылмысты ауыздықтайды деген үміт бар.Ерік ЕРДЕНОВ