Өткен сайлауда кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі жерде саяси күштердің Парламентке кіру шегін 7 пайыздан 5 пайызға түсіруді ұсынды. Біреулер мұны демократиялық жаңғырудың жалғасы деп бағаласа, тағы бір белсенділер сырттай сылап-сипау ғана деп сынайды. Билік бұл өзгерісті неге сайлаудан кейін емес, сайлауға дейін енгізбеген?
Қазіргі заңда саяси партия Парламентке өтуі үшін кемінде 7 пайыз дауыс жинауға міндетті. Кейбір белсенділер бұл межені 3 пайызға түсіру керек дейді. Мемлекет басшысы Мәжілістің 1-сессиясында сөйлеген сөзінде Парламенттен орын бұйырмаған партиялардың құрамындағы білімді, білікті азаматтардың әлеуетін пайдалану қажет деген ойын ортаға тастады.
«Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық. Сондықтан саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек. Аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мұндай бастама халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтуға көмектеседі. Рас, Парламентке өту межесін төмендетсе, мыңдаған адамның талап-тілегі желге ұшпай, билік тарапынан ескерілер еді. Мысалы, «Ауыл» партиясы 5,29 пайыз дауыс жинады. Ресми дерек бойынша, сайлауға 12 млн-ға жуық адам қатысты деп есептеп, оны санға айналдырсақ, «Ауылды» 600 мыңдай адам қолдағанын байқаймыз. Яғни, 600 мыңдай сайлаушының дауысы далаға кеткен.
Парламентке өту шегі тым жоғары болса, заң шығарушы және атқарушы билікті бір-екі саяси топ монополиялап алуы ықтимал деген қауіп бар. Әрине, белгілі бір меже экстремистік ұйымдарға, әуесқой, жеңіл-желпі партияларға тосқауыл қояды. Ал жалпыұлттық деңгейдегі партияларға ондай кедергіні еңсеру қиын емес. Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Серік Нұрмұратовтың пайымы да осы ауқымнан ауа жайылмайды.
– Елімізде саяси процесс кейінгі кезде пәрменді жүріп жатқан сияқты. Себебі қоғамда белсенділердің қарқыны қатты. Әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота белгіленді. Президенттің 5 пайыздық ұсынысын қолдаймын. Бертінге дейін «Nur Otan», ҚХП, «Ақ жол» партиялары ғана Парламентке өз өкілдерін сайлап келді. Осыны өзгертудің тетігін тауып, жаңа партияларға мүмкіндік беру керек. Бірақ Американың тәжірибесіне қарасақ, саяси әлеуеттің дені негізінен екі-ақ партияның қолына шоғырланған. Керісінше, кейбір мемлекетте партия өте көп. Сырт көзге демократия сияқты көрінгенімен, бір-бірімен мүддесі сәйкеспейтін топтардың текетірескені де жақсы емес, – дейді сарапшы.
Жалпы, пропорционалды сайлау жүйесін қолданатын елдердің барлығы дерлік парламентке өту шегін бекіткен. Мысалы, бұл меже Дания мен Израильде – 2 пайыз, Шри-Ланкада – 2,5 пайыз, Аргентина, Испания, Хорватия, Грекия, Румынияда – 3 пайыз, Словенияда – 3,4 пайыз, Австрия, Албания, Болгария, Венгрия, Италия, Швеция, Латвияда – 4 пайыз, Әзербайжан, Армения, Литва, Эстония, Словакия, Польша, Чехия, Ресейде – 5 пайыз, Молдовада – 7 пайыз, Египет, Лихтенштейн, Португалияда – 8 пайыз, Түркияда – 10 пайыз.
Пайыздық шекті әр мемлекет ішкі-сыртқы саясатына қарай өзі анықтайды. Мәселен, Түркияның билік партиясы 2002 жылғы сайлау қарсаңында күрдтер партиясын парламентке жолатпау үшін 10 пайыздық межені енгізді. Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы бұл шешімді сынағанымен, түріктер оған пысқырған жоқ.
Былтыр 5-6 қазанда өткен наразылықтан кейін Қырғыз Республикасы парламентке өту шегін 7 пайыздан 3 пайызға дейін бір-ақ түсірді.
Қысқасы, пропорционалды сайлау жүйесі бар 27 елдің 17-сі парламентке өту шегін 3-5 шамасынан асырмаған. Сарапшылар 5 пайыздық межені оңтайлы санайды. Өйткені ол бір жағынан саяси тұрақтылықты сақтауға жағдай жасайды, екінші жағынан сайлаушылар таңдауын мейлінше толық ескеруге септеседі.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламентке тікелей қаратып айтты ғой. Меніңше, алдағы уақытта арнайы заң қабылданатын тәрізді. Саяси реформалар жүргізу кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Президентіміз билік басына келгенде «бірінші экономика, содан кейін саясат деген болмайды, екеуін қатар алып жүруіміз керек» деп Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Сайлау туралы, партиялар туралы, бейбіт жиындар туралы бірқатар заңдар өзгерді. Өздеріңіз білесіздер, бізде бір сайлаудан екінші сайлауға дейін «демалып», сайлау науқанында ғана «тірілетін» партиялар бар. Мемлекет басшысы соңғы сайлаудан ой түйді. «Алдымен сайлауды өткізіп алайық, содан кейін ұсынамыз» деген бақай есеп емес, «Ауыл» партиясының көрсеткішін көріп, осындай ұсыныс айтты. Шешім бірден қабылдана салмайды. Пікірлер жан-жақты сараланады, – дейді саясаттанушы Нұрлан Сейдін.
Иә, бұл – талқылауға татитын тақырып. Пайыздық межені ешкім еріккеннен ойлап таппаған. Еш пайдасы болмаса, демократиялық қоғамдар да оны қолданбас еді. Пайыздық межеге байланысты саяси партиялар өзара бірігіп, ірі коалициялар құрады. Сайлаушылар да өз дауысын бағалап, парламентке өтетін партия мен өтпейтін партияны ажыратып үйренеді. Алтыбақан, алауыз ұсақ партиялар парламентте дау-дамай туғызып, заң шығару процесін босқа тежеуі мүмкін.
2007 жылы 18 тамызда өткен Мәжіліс сайлауында халықаралық байқаушылар пайыздық шекті тым жоғары деп Қазақстанға ескерту жасаған. Алайда біздің билік оған құлақ аспай, 13 жылдан кейін ғана осы мәселеге оралып отыр. Оның өзінде де сайлауға дейін емес, сайлаудан кейін. Неге?
– Сайлауға дейін айтылуы керек еді. Бірақ Президентке бұл идея кешірек ұсынылған сияқты. Мемлекет басшысы жалғыз жұмыс істемейді ғой. Кеңесшілері бар, көмекшілері бар, командасы бар. Шекті межені ертерек төмендеткенде сайлау өзгеше сипатта өтер еді. Тіпті, 3 пайыз қылсақ та артық болмайды. Сайлауға қатысатын өз азаматтарымыз ғой. Неге оларға сенімсіздік білдіреміз? Сайлаушылар да сауатты. Халық өз болашағын өзі анықтауы керек. Әрі-беріден соң 3 пайыз жинаған партияның бағыты дұрыс па әлде 20 пайыз жинаған партияның бағыты дұрыс па, оны өмір көрсетеді. Бұл процесс әрі қарай тереңдетілетін шығар, – деп топшылайды Серік Нұрмұратов.
2020 жылы Қазақстанда саяси партиялар туралы заңға өзгертулер енгізілді. Бұрын саяси партияны тіркеуге 40 мың адамның қолы талап етілсе, енді 20 мың адамның қолы жеткілікті. Партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота берілді. Әрине, қоғамда Президент реформаларына сенбейтіндер, күлетіндер, табалайтындар табылады. Бірақ Африканың кешегі авторитарлық режимдерінде бүгін сайлау науқаны еркін әрі бәсекелі түрде өтіп жатқанын ескерсек, бізге де шынайы демократияның ауылы алыс емес.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ