Диплом сату базары басталмай ма?

Диплом сату базары басталмай ма?

2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны студенттер­ге жеке үлгі бойынша диплом береді. Ендігі кезекте ЖОО-лар оқу бағдарламаларын өз бетінше әзірлейтіндіктен, оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ) жүргізілмейді. Бір сөзбен айтқанда, «алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдымның» кері. Яғни, университетті брендке айналдыру мен құлдыраудың арасы бір-ақ қадам. Мұның тағы қандай ерекшелігі бар?

Заңсыз құжат айналымына тосқауыл

Білім беру мәселелері жө­ніндегі заңнамаға енгізілген түзету жоғары оқу орындарының жаңа тынысын ашқандай болды. Атап айтқанда, диплом беру тура­сын­дағы жаңа өзгеріс төңірегінде сұрақ көп. Министрлік енді әр жоғары оқу орнында берілетін диплом біркелкі болмайтынын айтады. Бұл оқу орнының жеке брендке айналып, студент уни­верситетті білім беру сапасына қарай таңдауына әсер етеді. Мем­лекеттік үлгідегі диплом беруді шектеу заңсыз немесе жал­ған құжат айналымына тосқауыл болмақ. «Мәселен, білім берілгенін рас­тайтын құжатты есепке алу және сериялық нөмірлері бойын­ша бір жүйеге келтіру үшін дип­ломдардың мазмұнына қатысты бірыңғай минималды талаптар қарастырылған. БҒМ-ның ақ­параттық жүйесінде бе­рілген дип­ломдардың депозитарийі, рекви­зиттері болады. Сондай-ақ Болон процесінің талаптарына сай Diploma Supllement беру қарас­тырылады», – дейді Асхат Айма­ғамбетов. Иә, бұл өзгеріске министрлік біршама уақыт дайындалған. Мұны бізге БҒМ-ға қарасты Жо­ғары білім департаменті басшысы Бану Мұқатайқызы мәлімдеді. 2017 жылдан бері ЖОО-ларға жаңа үлгідегі диплом беру жайы хабарланған екен. Түбегейлі әре­кетке көшу үшін министрлік 2 жыл бойы дайындық жүргізген. Нәтижесінде, жоғары оқу орын­дары толыққанды «өзі би, өзі қожа» болды. Неге бұлай деп сөз қоз­ға­дық? Өйткені ЖОО-лар 2018 жылы академиялық дербестік алды. Бірақ диплом беру мен оқу бағ­дарламаларына байланысты ми­нистрлікке тәуелді еді. Ал осы тұрғыдан алғанда бұл өзгеріс оқу орындары арасындағы бәсеке­лестікті арттырып, әр ЖОО-ның білім сапасы үшін жауапкершілігін күшейтеді. Алайда қоғам белсендісі Нұр­шат Жұмаділдің айтуынша, әлі де мемлекет тарапынан бақылау қа­жет. «Әйтпесе, жеке ЖОО ашық түрде диплом сату базарына айналып кетеді. Материалдық-техникалық базасы әлсіз уни­верситеттер онсыз да сапасыз ма­­­ман даярлап отырғаны айдан анық»,– дейді ол.

Оқу орнын таңдау бұрынғыдан да қиынға түседі

Мектеп бітірген түлек үшін таң­дау жасау қиын. Әсіресе, таң­даған мамандығына сай білім беру сапасы жоғары университетке түсуді көздейді. Осындайда елі­мізде ЖОО-ға қатысты нақты рей­тинг жоқ. Өйткені қоғамда оқу орны түлектерінің қазіргі дең­гейіне қарап бағалау басым. Ал оның жетістікке университет ар­қылы жеткеніне кепілдік бар ма? Сондықтан білім сапасына, оқу деңгейіне, университеттің ішкі және сыртқы бәсекесіне басты назар аударған жөн-ақ. Осы тұр­ғыдан алғанда Алматы ме­недж­мент университетінің про­ректоры Әсел Арынқызының жаңа бас­тамадан күтері көп. «Мемлекеттік үлгідегі дип­ломдар берілуі тоқтатыла салы­сымен талапкерлер, олардың ата-аналары ЖОО-ны таңдауда оқу орнының білім сапасы, беделі, профессорлық-оқытушылық құ­рамы, материалды-техникалық қамсыздануы, инновациялық білім бағдарламалары, рей­тин­гілері, қоғам алдындағы жауап­кершілік дәрежесі, халық­аралық дәрежеде танылуы сияқты маңыз­ды фактілерді басшылыққа алуы­на септігі тиеді. Енді ЖОО-ны таңдау бұрынғыдан гөрі қиы­нырақ, аса жауапты мәселеге ай­налады. Себебі студенттің ЖОО-ны аяқтаған соң жұмысқа орна­ласуы – оқу орны дипломының жұмыс берушілер арасында та­нылуына тікелей байланысты. Бұл ретте, білім сапасы сын кө­тер­мейтін жоғары оқу орын­дары сту­дентсіз қалып, жабылуы тиіс. ЖОО-лар арасында студенттер үшін ашық, нарықтық бәсе­келестік білім сапасының артуына әкелуі тиіс»,– дейді Әсел Арын­қызы.

Әйтпесе, жеке ЖОО ашық түрде диплом сату базарына айналып кетеді. Материалдық-техникалық базасы әлсіз уни­верситеттер онсыз да сапасыз ма­ман даярлап отырғаны айдан анық

ЖОО проректорымен әңгіме барысында университеттердің жаңа үлгідегі дипломына неге ба­сым­дық беретіні жайлы сұ­ра­дық. Ол шет елдерде студенттер ара­сында дипломын мақтан тұтып, қабырғаға іліп қою тә­жірибесі кеңінен тарағанын айтты. Сол үшін ЖОО-лар оқу орны үлгі­сінде жасалатын дип­ломның дизай­нына, ішіндегі ақпаратқа барын­ша мән беріп жатқан кө­рінеді. Мәселен, AlmaU университеті дипломға оқу орнының ак­кре­дитациялары, рейтингілері, жетіс­тіктері туралы ақпаратты қоспақ. Осылайша, құжаттың ақпараттық құндылығы арта түседі. Бұған қоса берілетін дипломдардың қауіп­сіздін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп, арнайы қорғаныс механизмдерін енгізуді қолға алып жатыр.

Оқу бағдарламасының жайы не болмақ?

Білім беру мәселелері жөнін­дегі заңнамада тек қана жаңа үлгідегі диплом беру жайы жа­зылған жоқ. Оқу бағдарламасы дейтін үлкен тақырып тасада қалып қойды. Оған қоса мемле­кеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңіл­детілгені бар. Аталған мә­се­ле­лерге жеке-жеке тоқталып кө­релік. Жоғары оқу орындарында мамандықтар тізімі клас­сифи­катормен қатаң белгіленетін-ді. Мысалы, оқу орны қандай да бір инновациялық мамандық ашу үшін тәжірибе жүргізу мақсатында арнайы рұқсат алуға әрекет жа­сайтын. Әрине, рұқсат алудың тәртібі күрделі. Заңнамаға ен­гізілген түзету осы процесті бір­шама жеңілдеткен екен. Қазір оқу бағытында инновациялық оқу бағдарламасын ашу үшін бағдар­ламаны реестрге енгізіп, сарап­тамадан өткізсе жетіп жатыр. Ал министрлік бекіткен клас­си­фикаторда тек білім беру саласы мен даярлау бағыты бекітіледі. Соған сәйкес әр ЖОО өзінде бар даярлау бағытына сәйкес оқу бағдарламаларын әзірлейді. Де­мек, оқу орнының түлеп, қоғамда қошеметке бөленуі өз қолында тұр. Мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен сутденттердің грант­ты жұмыспен өтеу шарттары күрделі мәселе еді. Басты шарты – мемлекеттік грантты мемле­кеттік мекемеде жұмыс істеу арқылы өтеу. Осы тұсы ЖОО түлектеріне ұнамайтын. Әрі мемлекеттік ме­кемеде жұмыс істеу жастарға тиімсіз көрінетін. Енді түлектер жекеменшік ұйымдарда жұмыс істеп, грантын өтей алады. Бұл жүйеге қойылар талап – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс. Сайып келгенде, жаңа норма кадр мәселесін ше­шіп, түлектердің жұмыспен қам­тылу мүмкіндіктерін кеңей­туге көмектеседі. Осыған сай министрліктің ай­туынша, мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік дамып келеді. Мем­лекеттік тапсырыс жеке­мен­шік балабақшаларға, мектеп­тер мен ауруханаларға беріледі. ЖОО түлектері мамандығына сай же­кеменшік ұйымдарда алаңсыз жұмыс істей алады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ