Бес жылға созылған электронды төлем жүйесі қарағандылықтар үшін сәтсіз аяқталды. Әкімдік жаңа жүйені енгізуді 2015 жылдан бастап қолға алған болатын. Ал 2020 жылдың 15 қыркүйегінде жол ақысын электронды төлеу жүйесі тесттік режимде іске қосылды. Дегенмен үш айдан соң тапсырыс беруші Smart Card компаниясымен келісімшартты ресми түрде бұзды.
Қала билігі тест режимі шамамен екі аптаға созылады деп уәде берген еді. Дегенмен бірнеше жыл бойы осы жүйеге қаражат салуға көндірген кәріс инвесторы тапсырыс берушілердің көңілінен шықпады. 2020 жылдың желтоқсанында автопарктер компаниямен келісімшартты бұзатынын жариялады. Дегенмен шарт бұзардан бұрын компания бұған дейін 600 теңге тұрған карточканы мереке күндері акция арқылы 400 теңгеден жеңілдікпен сатуға көшіп, мырзалық танытты. Шарт бұзуға балансты толтырудың уақытында орындалмағаны себеп болды. Карточканың шотын сату нүктелеріндегі арнайы терминалдар мен банктер арқылы толтыруға болады, бірақ қаражаттың дер кезінде түспеуі халық ренішін тудырды. Компания «валидаторлар барлық 560 қалалық автобусқа екіден орнатылды. Сондай-ақ «әр автобусты бірнеше бейнебақылау камералары қадағалайды», – деп мәлімдеген болатын. Дегенмен кейбір автобустарда валидаторлардың өшірілгенін тұрғындар әлеуметтік желілерге жазып жатты. Осы шағымдарға сүйене отырып, қала автопарктері Smart Card ЖШС-мен келісімшартты бұзатынын жариялады. «2015 жылдан бастап Smart Card компаниясы Қарағандының қоғамдық көліктерінде жол жүру үшін электронды төлем жүйесін енгізген. Бірақ бүгінгі күні жүйе іске асырылмады, мерзімдер бірнеше рет бұзылды, компания электронды жол ақысын төлеудің соңғы күнін белгілемеді. Сонымен қатар жолаушылар тарапынан шағымдар түсуде, балама төлем әдісі жоқ, диспетчерлеу орталығы жоқ, маршруттарды қадағалау жұмысы дұрыс емес және т. б. Осыған байланысты енгізу ұзақтығын, сондай-ақ аяқтаудың белгісіз мерзімдерін ескере отырып, қала автопарктерімен 2020 жылғы 15 желтоқсаннан бастап шарттарды бұзу бойынша жұмыстар басталды және Smart Card ЖШС атына тиісті хабарлама жіберілді», – деп хабарлады «Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары ТКШ бөлімі» ММ. «Жол ақысын төлеу карталарын сатып алған қарағандылықтарға жаңа қызмет көрсетуші картаны айырбастап береді. Тұрғындардан Smart Card ЖШС жаңа карталарын толтырмауды және сатып алмауды сұраймыз. Егер сізде картада теңгерім болса, онда ол аяқталғанға дейін жол ақысын төлей аласыз», – деп мәлімдеді Қарағанды қаласының әкімдігі. Сондай-ақ әкімдік жаңа инвестор іздеуге көшкендерін, аталмыш компаниямен ынтымақтастықты толығымен тоқтататындарын мәлімдеді. Ал 560 автобусқа орнатылған техниканың әрі қарай қалай қолданылатыны белгісіз. Бүгінде қала автобустарында жол жүру құны – 80 теңге. Төлемді қолма-қол ақшамен де, смарт-картаны да пайдаланып төлеуге болады. Өткен жылы күзде Қарағандыда ресми түрде электронды карталарды сатудың 57 нүктесі ашылды, кейін Қазпошта филиалдарында тағы 48 сату нүктесін ашу жоспарланған болатын. Картаны 100-ден 100 000 теңгеге дейінгі сомаға толтыруға рұқсат. Компания алдағы уақытта мобильді қосымша жасап, жол жүру құнын төлеу және толықтыру үшін басқа да банктердің қосымшаларын пайдалануды жоспарлаған болатын. Көлік картасын сатып алғанда, оны сайтта тіркеу міндеттелген, карта жоғалған жағдайда баланс жаңа картаға аударылады. Карталардың «стандарт», «зейнеткер», «оқушы» атты үш түрі шығарылды. Тест режимінде «зейнетақы» карталары сатылымға түспеді. Тек «мектеп» пен «стандартты» көлік карталары жұмыс істеді. Көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер тестілік режим кезінде жол жүру ақысын бұрын белгіленген бағаларға сәйкес төледі. Тестілік режимде автобустарда кондукторлар қалды, олар жүйенің жұмысын қадағалап, төленген жол ақысын тексерді. Жүйе ресми іске қосылғаннан кейін кондукторлар жұмыс істемейді. Компания өкілдерінің айтуынша, смарт-карта – әлемдегі хакерлік шабуылдардың әсеріне ұшырамайтын қауіпсіз карта. Жаңа жүйе ресми іске қосылғаннан кейін қолма-қол ақшамен жүру смарт-карта арқылы төлегеннен жоғары болмақ. Ресми мақұлданса, билет қолма-қол ақшамен 150 теңге болады, ал электронды төлем үшін баға бұрынғыдай 80 теңге болып қалады. Яғни, халық жаппай электронды билетке көшуі тиіс болатын. 2015 жылдан бастап қала әкімдігі электронды билет енгізу үшін бюджеттен қыруар қаржы бөліп келеді. Тұтынушылардың сұранысын зерттеу, сауалнама жүргізу деген желеумен де біраз ақша желге ұшқан болатын. Қарағанды қаласында қоғамдық көлікте бірнеше автопарк қызмет көрсетеді. Ескірген автобустар, көрсетілетін қызмет сапасының төмендігі айтыла-айтыла жауыр болған жайт. Кондукторлар мен жүргізушілер де тұрақсыз, жиі ауысады. Билет айналымына түсетін қаржыда да есеп жоқ. Осыны ескере келіп, қала билігі электронды билет жүйесін енгізуге шешім қабылдайды. Дегенмен қолға алынысымен сәтсіздікке ұшыраған тестілеу қала автопарктеріне тиімді болып тұр. Яғни, жолаушылар қайтадан билетті кондукторларға төлеуге көшті. Бұл дегеніңіз айналымдағы қаражат тағы да бақылаудан шықты деген сөз. Сәйкесінше көрсетілетін қызмет пен түскен қаржының айырмашылығы жер мен көктей күйінде қалып отыр. Жалпы, Қарағандыда қоғамдық көлік қызметіне бюджеттен бөлінетін қаржыда есеп жоқ. Өткен жылы автопарктер 3 миллиард теңге көлемінде субсидия алды, бұған дейін ол жылына 2 млрд теңгеден бөлінетін. Дотация толықтай жаңа автобустар сатып алуға бағытталды. «ҚДБ-Лизинг» отандық жаңа автобустарды сатып алуға жылдық 7 пайызбен несие беруі тиіс еді. Бірақ бұл несиенің міндетті шарты әкімдік тарапынан субсидиялау бойынша кепілдіктер болуы тиіс. – Қарағандының негізгі үш автопаркі 2020 жылдың ортасына дейін 200 автобус сатып алады. Біз 2021 жылы олар автобус паркін толығымен жаңартуын талап етеміз. Егер олар мұны істеуден бас тартса, онда жеңілдетілген несие алмайды және біз олармен келісімшартқа қол қоймаймыз. Теміртауда да мамыр айында келісімшарт қайта жасалады. Егер олар екі жарым жыл ішінде барлық бағытқа жаңа автобустар сатып алудан бас тартса, біз бұл келісімшартты аукционға шығарамыз. Кез келген өңірден келген фирма біздің нарыққа кіре алады, – деген болатын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Дегенмен бюджеттен бөлінген субсидия да, шетелден шақырылған жаңа компания мен ноу-хау да сапаны өзгерткен жоқ. Автобустар лас әрі адамдарға лық толы, кондукторлар дөрекі, жол жүру кестесі сақталар емес. Кейбір маршруттарға валидаторлар орнатылған да жоқ. 2021 жылдың басында қала билігінің электронды билетке қатысты кезекті жобасы күйреді.Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы