Шымкент аймақтық ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарихшы, әрі шежіреші Момбек Әбдіәкімұлын әңгімеге тартып, сұхбаттастық.
– Шымкент қаласының тарихы төңірегінде қалам тартып, зерттеп, оны баспа беттеріне жариялап, арнайы кітап шығарып жүрген жанның бірісіз. Айтыңызшы, 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы туралы айтылмай жүрген қандай тың деректер бар? Сонымен бірге мән берілмей жүрген дүниелерге тоқталсаңыз... – 2200 жыл деген ойдан құралған да емес, нақты нәрсе де емес. Дегенмен сол кездерде ел болған деген тұжырым бар. Жалпы, тарих толық зерттеліп біткен жоқ қой. Өзімнің еңбектерімнен айтар болсам, мысалы ислам діні қазаққа қашан келді? Бірінші Шымкент пен Сайрамға келді. Оған ешкімнің таласы жоқ. Одан кейін Түркістанға, ары қарай Арқаға, Қазанға кетті. 6600 жылғы Тараздың түбінде болған атлас шайқасын алатын болсақ, Ташкент жақтан арабтың әскерлері сол жаққа қарай барды. Бұл – үлкен тарихи оқиға. Содан кейінгі монғол шапқыншылығы, яғни Шыңғыс ханның бірінші шапқыншылығы тура осы жерден басталған. Ақсақ Темірдің қанқұйлы соғыстарының бәрі оңтүстікте болды. Мұны да ешкім жоққа шығара алмайды. Кезінде Шымкенттің тарихын зерттеушілер де, жазушылар да болмады. Енді ғана жазылып, айтылып жүр. Мәселен, Орталық Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстанның тарихы біршама жызылып, реттеліп қалған. Ал бізде жоқ болды. Түптеп келгенде, қазақ хандығы да осы жерден бастау алған. Мынау тұрған Шу да шартты түрде осы оңтүстік өңіріне жататын. Жүргізілген соғыстардың барлығы да Сырдың бойында, яғни Шымкенттің төңірегінде өтті. Қазақтың тарихы үшін бұл маңызды жер. Осының барлығын елеусіз қалдырамыз ба? Рет-ретімен айта берсең, қалмақ шапқыншылығы да қазақтың тарихында ең көп айты-лады. Ең қанқұйлы соғыстар осы жерде болған. Одан кейін ең бір айтылмай жүрген жайт – қазақ-қырғыз соғысы. Бұл да оңтүстіктің тарихына қатысты. 1740 жылдары басталған бұл соғыс 1847 жылғы Кенесарыны өлтіргенге дейін ұласты. Бұл мәселе әлі күнге дейін қазақтың тарихында айтылмайды. Бұл туралы мақалаларым шықты, алматылық ғалымдар үн қосты. Бірақ бүкіл халықтың, яғни Қазақстанның тарихына енбей жатыр. Бұдан кейінгі Қоқан хандығының шапқыншылығын алайықшы. Оңтүстік өңірдегі 3 облысты Қоқан хандығы 56 жыл биледі. Залымдығы, оның қазаққа көрсеткен зияны әлі күнге дейін айтылмайды. Оны әлі жазып келе жатырмын. Ташкенттің архивіне 32 мәрте кіріп, көптеген деректерге көз жеткіздім. Ол кезде Кеңес үкіметінің кеңдеу уакыты еді. Айлап отырған кездерім болды. Көп нәрсе шығардым, бірақ көп дүние шығара алмай қалдым. Қазір есікті жауып қойды, бізді кіргізбейді. Онда орыстар жазып қалдырған қаншама дүниелер бар. Жазып жүрген кітаптарыма соларды қолданып жүрмін. Оңтүстік өңірдің, яғни Шымкент қаласынан бөлек, Жамбыл, Қызылорда және Алматы, Түркістан облыстарының 2 томдық тарихын дайындап жатырмын. Ол да бітуге таяу, осында барлық нәрсе айтылады. – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақала жариялады. Онда ашаршылық туралы жазылады. Тарихшы ретінде осы кезең туралы алып-қосарыңыз бар ма? – Мемлекет басшысы осынау мақаласында «еліміздің ерте кезеңінен бастап қазіргі даму шегіне дейінгі жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізейік» деді. Алайда осынау мақала шыға салысымен әлеуметтік желіде ашаршылық төңірегінде түрлі әңгімелер айтып кеткендер болды. Тіпті, біреулері ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивін ашсын, сол жерде біраз нәрсе бар деп жазыпты. Мен айтар едім ол жерде ашаршылық туралы ешқандай мәлімет жоқ. Өйткені оны сол кезде-ақ жоқ қылып тастаған. Оны басқа жақтан алу керек. Президент өз мақаласында «1921-1922 жылдардағы нәубет, тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді» дейді. Жалпы, осы тұста айтарым, тарихи әдебиеттерде 1921-22 жылдары бүкіл Қазақстанда ашаршылық болды деп жазылып кеткен. Ол дұрыс емес. Оңтүстік өлкесінде, яғни жоғарыда айтқан 3 облыста сол кездің тілімен айтқанда, Түркістан өлкесінде 1917-1918 жылдары ашаршылық болған. Бірақ – ол қолдан жасалмаған жылантақыр жұты еді. 100 жасаған әжем айтып отыратын, қар не жаңбыр жаумай, жер құрғап, жұт болған екен. Т.Рысқұлов жылантақыр жұтында 500 мыңдай қазақ опат болып, 3 миллиондай малдың қырылғанын айтады. Одан соң 1918 жылдан бастап Ташкентте қазақ тілінде шығатын «Ақ жол» газеті осы ашаршылық жайында жақсы-жақсы мақалалар жазады. Көптеген жайтты айтып өтеді. Ал Орталық Қазақстанның шығыс аудандарының бергі жағы, сосын батыс Қазақстанның бергі шеттері Шалқар жақты қамтыған жұт 1922 жылы болған. Ал кейбір жазбалар бүкіл Қазақстанда болған деп жатады, осы жағын ажыратып алу керек. Бұл табиғаттан келген жұт болатын. Ал ол кезде оңтүстік өңір тойынып қалған еді. Ол кезде бізде ашаршылық болған жоқ. Ал 1931-1932 жылдағы ашаршылықты айтқан кезде барлық жерде тек қана орталық Қазақстанды, сонау Ғабит Мүсірепов айтып кеткен 1-2 мәселені айтады. Қарағанды мен Қостанайда болған ашаршылық сөз болады да, біздің оңтүстіктегі Шымкент пен Жамбыл, Қызылорда облыстары неге айтылмайды? Шындығына келгенде, бұл жерде де халық қатты қырылған. Осы тұста бір нәрсені баса айтқым келеді. Қазақ халқының зиялыларында өз ұлтын жамандайтын жаман әдет бар. «Қазақ жаман» дейді. Білмеймін, бұл әдет қайдан сіңіп жүргенін?! Кейбір адамдар «қазақтар ашаршылықта өздерінің жалқаулығынан қырылды» дейді. Айналайын-ау, жердің астындағы тышқанды теріп жеп жүрген адам жалқау бола ма? Одан кейін 1928 жылғы байларды тәркілеу кезеңіндегі архивтегі деректер әртүрлі. Сондықтан мұның барлығы – қаралы тарих. – Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан тарихты зерттеуге, ізденістер үшін арнайы қаржы бөліп, қолдап жатқан кездері болды ма? – Шынын айту керек, қала әкімінің орынбасарлығына әдебиетке жақын Шыңғыс Мұқан және мәдениет басқармасына Ханзада Әзімханқызы келгелі тарих пен мәдениет тұрғысындағы жұмыстардың алға жүре бастағанын жасырмаймыз. Бұрынғы мәдениет басшыларын, қала әкімінің идеологияға жауап беретін орынбасарларын танымайды да екенбіз. Шыңғыс Мұқан келе сала зиялы қауым өкілдерімен танысып, Шымкент қаласының тарихы туралы кітапты шығаруға белсеніп кірісіп отыр. Цитадельге қатысты істерді де бұрынғы әкім Айтаханов та, мына әкім Әйтенов те жақсы көтеріп келеді. Қазір тарихшылар мен әдебиетшілерге көңіл бөлінді. – Әлеуметтік желіде Шымкент қаласына қатысты үлкен дау болып тұрған мәселе – Асанбай Асқаровтың ізі қалған атшабарды қаланың шетіне шығару. Шымкенттің тарихына жанашыр ретінде осыған көзқарасыңыз қалай? – Негізі, иппадромның орнына көпқабатты үй емес, дендропарк сияқты әдемі бау салу керек еді немесе иппадром тұра беру керек. Кімнің көзіне түрткі болғанын қайдам, қаланың тарихы ғой бұл. Мүмкін атшабарды сыртқа шығарған дұрыс та шығар. Бірақ дәл сол жерге 9 этажды бірнеше үй салу – қонымсыз. Арғы жағында наурыз алаңы бар, бергі жағында дендропарк тұр. Ертеңгі күні дендропаркті ана жерге болмайды, тұрғындар тұратын маңда зообақ тұрған дұрыс емес деп, оларға да ауыз салынуы мүмкін. Қарсылығымызды білдірдік, бірақ салатын болып бекітіліп, қабылдап қойған сияқты гой. BI Group құрылыс компаниясы аядай жерде несі бар, басқа жерден де сала бермеді ме? Жазушы ретінде бұған қарсымын. – Шежіреші ретінде айтыңызшы, қоғамда ресми айтылмаса да, қазақта ру мәселесі өзектілігін жоймаған. Өзіңіз амандық-саулықтан соң ру сұрасатындарды, екеуара әңгімеде шыққан тегін зерттеп отыратындарды құптайсыз ба? – Құптаймын. Кез келген қазақ өзінің руын білуі керек. Рудан неге қашамыз? Сол рудан жаралған болсақ. Бірақ сол руды әлі күнге дейін дұрыс жағына реттей алмай отырмыз. Мәселен, ру тайпалардан, тайпалардан қазақ құралады. Қай халық атам заманнан тілі бір, діні бір, ділі, жүрегі бір болды қазақтан басқа? Қанша тайпаға бөлінсек те, мақұл Дулат бір тайпа, Қоңырат Найман, Керей бір тайпа, тағы басқа тайпа болғанымен ешқашан соғысқан емес. Айтыңызшы, мына жерде орта жүз, кіші жүз соғысты деген тарихта айтыла ма? Қырқысқан жері жоқ. Сонда осы рушылдық дегенді қайдан тауып алдық? Қазақ қалай рушыл болған, егер оның ағайыны 37-жылдары бір-бірін ұстап беріп отырса, қандай рушылдық? Біреулер айтады, қазақ бір-бірін ұстап береді, қазақ рушыл дейді, мен оны көрмей тұрмын. Қай уақытта біз ұлтымызды жамандайтын ауруға ұшырадық? Бізге қауіп басқада емес, осында. Қазақ жаман, қазақ рушыл, надан дей отырып, өзі қазаққа не қызмет етті? Осы пиғыл біздің санамызға сіңді. Әлеуметтік желіні ашсаңыз, бесіктен белі шықпаған баланың өзі осы сөзді жаттап алған. Қазақ әйелдері де сөйдеп айтады. Солар түріктің, үндінің сериалдарын көріп отыр. Олар бір-біріне «түрік жаман, орыс жаман» демейді. Жаман болсаң, өзің жамансың, нең бар бүкіл қазақта? Жалқау болса, өзіңнің балаң жалқау шығар, менің баламда нең бар? Осылай кейде біреулермен сөзге де келіп қаламын. Кез келген ауылда жаман да, жақсы да бар. Бұл – жаман үрдіс. Елдік, мемлекетшілдік алдыңғы орында тұруы керек. – Сұхбатыңызға рақмет!Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы