Тарихымыз терең қамтылған еңбек

Тарихымыз терең қамтылған еңбек

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының мұрындық болуымен 3 томдық «Қазақстан тарихы. Энци­к­лопедия» еңбегі жарық көрді. Әр том шамамен 105-107 баспа табақ, 850 беттен артық. Энциклопедияда қазақ халқының көне заманғы тарихынан бастап бүгінгі өміріне дейінгі негізгі оқиғалар, тұлғалар мен құбылыстар қамтылған.

«Қазақстан тарихы. Энци­клопедиясының» бас редакторы – институт директоры, ҰҒА кор­рес­пондент-мүшесі Зиябек Қа­был­динов. Еңбекті жазуға Қазақ­стан тарихының белгілі маман­дары түгел дерлік тартылды. Бел­сенді авторлар қатарында М.Қойгелді, Т.Омарбеков, Б.Кә­рі­баев, Б.Көмеков, Н.Әлімбай, О.Ысмағұлов, С.Борбасов, С.Әжіғали, А.Тоқтабай, М.Әбу­сеи­това, Д.Қыдырәлі, Б.Қой­шы­баев т.б. көптеген ғалымдар бар. Жаңа энциклопедия ел тари­хында бұрын-соңды болмаған еңбек. Қазақстан тарихының 5 томдығына енбеген көптеген тарихи, этнологиялық, тұлғалық мәселелерді осы кітаптан табуға болады. Қазақ этносының тарихы протоқазақтардан б.з.д. 500 жылдықтан бастап 2,5 мың жылдық оқиғалар қамтылған. Энци­клопедия Қазақстан хал­қының тарихи санасын, тарихи білімін, отаншылдығын нығай­туға оң әсер ететіні даусыз. Бұл еңбекті дайындау бары­сында шығармашылық топ энци­клопедиялар дайындаудың әлем­дік тәжірибесін және заманауи технологияны пайдалануға ба­рын­ша тырысты. Алайда қаржы­лық шектеулерге байланысты кітапқа енгізілген суреттер ақ-қара бояумен берілді. Энциклопедияға қазіргі қазақ ұлтының негізі болған көне тай­палар, этникалық топтар мен халықтар және олар құрған мем­лекеттер жайындағы мәліметтер археология, тарихи антро­поло­гия, нумезматика ғылымдарының соңғы жетістіктеріне сүйеніп жазылды. Сақ, массагет, скиф, ғұн, үйсін т.б. тайпалардың өмірі, шаруашылығы, географиялық ортасы, этникалық ерекшеліктері туралы қысқа, нұсқа, түсінікті мәліметтер беріледі. «Біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда барамыз?» деген саналы азаматты толған­дыратын сұрақтарға осы еңбектен толыққанды жауап алуға болады. Бүгінгі Қазақстан орналасқан Еуразия кіндігіндегі қазақ жері ықылым замандардан бері біздің бабаларымыз өмір сүрген, туып-өскен ата-мекенінің терри­ториясы екенін мыңдаған факті дәлелдейді. Сондай-ақ бұл еңбекте қазақ халқының дәстүрлі қолөнері, салт-жоралғылары, сакралды (киелі) ұғымдары, үй-мүліктері, киімдері, шаруашылығының негізгі сегменттері туралы этникалық ақпарат барынша жан-жақты қамтылды. Энци­клопедияның әр томына орта есеппен 1 500-дей мақала енгізіл­ген. Үш жылда осындай зор көлемдегі 3 томдық энциклопедия дайындау –шығармашылық топтың зор жетістігі. Энци­клопедияның таралымы – 1 000 дана. Кітап еліміздің барлық ірі кітапханаларына таратылады. Бұл еңбекті мектеп, колледж, ЖОО оқытушылары тарих пәнін оқытуды сапалы деңгейге көтеру мақсатында пайдалана алады.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ