Елордадағы жұқпалы аурулар орталығындағы науқастарға арналған орын 80% толы. Бұл коронавирустың қайта өршігенін көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24» Бүгінде Қазақстан бойынша коронавирустан 24 875 адам емделіп жатыр. Оның 6 570-сі стационарда дәрігерлердің қарауында. Ал 18 305 науқас амбулаториялық жағдайда ем қабылдауда. 294 адамның халі ауыр, тағы 60 пациент өте ауыр жағдайда. 40 науқастың халі тіптен мүшкіл, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Әсіресе, қант диабеті, өкпе, жүрек-қан тамырының ауруы мен обыр дертіне шалдыққандарға коронавирус ауыр тиеді. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлап бара жатқанын қалалық жұқпалы аурулар орталығының бөлім меңгерушісі Гүлжанат Шыршықбаева да растап отыр.
"Қазір науқас көп. Күніне біздің бөлімде 40 төсек болатын болса, осы 40 төсек толық. Өткен жылы науқастар аз болатын. Қазір науқастардың саны көбейіп келе жатыр. Жұқпалы аурулар орталығының бір ғана бөлімшесіндегі жағдай осы. 190 орынға шақталған мекемеде қазір ұзын саны 159 науқас жатыр. Көршілес пульмонология ғимаратындағы 200 төсектің 155-і толық. Өткен тәулікте ғана 125 адамнан вирус анықталған. Өсім 0,63 процентті құрап отыр», - деді қалалық жұқпалы аурулар орталығының бөлім меңгерушісі Гүлжанат Шыршықбаева.